Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Бала тағдырына ата-ана жауапты

Судьяның заң мен арға сүйеніп ой қорытып, шешім қабылдайтыны белгілі. Заң — басты сүйенеріміз. Десек те, ақ пен қараны ажыратып, тура төрелік етуде ішкі түйсіктің де жанама көмегі барын мойындауымыз керек.

Әр іс, әр шешімнің мінсіз болуы үшін судья барын салады. Бүкіл деректі ой елегінен, жүрек таразысынан өткізеді. Сондайда дауласып отырған азаматтардың сөз саптауы, көпшілік орында өзін-өзі ұстауы өскен ортасынан, бала күнгі алған тәрбиесінен терең хабар беріп тұратынын айта кеткен орынды. Өйткені кез келген бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Жалпы отбасылық құндылықтың арзандап, бала тәрбиесінің назардан тыс қалуы үлкен мәселелердің туындауына түрткі болуда.

Ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деген екен. Осы сөздің дәлдігіне шүбә келтіру қате. Әрі бұл тағылымды ой ұрпағының ертеңіне алаңдаған елдің тәрбиеге ерекше мән бергенін көрсетеді. Қазақы отбасының құндылығы да, артықшылығы да осында еді. «Би бол, би болмасаң да би түсетін үй бол!» деп ұрпағын ізгілікке үндеген халқымыз баланың бойына мейірімнің дәнін еккен, сонымен бірге, болған іске болаттай мықты, кемшілікке кешіріммен қарайтындай кең болу қажеттігін үндеген. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дала тәрбиесінің осындай тамаша формуласы соңғы жылдары бұзыла бастағаны рас.

Дамыған елдер тәжірибесін сүзгісіз қабылдау өз менталитетімізден алыстатқаны тағы шындық. Әйтпесе «Ата тұрып бала сөйлегеннен без» деп тәрбиеленген халықтың ұрпағы қазір сот алаңында өзара дауласып жүрер ме еді?! Бүгінде ағасы мен інісінің, әкесі мен баласының, анасы мен қызының барлық, байлық үшін тартысып, болмашы пенделіктен бас тарта алмағанын көріп жүрегің ауырады. Үлкендердің айтқан бір ауыз сөзін көтере алмай, сот арқылы кешірім сұратып, көлемді қаржы өндіріп алуды аңсайтындардың көбеюі де көңілге алаң түсірмей қоймайды. Бұрын мұндай мәселенің бәрі сырт көзден тыс, отбасының өз ішінде шешілетін. Ал қазір әкенің қаһарынан, ананың жанарынан ықпағандар бір ауыз сөзбен түйінделетін мәселені жалпақ жұртқа жария етіп, сот алдына шығаруда. Мұның астарында үлкен түйткіл жатыр. Оны отбасындағы тәрбиеден бөліп қарау әсте мүмкін емес.

«Біздің балалар — біздің қарттығымыз. Жаман тәрбие — болашақтағы қайғымыз, бұл — біздің көз жасымыз, бұл — басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз» деген екен кәсіби педагог, зерттеуші Антон Макаренко. Сол айтпақшы, ата-ананың өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға залалын тигізетін, ұятқа қалдыратын ұрпақ қалыптаспауы үшін ұлттық тәрбиеге көңіл бөлу керек. Ал сол тәрбиенің бастауы болар отбасыға қатысты түйткіл жеткілікті. Әсіресе соңғы жылдары ажырасудың көбейгені белгілі. Жастардың некеге, жанұялық одаққа жеңіл қарауының салдары ауыр. Өйткені бұл мәселе тек ерлі-зайыптыларды ажырастырумен шешілмейді. Ажырасудың соңы ортақ мүлікті бөлу, балаға алимент тағайындау, баланың кіммен қалатынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу сияқты толып жатқан сот процестеріне ұласады. Осының бәрінен зардап шегетін ең басты тұлға — бала. Ата-анасы соттасумен уақыт өткізген, одан кейін тіршілік үшін күндіз-түні жұмыс істеген баланың қадағалаудан тыс қалатыны анық. Ал қадағалаусыз бала

қылмысқа ұрынуы, күмәнді топқа қосылуы мүмкін. Тәрбиесінде де ақтаңдақ аз болмайды. Баласын анда-санда көрген әкесі алимент төлегенін, ара-тұра бірге қыдырып, қалағанын әпергенін тәрбиемен шатастырып жатады. Анасы болса баласының тойып тамақ жегенін, ештеңеден қыжалат болмағанын тәрбие деп есептейді. Шын мәнінде балаға материалдық құндылықтан, жан жылуы, жүрек жылуы қымбат. Оған алимент әке болмайды. Әкесінің аялы алақанын сезініп, анасының мейіріміне шомылып өскен баладан асқан бақытты жан жоқ.

Қылмысқа барған жасөспірімдердің 90 пайызы толық емес отбасында өскендер дейді статистика. Бұл дерек ажырасуға бел буғандарды ғана емес, бүкіл қоғамды ойландыруы керек. Бүгінгі бала — ертеңгі біздің болашағымыз. Болашағымыз жарқын болсын десек, отбасылық құндылыққа, ұл-қызымыздың тәрбиесіне көңіл бөлгеніміз жөн.

Әсет Боранбаев,

Алматы қаласы

Медеу аудандық сотының төрағасы

Комментарий