Жаңалықтар | Новости

«Сәби үйінің» қызмет ауқымы кеңейген

«Сәби үйі». Бұрын осы атауды естісек, көз алдымызға тастанды балалардың мекені елестейтін. Қазір Қызылорда облыстық мамандандырылған «Сәби үйінде» кімдер тәрбиеленуде? Біреулер жалғыз өзі тағдырдың тауқыметін көтере алмай, баласын қалдырады. Ата-анасы бар балалар да сырқатынан айығу үшін осында жүр. Ана мен баланы ажыратпай, аяқтанып кетуіне қолдау білдіріп отырған мекемеге арнайы барып, балалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Мекеме ережесіне сай біз балалармен кездесе алмадық. Әйтседе сәбилерге сая болып отырған ошақтың бас дәрігері, жоғарғы дәрежелі педиатр Гүлсім Ержановамен әңгімелестік.

− Гүлсім Естайқызы, мекемеде қандай балалар тәрбие алуда?

− Ешбір ана тоғыз ай құрсағында кө­терген сәбиінен қол үзгісі келмейді. Тағдырдың тәлкегі, тұрмыстағы ауырт­палық, баланың сырқат болып туылуы секілді түрлі себептерден бала жапа ше­геді. Баласына қарап, үйінде отырайын десе, баспанасы жоқ, тамақ тауып жұ­мыс істейін десе, баласын қалдырар жері жоқ, осылай шырылдап жүрген аналар көп. Тіпті балаға дұрыс қарай алмай, ауыртып алғандары да бар. Тұрмыстық жағдайы қалыпты болса да, дамуында кемшілігі бар баласына оңалту шараларын алғысы келетін ата-аналар бар. Бізге келетін жандардың тағдырлары сан қилы. 2012 жылы 7000 шаршы метр аумаққа жаңа ғимаратқа көшкен мекемеде 60 бүлдіршіннің ем алуына жағдай жасалған. Қоғамда тастанды балаларды азайту, мүмкіндігінше ана мен баланы бір-бірі­нен айырмау мақсатында мемлекет қамқор­лық танытып отыр.

− Қандай мамандар қызмет көрсе­теді?

− Мекемеде бүлдіршіндерге емдеу, профилактикалық реабилитациялау жұ­мыстары жолға қойылған. Мультидис­цип­линарлы тобы құрылды. Құрамына педиатр, невропатолог, реабилитолог, аудит, логопед, эрготерапевт т.б. ма­ман­дар жұмыс істейді. Облысымыз­дағы денсаулығында мүмкіндігін шектей­тін өзгерістері бар, ақыл-ойы мен дамуын­да тежелуі бар балаларға үздік­сіз оңалту емін жүргізу мақсатында Қы­зылорда облысының денсаулық бас­қармасы басшысының бұйрығына сай, «Балаларды оңалту тобы» ашылды. Он­да физиотерапиялық ем үшін бөлім­дер толық заманауи аппараттармен жаб­дықталған. Әсіресе швед тақтасы, биоптрон, алмаг, теплон, шарикті құр­ғақ бассейндер, аулада 3 бассейн гидроте­рапияға арналған. Монтессори бөлімі толық жабдықталған, мұнда зейінін тұ­рақ­тандыру, ұсақ моториканы дамыту, балаға өз жұмысын басқаруға көмектесу, негізгі түстерді айыра білуге үйрету сабақтары тұрақты түрде жүргізіледі.

− Бүгінде көп балалар анық сөй­лемейді. Мұндай балалармен логопед мамандарының жұмысы жолға қойыл­ған ба?

− Балаларға логопедиялық, медико психологиялық, педагогикалық көмек көрсету жұмысы жолға қойылған. Облыс әкімшілігінен қаражат бөлініп, 2020 жылы заманауи жабдықталған «Сенсорлық бөлім» іске қосылды. Сенсорлық бөлмеде тұрақты түрде жаттығулар жасалынып, көру, есту, иіс сезу, түйсіну т.с.с. мүше­лер­дің сезімталдығын арттыруға, сезім арқылы түйсіну, психикалық процестерді дамытуға толық мүмкіндік жасалған. Өзі секілді балалармен бірге ойнап, ән айтып, тақпақ жаттап, тәтті тілдерімен қуантып жүр.

