Жаңалықтар | Новости

Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды: Қосшы қала статусына ие болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы” жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

“Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

Ақмола облысының Целиноград ауданы одан Қосшы ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын.
Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын.
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі”, – делінген жарлықта.

Айта кетейік, 2020 жылы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қосшы енді ауыл ретінде өмір сүре алмайтынын, елді мекен облыстық маңызы бар қала бола алатынын мәлімдеді.

2021 жылғы сәуірде Қосшы ауылын облыстық маңызы бар қала санатына жатқызу туралы Президент Жарлығының жобасы жария талқылауға шығарылды.

Қосшы ауылы – Целиноград ауданы аумағында орналасқан елді мекен. Жалпы ауданы – 2 413 гектар. Қосшы ауылы елорданың оңтүстік-батысындағы ең ірі елді мекендердің бірі саналады.

Комментарий