Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

«Татуластыру: сотқа дейін, сотта»

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қарапайым халықтың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғап, елде заң үстемдігін орнатуға мүмкіндік беретін бастамаларды үнемі қолданысқа енгізіп келеді. Жаңа бастамалар азаматтардың сот алаңындағы әуре-сарсаңын азайтуға, сот шығындарын кемітуге, уақытты үнемдеуге бағытталған. Соның ішінде Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен тәжірибеге енгізілген «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының мақсаты айқын, міндеті зор болды.

Бұл құжаттың қалай өмірге келгені барша азаматтардың көз алдында. Жақып Қажыманұлы жобаны қолға алмас бұрын сот саласының жұмысына қатысы бар, құрылымның дамуына енжар қарамайтын азаматтарға үндеу жариялап, өздері байқаған кемшіліктер мен жетістіктерді ортаға салып, ұсыныс, тілектерді тыңдап, қарауға дайын екенін білдірген болатын. Жоғарғы Сот төрағасының мұндай ашық диалогқа шығуы халыққа да ұнағаны анық. Оны санаулы уақытта төрағаға жолданған хаттар, ұсыныстар санының көптігінен байқауға болады. Президент әкімшілігі, парламент депутаттары, құзырлы орын өкілдері, заңгерлер мен ардагер судьялар, қызметтегі судьялар тарапынан түскен сын, ескертпе, ұсыныстың бірде бірі ескерусіз қалған жоқ. Осы ұсыныстар негізінде «Сот төрелігінің жеті түйіні» деп аталатын ауқымды жоба өмірге келді. Яғни, бұл стратегиялық бағдарламаның авторы халық деуге әбден негіз бар.

Бұл бағдарлама бойынша көптеген пилоттық жобалар қолға алынды. Соның ішінде елдегі даукестікті төмендетіп, сот жүктемесін кемітуге, тараптар арасындағы татулықты сақтауға бағытталған «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасының шоқтығы биік.

Бітімгершілікті басты қағидаға айналдырған пилоттық жоба бойынша атқарылған іс-шаралар аз емес. Бұған дейін елімізде медиативтік келісімдер санын көбейтіп, оны заңдық тұрғыдан қолдау мақсатында «Медиация туралы» заң қабылданды. Азаматтық процестік кодекске татуластыру туралы арнайы тарау қосылып, бітімге келтірудің әдістері мен ауқымы кеңейді. Елімізде медиация кабинеттері, орталықтары ашылды, кәсіби медиаторлар шоғыры қалыптасты, Өңірлерде Билер кеңесі құрылып, адвокаттардың тараптарды татуластыруына жол ашылды. Ал «Татуласу: сотқа дейін және сотта» қанатқақты жобасы аясында тараптардың дауласу деңгейін төмендету, дау тудыратын жағдайларды шешу арқылы тараптар арасында тұрақты қарым-қатынас қалыптастыру көзделіп отыр. Яғни, жоба мәселенің салдарына емес, себебіне үңілуді, сол арқылы сауатты шешім қабылдауды басты ұстанымына айналдырған.

Өмірде бітімгершілікке келіп, келісіммен жасалған жұмыстың берекесі бар. Дауды ұзартып, көбейткен халыққа да тиімсіз. Соған орай татуластыруға атсалысып жүрген судьялар тәжірибесін бөлісіп, осы салада белсенді қызмет етіп жүрген адвокат, медиаторды ынталандыру да кезек күттірмейді.

Жалпы «Татуласу: сотқа дейін, сотта» қанатқақты жобасы аясында атқарылып жатқан шаралардың халыққа пайдасы зор. Жоба бұдан кейін де оң нәтиже беруі үшін ақпараттық жұмыстарды көптеп жүргізу керек.

Райхан Сартаева,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий