Қоғам | Общество

Әлімжеттікке кешірім жоқ

Әлімжеттікке кешірім болмауы тиіс. Егер үлкендер кішіге, әлділер әлсізге күш көрсетіп, өзінің дегенімен жүргізсе, әлемді әділетсіздік жайлар еді. Мұндайда халықтың ертеңге деген үміті азаяры анық. Өзін демократиялы, зайырлы мемлекет санайтын елдердің бәрінде тұрғындарды алалауға, адамның ұлтына, тіліне, жынысына, қызметіне, әлеуметтік жағдайына байланысты белгілі бір артықшылық алуына тыйым салған. Соның ішінде әйелдер мен балаларға жасалатын қамқорлық ерекше.

Мысалы, өзіміз үнемі үлгі тұтып, алыстан бақылайтын батыс елдерінде әйелдер мен балаларға әлімжеттік жасаушыларға жаза қатаң. Тіпті, бұл елдерде қиянатты көре тұрып, жағдайға бейжай қараған адамға да арнайы жауапкершілік жүктелген. Әйел-баланы соққының астына алып, таяқпен тәрбиелеп жатқандарды көрген жандар міндетті түрде құзырлы орындарға хабарлауы тиіс. Өйтпеген жағдайда айналасына бейжайлық танытып, әлсіздердің көмек сұраған дауысын елемегендер арнайы жазаға тартылады.

Бізге де осындай заңды енгізсе артықтық етпейді. Олай дейтініміз, қазір қоршаудың ар жағынан көмек сұраған жанға қол ұшын созбақ тұрмақ, көз алдымызда соққыға жығылған әйел-баланы көрсек те арнайы мекемелерге қоңырау соғуға асықпайтын болғанбыз. Керісінше, біреудің қайғысын таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, өзіміздің танымалдығымызды арттыруға тырысатынымыз бұлтартпас шындық. Сондықтан, айналасының қайғысына жүрегі ауырмайтын жандарды да тәртіпке шақыратын заң керек.

Адэлина ИСКАКОВА

Комментарий