Құқық | Право

Әлсіздердің жолы жабылып, мықтыларға есік ашылды

   Өткен сәрсенбіде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарын қорытындылап, судьялардың кеңейтілген кеңесін өткізді. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың баяндамасымен басталған алқалы жиында еліміздің сот жүйесін жетілдіру мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесі мен болашақта атқарылуы тиіс жұмыстар жайлы айтылды. Онлайн режимде өткен жиынға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева, Жоғары сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров қатысты.

Жақып Асанов Жоғарғы Сот төрағасы ретінде осымен төртінші рет өткізіп отырған кеңес отырысының қортындысына көз жүгіртсек, соңғы бір жарым жылдың бедерінде сот жүйесін жетілдірумен байланысты біраз жұмыс атқарылған. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда жүзеге асқан шаралар жетерлік. Мысалы, Жақып Асанов 2007 жылдың қорытынды жиынында «Сот жүйесінің 7 түйіні» бағдарламасы қолға алынып, осының айналасында «Түнгі сот», «Отбасылық сот», «Татуластырушы-судья», «Судья көмекшісі» секілді көптеген қанатқақты жобалар өзінің қоғамға қажеттілігін аңғартып үлгерді. Осылайша, кейінгі жылдардағы сот жүйесіндегі реформалардың аңдатпасына қысқаша тоқталған еліміздің бас судьясы Жақып Асанов бұл жолғы жиынның ерекшелігіне тоқталды.

«Ыңғайсыз» сұрақтардың «ыңғайлы» жауабы бар

Құлаш-құлаш баяндама оқып, жыпырлаған цифрларды жіпке тізгенді жөн көрмейтінін бұрын да ескерткен бас би рейтинг қуып, жұмысының сапасын жалаң сандармен бағалайтын әріптестерінің әрекетін «…Өте қауіпті. Олар рейтингті сот төрелігінен жоғары қояды» – деп қатаң сынға алды.  Сондықтан болар, Ж.Асанов өз баяндамасында «сот осы уақытқа дейін не тындырды?» деген сұрақтың егжей-тегжейіне барған жоқ.  Есесіне, «біз бүгін өзімізді қарапайым азаматтардың орнына қойып, сот қызметіне солардың көзімен қарап, олардың бізге қоятын «ыңғайсыз» сұрақтарына жауап берейік» деп мәселені төтесінен бастады. «Судья болу үшін танысың немесе ақшаң болуы керек», «соттар күш құрылымдарының ықпалында, соттар мемлекет мүддесін жеке адамдардан жоғары қояды» – деген сияқты ел арасында кең тараған пікірлерге қатысты өз ойымен бөліскен төраға пікірінше үш түрлі мәселе жиі алдыдан шығады. Біріншісі, қылмыстық сот төрелігі, екіншісі, жеке тұлғалар мен мемлекеттің, бизнестің төңірегіндегі дауларға қатысты, соңғысы сот кадры мен жемқорлық.

Біріншісі бойынша азаматтар соттар бәрін түрмеге тоғытып жатыр, ақтау үкімдері аз десе, екіншісі бойынша судьялар прокурорлар мен тергеушілердің жетегінде жүр деген біржақты пікірлерді жатқызуға болады. Енді, осы аталған сыни пікірлерге ЖС төрағасы келтірген деректермен тойтарыс беріп көрелік. Мысалы, соттар бәрін соттап жатыр, ақтау үкімі аз дегенге келсек, 2017 жылы республика соттары 28 ақтау үкімін шығарса, биыл жыл басынан бері 152 ақтау үкімі шыққан. Оның ішінде ауыр қылмыстар бойынша 2017 жылы 13 ақтау үкімі шықса, биылғы жылдың алты айында бұл 88 іске жеткен. Және бір дәлел келтірсек, сәл ертеректе судьялар әрбір екінші айыпталушыны бас бостандығынан айырған. Ал, қазір бұл көрсеткіш 25 пайыздан аспайды екен.  Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан түрмедегі тұрғындарының саны жөніннен әлемде үшінші орынды иеленсе, биыл 95 орынға тұрақтаппыз.

Келесі уәж соттардың бүйірі жеке адамдарға қарағанда, мемлекеттік органдардың көбірек бұра ма? Сот төрелігінде бизнес өкілдерінің мүддесіне басымдық беріле ме? Жоғарғы Сот төрағасы онлайн жиында қазақстандықтардың бұл пікіріне қарсы дауласпайтынын айтты. Өйткені, соңғы үш жылдағы статистика бойынша әр үш шешімнің екеуі мемлекеттік органдардың немесе бизнестің пайдасына шешілген.

