Жаңалықтар | Новости

Жаңа жағдайға бейімделген Jinalys Room

Коронавирус өмір салтымызға өзгеше заңдылықтар енгізді. Осыған байланысты экономиканың барлық салалары үшін бейнеконференциялық байланыс қызметтеріне қажеттілік туындады. Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы күнделікті бейнеконференциялық байланыс трафигі 535 пайызға өскен. Қазіргі таңда бейнеконференциялар жай ғана қосымша жаңалық емес, маңызды бизнес-құралға айналды.

Осыған байланысты ҚазҰУ-дың IT-мамандары Әл-Фараби open-source шешімдер базасында Jinalys Room веб-қосымшасын әзірледі.

Jinalys Room – бұл онлайн режимдегі конференциялар, кеңестер, баяндамалар және жазбалар қоймасы жүйесінің функциялары бар қазақстандық бейнеконференциялық байланыс сервисі. Ол онлайн оқыту, хабарлама алмасу, сондай-ақ корпоративтік ақпараттық жүйелермен интеграциялау үшін әртүрлі API-сервистерді қолдайды. Негізгі мақсаты – қосымша бағдарламалық жасақтаманы орнатпай, онлайн оқытуды қамтамасыз ету. Сондай-ақ университеттің серверлік инфрақұрылымында инсталляция өткізу мүмкіндігі бар. Бұл деректердің қауіпсіздігін және бейнетрафиктің локализациясын қамтамасыз етеді.

Университетіміздегі деректерді талдау және өңдеу орталығының мамандары бұл жоба қоғамдық қажеттіліктен туындағанын айтуда.

– Дүниежүзілік пандемия басталған тұста барлық кәсіпорындар онлайн режимде жұмыс істеуге көшті. Осы кезде бизнестегі ұйымдастыру шаралары, педагогикалық бағыттағы сабақтар онлайн-конференция өткізетін платформаға мұқтаж екенін көрдік. Өйткені алғашқы кезде шетелдік интернет-трафикке жүктеме көбейіп кеткендіктен, Zoom секілді сервистерді пайдалану қиындық туғызды. Сондықтан қазақстандық серверде орналасқан жүйе қажет болды. Ол бейнеконференцияның рөлін атқарып қана қоймай, Univer сияқты оқыту жүйесінің функцияларын да қамтуы керек деген ойға келдік. Қазіргі таңда Jinalys Room Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің корпоративтік жүйесімен және Univer жүйесімен интеграцияланған, – дейді орталықтың жүйелік әкімшісі Шыңғыс Рабат.

Оның айтуынша, оқу ордасының кез келген қызметкері өзінің есептік жазбасы арқылы платформаға тіркеле алады. Digital in the Round сервисінің сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 98 пайызы қашықтан бейнеконференциялық байланыс арқылы жұмыс істеу өнімділіктің жоғарылауына әкеледі деп сенетінін көрсеткен.

– Біздің ендігі жоспарымыз – Jinalys Room-да Platonus, Moodles, Kundelik секілді басқа да LMS (learning Management System) жүйемен бірге бір экожүйе құру. Студент пе, оқушы ма, маңызды емес. Мәселен, Kundelik-тен бірден Jinalys Room-ға өте алатындай мүмкіндік жасау туралы идеямыз бар. Әрі барлық мәліметтер бір жерде жинақталады. Сонымен бірге пайдаланушы Jinalys Room-дағы бейнежазбаны Univer жүйесіндегі сілтеме арқылы өтіп көре алады, – дейді ол.

Аталмыш жобаның сұранысқа ие болатын мүмкіндігі мол. Мұны мынадай деректермен дәлелдей аламыз. Мәселен, өткен жылы әлемдік бейнеконференция нарығының құны 7,87 миллиард долларға жетті. Ал 2019 жылы 3,85 миллиард долларды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 6,03 миллиард доллар деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. 2021 жылға арналған бейнеконференциялық байланыс статистикасына сәйкес, 2020 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде нарықтың орташа жылдық өсу қарқыны 11,45 пайызды құрайды. Кейбір болжамдарға сүйенсек, 2026 жылға қарай бұл нарық 9 миллиард доллардан асуы мүмкін.

Орталық мамандары Jinalys Room-ның артықшылығы локализация екенін алға тартты. Өйткені серверлердің барлығы Қазақстанда орналасқан.

– Zoom – шетелдік сервер, сәйкесінше байланыс та шетелдік трафик арқылы орнатылады. Ал біздің жағдайда жергілікті серверлер пайдаланылатындықтан, артық жүктеме болмайды. Біз әр қаланың өзінде жеке сервер болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл жылдам мәлімет алмасуға, шығын көлемін азайтуға, тұрақты байланыс орнатуға септігін тигізеді, – дейді Шыңғыс Жексенбейұлы.