− Заманауи қондырғылар қыруар қаржы тұрады. Демеушілер бар ма?

− Әрине демеушілік көмектерді тар­ту және гуманитарлық көмекпен меке­меге екі оттегі конденсаторы алын­ды. «Septer» компаниясының ауа тазарт­қыш ылғандандыратын құралын» және «Еңбек-Жер» серіктестігінің демеуші­лігімен «Биоптрон PRO-1» қуаттылығы жо­ғары құрылғысы игілігімізге әкелініп, бала­лардағы тыныс алу жүйесі ауру­ла­рын емдеуге, алдын алуға көп әсерін ти­гізуде. Аурушаңдықтың алдын алуда, аллергиялық ауруларды емдеу, бронхо-өкпелік дерттерді емдеу, алдын алуға, сондай-ақ алдағы уақытта «Тұзды шах­та» салуға демеушілік көмек ұйымдасты­рылуда.

− Ғимаратта балалардың қауіпсіз­дігі үшін қандай жағдай жасалған?

− Тәрбиеленіп жатқан балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2020 жы­лы топтардың барлық бөлмелеріне зама­науи бей­не­бақылау камералары орнатылған. Отбасылық өмірден алыстамас үшін әр топқа тұрақты түрде тәрбиешілер бекі­тілген. Облыстық мамандандырылған сәби үйінің жұмысы құзырлы органдар тара­пынан тексеріліп тұрады.

− Жуырда ЮНИСЕФ балалар қоры­ның өкілі сіздерге арнайы келді. Жұ­мыс­тарыңызға қандай баға берді?

− Қызылорда облысы бойынша азап­таулардың алдын алу мамандары об­лыс­тық мамандандырылған сәби үйі­не жыл сайын тексеріс жүргізіп, жыл са­йын балалардың өмір сүру деңгейінің, сәби үйі қызметкерлері тарапынан көр­се­тіліп жатқан қызмет сапасының ар­тып жатқанын өз анықтамаларында көр­се­теді. ЮНИСЕФ балалар қоры да біздің елімізде балалар тағдырына белсенді араласады. Қордың өкілі Артур ван Ди­зен ресми сапармен келіп, облыстық мамандандырылған сәби үйінің ты­нысымен танысып, өте жақсы деген баға беріп кетті.

− Алға қойған қандай мақсаттары­ңыз бар?

− Біз барлық сырқат баланы сауық­ты­рып, анасына қосқымыз келеді. Бала­лардағы өкпе ауруларының алдын алу үшін «Тұзды шахта» бөлмесін дайын­дауды жоспарлап отырмыз. Тұзды бөл­менің − емдік қасиеті бұрыннан белгілі. Балалар бронхит, жүрек аурулары, не­вроз, демікпе және аллергия сияқты ау­рулардан айығады. Сондай-ақ тыныс жолдарын микробтардан қорғайды. Бөл­мені жабдықтауға демеушілер қол­дауы қажет болып тұр.

− Сұқбатыңызға рақмет!

P\S: Сәби үйі балаларға уақытша сая болғанымен, балаға туған анасының ыстық құшағы, мөлдір махаббаты қа­жет-ақ. Тағдыр қыздарымызды тура жолдан тайдырып, таяқтамаса екен. Тұрмыс тауқыметін бөлісер ерлер де бала алдында жауапкершілік сезінсе де­ген тілекпен елжіреген жүрегімізді қо­лы­мызға ұстап, балаларға бақыт тілеп шықтық.

Гүлбану МАҚАЖАН

Сурет:  Нұрболат Нұржаубайдік

 

Комментарий