Ал, ел аузында көп айтылатын, судьялардың жұмысына қатысты сынға келсек, төраға сот жүйесінде кадр мәселесі ең өзекті екенін айтып, сотта кездейсоқ адамдардың қызмет етіп келгенін де жасырмады. Десек те, қазіргі таңда сот кадрларына деген тәртіп қатаң. Мысалы, бұған дейін жылына 7-8 судья ғана орнынан алынса, соңғы алты айда 20 судья қызметінен шығарылған. Сол сияқты, ертеректе жылына бір, ары кетсе екі судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалса, 2019 жылдың басынан бері 8 судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.

 

Жаңа заңдар жалаң сөзге жан бітірді

Төрағаның айтуынша, өткен жылдан бері ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен көптеген шаралар өткен. Оның ішінде тікелей эфир арқылы ел назарына ұсынылған оннан астам онлайн жиын бар. Міне, осындай онлайн шаралардан соң халық арасында айтылатын «Жоғарғы Соттың басшылары неге көп сөйлейді? Сөзден іске неге көшпейді?» деген сияқты сыни мазмұндағы пікірлерге де жауап берген Жақып Асанов мұның өзіндік себептерін атап көрсетті. «…Ең бірінші себебі біз өзімізге қажетті бағдарламаны жазғаннан кейін, жағдайды жақсарту үшін біраз заңдарды өзгеру қажеттілігі туды… Кейбір мемлекеттік құрылымдар бізбен келіспей, қарсылық білдірді. Сондықтан біз көп «сөйлеуге» мәжбүр болдық» деп түсіндірді. Өткен жылдың қараша айында өткен соттардың алқалы жиынында Елбасының еліміздің сот жүйесіне қаратып айтқан қатаң сыны мен нақты тапсырмаларынан соң біраз заңдар ҚР Парламентінің қос палатасы қарауына түсіп, олардың бірқатары қабылданып, күшіне енген. Нақтырақ айтқанда, сот жүйесінде қолға алынған реформаларға жан бітіретін жаңа заңдар қабылданып, іске аса бастаған. Яғни, төраға келтірген мәлімет бойынша, бұған дейін Парламентте алты заң жобасы қабылданып, қолданысқа енсе, бұдан бөлек қазіргі таңда сот саласымен сабақтас тағы жеті заңның жобасы депутаттардың қарауында екен.

 

Судьяның жүгін көтере алмағандар немесе бұрынғы кадр мәселесі

Осылайша, көптің көкейіндегі күдік пен ыңғайыз сұрақтардың түйінін тарқатқан бас судья «жалпы сот жүйесіндегі ең өзекті проблема не?» деген сауалды күн тәртібіне қойып, аталған сауалға өзі: «сот жүйесінің бір-ақ проблемасы бар деп айтатын болсақ, ол – судьялық кадр мәселесі» деп жауап берді. Оның үстіне сот жүйесіндегі кадр құрамын жақсарту Елбасының назарында тұрған ең негізгі түйткіл екені баршамызға аян. Төрағаның түсіндіруінше, биылға дейін елімізде мықты заңгерлерін судья лауазымы еш қызықтырмаған. Себебі, олар жүктемесі мен жауапкершілігі зіл батпан, айлығы шайлығынан аспайтын судьялардың қиын жұмысынан хабардар. Тіпті, күні кешеге дейін еліміздің құқыққорғау саласында қазылармен иық тіресіп қызмет етіп жүрген прокурорлар мен адвокаттардың өзі судья болғылары келмеген. Олай болса, бұған дейін «судья лауазымына үміткер ретінде конкурстарға қатысып, қазы болуға ниет білдірген кімдер?» Бұл сауалға жауапты Жақып Асанов «…олардың басым көпшілігі соттағы техникалық қызметкерлер. Сот хатшылары» деп қысқа қайырды. Бұдан әрі ол жылдар бойы сот жүйесінің ең маңызды проблемасы судья лауазымына деген сұраныстың төмендігі салдарынан туындағын бірқатар мәселелердің бетін ашты. Мәселен, жоғарыдағы судья болуға ниет білдіріп, конкурсқа қатысып, іріктеуден ойдағыдай өтіп, қазы атанғандардың бірсыпырасы сот жүйесінің жүктемесін көтере алмай, жасы зейнетке жетпей жатып өз еріктерімен қызметтен кетуге мәжбүр болған. Олар Жоғарғы сот кеңесінің «бұл қалай?» деген сұрағына жалақының аздығы мен жеке өмірге уақыт таба алмай қалғандықтарын сылтау еткен екен. Сонымен қатар, судьялардың мерзімінен бұрын өз еркімен қызметтен кетуіне қызмет бабымен еліміздің маңызды қалалары Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент немесе облыс орталықтарына ауысуында, жоғары лауазымдық қызметке тағайындау кезіндегі сот жүйесінде әділдіктің болмауы да көптеген судьялардың қызметімен қош айтысуына түрткі болған. Десек те, мұның барлығы енді өткен шақтың еншісіндегі проблемалар.

