Жаңалықтар | Новости

42500 теңге төлеуге негіз жоқ — Мырзахметов бизнесті қолдау туралы

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қоғамдық тамақтану саласының қызметкерлеріне 42500 теңгеден төлеуге негіз жоқ екенін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қызметін тоқтататын немесе шектеу енгізілетін кәсіпкерлер не істейді? Қандай көмек көрсетіледі? Алматыда бұл мәселе шиеленісіп тұр. Қоғамдық тамақтану саласында адамдар жалақысыз қалады. Қызметкерлерге ақшаны кім өтейді?», — деп сұрады журналист ОКҚ брифингінде.

Абылай Мырзахметов қоғамдық тамақтану жұмысына қатысты енгізілген қазіргі шектеулерді қатаң деуге келмейді деп жауап берді.

«Соңғы қаулыда, әсіресе Нұр-Сұлтан бойынша кинотеатрлар мен фитнес-орталықтар жабылды, ал енді Ashyq-та 2 тамыздан бастап осы қызмет түрлері, бильярд және компьютер клубтарының жұмысына рұқсат беріледі. (…)

Оны локдаун деуге келмейді. Әрине, шектеулер бар, бірақ әзірге ол демалыс күндерінің шегінде ғана. Бәріне Ashyq бойынша жұмыс істеу құқығы беріледі, толық тоқтау жоқ. Демалыс күндері бизнесте шығын болатынымен келісемін. Бірақ ТЖ немесе локдаун деуге болмайды. Әзірге 42 500 төлеуге құқықтық негіз жоқ», — деді ол брифингте.

Ол шектеулерге байланысты табыстан айрылу жағдайын түсінетінін айтты. Бірақ «соған қарамастан бес күн бизнесмендер жұмыс істей алады».

«Біз бұл апта туралы келістік. Бір аптадан кейін Ashyq-қа қатысушыларға жағдай жақсарады. Егер Ashyq арқылы жұмыс істейтін кәсіпкер болсаңыз, түн ортасына дейін жұмыс істеуге рұқсат болады…

Бұл ұзақ мерзімге емес, егер жағдай тұрақтанса, әрі қарай қозғаламыз. Сондықтан әзірге мұндай сұрақтар қойылмайды. (…) Бір апта жұмыс істейік, жағдайды бақылап отырамыз», — деді ол.

Комментарий