Оның айтуынша, ІТ-мамандары жобаны әлі де жетілдіру үстінде.

– Мысалы, қазір сауалнама модулін қосу үшін бағдарлама жасаушылар жұмыс істеуде. Бұл арқылы кез келген ұйымдастырушы немесе мұғалім онлайн-кабинетке кіріп, сауалнама жүргізе алады, Google Forms секілді. Ұйымдастырушы онлайн-конференция барысында сауалнама жүргізіп, дер кезінде нәтижесін көре алады. Одан бөлек, сұрақ-жауап жүргізіп, мини-тест жасауға, қызметкерлердің ой-пікірін білуге, ұжым арасында дауыс беруге болады. Бір сөзбен айтқанда, сауалнаманы өз қажеттілігіңізге байланысты жасай аласыз. Пайдаланушы оның уақытын, жауаптың дұрыс-бұрыс нұсқаларын өзі таңдайды, – дейді Шыңғыс мырза.

Jinalys Room Univer жүйесімен біріктірілген, сол себепті сабақ кестесі негізінде онлайн-бөлмелер жасақталады. Мұғалім әр сабақта жеке-жеке бөлмелер құрып отырмайды. Егер Univer жүйесіне тіркелген болсаңыз, сізде бірден кесте бойынша сабақтар ашылады. Аудиторияны таңдаған секілді сабақты таңдап, кіріп қатыса бересіз. Сонымен бірге инженер-талдаушы Мадияр Тасболатов бұл жерде «жабық бөлме» құруға болатынын айтты. Яғни сіз пайдаланушылардың тізімінен адамдарды таңдап, тек сол кісілерді ғана бөлмеге кіргізесіз.

– Jinalys Room open source шешімдер негізінде жасалған. Пилоттық режимде Jinalys Room арқылы ректораттағы жиналыстарды өткізіп көрдік. Жиынға бір мезетте 170 адам қатысты. Одан бөлек, бірнеше апта бойы Jinalys Room арқылы онлайн режимде студенттер сабақ өтті. Нәтижесінде қатысушылар арасында сауалнама жүргізіп, пікірлерін білдік. Платформаны пайдаланған азаматтар өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Болашақта оның барлығы ескерілетін болады, – дейді Мадияр Даниярұлы.

Оның айтуынша, Jinalys Room-ның тағы бір артықшылығы – ештеңені жүктеп, орнатып отырмайсыз, браузер болса, кез келген құрылғы арқылы қосылуға болады. Бейнеконференция барысындағы байланыс орнатудың қиындықтары жайында шетелдік басылымдар да жазып жүр. Мәселен, бейненің уақытты ысырап ету проблемаларын айтуға болады. Егер техникалық баптаулар пайдаланушы үшін қиын әрі түсініксіз болса, жиналысқа бөлінген уақыттың 30 пайызы ысырап болады екен. Сондықтан ҚазҰУ мамандары даярлаған жоба көптеген бизнес-құрылымдар немесе мемлекеттік мекемелер үшін ұтымды шешімдер ұсынады. Сонымен бірге мұндай бейнеконференциялар уақыт пен ақшаны үнемдейтінін де ескерген жөн. Өйткені пайдаланушылардың жартысына жуығы бейне қоңырау опцияларын пайдалану арқылы іссапарларды қысқарта алады. Бұл туралы Digital in the Round өз сараптамаларында айтып өткен. Ал Doodle-дің 2019 жылғы есебінде жиындарға жұмсалған уақыт статистикасы кездесулердің нашар ұйымдастырылуына байланысты жыл сайын 399 миллиард доллардан астам қаражат жоғалатынын көрсетеді.

Қазіргі таңда Jinalys Room жобасына мемлекет тарапынан авторлықты куәландыратын ресми құжат та берілген. Ақпараттық жүйеге jinalysroom.kz сайтына өтіп қосыла аласыз.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бейнеконференциялық байланыс құралдарының артықшылығы:

  • Бейнекездесулер өнімділікті 50 пайызға арттырады.
  • 2020 жылы бейнеконференцияның күнделікті трафигі 535 пайызға өсті.
  • 2021 жылы әлемдік бейнеконференция нарығының құны 6,03 миллиард долларға бағаланады.
  • Кездесулердің нашар ұйымдастырылуы жылына 399 миллиард доллардан астам шығынға әкеледі.
  • Адамдардың 90 пайызы бейнеге түсіргенде өз көзқарасын оңай білдіреді.
  • Қызметкерлердің 76 пайызы қашықтан жұмыс істеу үшін бейнеконференцбайланыс қолданады.
  • 2020 жылдың бірінші жартысында Skype-қа күн сайын 40 миллион қолданушы қатысты.

Комментарий