 

Үміткерлерге төраға да көмектесе алмайды

Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановтың сөзімен түсіндірсек, бүгінде судья болу оңай емес. Бұл қалай десеңіз, Елбасының қатаң сыны мен тапсырмасынан кейін қабылданған заңдардың пәрменінің арқасында судьяларға қатысты мәселелердің түйіні тарқап, сот кадры бір жүйеге келтірілген. Яғни, өткен жылдан бастап судьяларды іріктеу тәртібі қатайған. Болашақ қазыларды таңдаудың жаңа стандарты сот жүйесіне ең мықты мамандардың келуіне жол ашып отыр. Судьялықтан үміткер бірнеше сатыдан тұратын сынақтардың барлығынан сүрінбей өткеннен кейін Жоғарғы Соттың жеті, сегіз судьясының алдында сұхбаттасуға келеді. Тек осыдан кейін ғана үміткердің судья болу, болмау мәселесі шешіледі. Демек, судьяларды іріктеудің жаңа тәртібі әділдік пен ашықтыққа негізделгендіктен, мұнда сізге Жоғарғы Сот төрағасының өзі көмектесе алмайды. Бұл туралы сәрсенбідегі онлайн жиында бас судьяның өзі: «…мен сіздерге мойындайын, қазір маған: «Жақып Қажыманұлы, маған судья болуға көмектесіңізші» десеңіздер де, бұл менің қолымнан келмейді» – деп ағынан жарылды. Осы орайда, ол судьяларды іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылғалы жоғарыдағыдай «өтініштердің» сап тыйылғанын да жасырмады. Судьялыққа іріктеудің қатаң әрі әділ жаңа тәртібіне қатысты әңгімені төраға «бір сөзбен айтқанда, біліксіз, кездейсоқ заңгерлердің судья болуына жол берілмейді!» деп түйіндеді.

 

Жалақы өсіп, жүктеме азайған

Сондай-ақ, Ж.Асанов соңғы кезеңдегі қабылданған жаңа заңдардың арқасында сот жүйесі тағы қандай жетістікке қол жеткізгендігі туралы баяндады. Яғни, сот жүйесін жетілдіруге бағытталған қадамдар бірі судьялардың жалақысын көтеру болатын. Биылдың өзінде елімізде қазылардың айлығы айтарлықтай көбейіп, бұрынғыға қарағанда олардың жұмысы біршама жеңілдеген. Мысалы, соңғы он жылда үздіксіз еселеніп келген судьялардың жүктемесі үстіміздегі жылдың мамыр айында алғаш рет азайған. Ал, енді біз бұған қалай қол жеткіздік дегенге келсек, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларының тағы бірі судьяларды басы артық жұмыстардан босатып, жүктемесін азайтуға бағытталған еді. Сот жүйесіндегі осы өзекті проблеманы жоюдың бірден бір жолы соттардың қарауына тек даулы істерді қалдырып, соттан тыс шешуге болатын істерді басқа да баламалы жолмен шешу. Яғни, бұған дейін басқа мемлекеттік органдардың міндетін қоса атқаруға мәжбүр болған соттар енді тек даулы істерді ғана қарайды. Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, сот қызметіндегі жүктемесі азайып, жалақының көбеюі әсерінен биылғы жылы сот қызметіне қызығушылық екі есеге артқан. Бұрындары мықты заңгерлер судья болудан қашса, қазір олар керісінше қазылардың қатарына қосылғысы келеді. Сол сияқты, биыл өз еркімен қызметтен кетуге ниет білдірген судьялар да жоқтың қасы деуге болады. Кезінде өз еркімен қызметтен кеткен судьялар да соңғы кездегі сот жүйесіндегі жағымды өзгерістерді көріп қайта оралып, конкурстарға қатысуда екен. Бұл жаңа судьяларға қатысты жаңалық.

Ал, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатқан судьяларға келсек, алдағы қыркүйек айында жоғарыда аталған жаңа жүйе бойынша олардың әрқайсысының қызметінің сапасына баға беру басталады. Озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп қабылданған бұл жүйенің әдістемесі үстіміздегі жылдың шілде, тамыз айында бекітіледі. Сөйтіп, қыркүйекте басталатын судьялардың қызметін бағалауды ең мықты, абыройлы, тәжірибелі судьялардан жасақталған арнайы комиссия жүзеге асырмақ. Белгілі болғандай, биылғы жылы дәл осы сынақтан 434 cудья өтеді.

Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,

«Заң газеті»

Комментарий