Жаңалықтар | Новости

Жаңа реформалар жүйе жұмысына серпін беруде

Тәуелсіздік алғалы азаматтар құқығын қорғау тетіктері барынша жетілдіріліп келеді. Мемлекеттік биліктің үш тармағы, яғни, заң шығару, атқару және сот билігі арнайы заңмен нақтыланды. Қазақстан судьяларының тәуелсіздігіне Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасымен кепілдік берілді. Ел азаматтарының құқықтары мен бостан-дықтарын сот арқылы қорғау, судьялар дербестігі жаңа деңгейде қамтамасыз етілді. Сала жұмысын оңтайландыру шаралары жаңа реформалар арқылы үздіксіз жалғасуда.

Елімізде соттарды мамандандыру мәселесіне назар аударылып, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі, т.б. мамандандырылған соттар құрылды. 2007 жылы аса ауыр қылмыстарды алқабилердің қатысуымен қарайтын институт енгізіліп, сот төрелігіне халық өкілдері тартылды. Сот ісін баламалы негізде халықтың өзін қатыстыра отырып жүргізу мақсатында 2011 жылы Медиация туралы заң қабылданды. Осылайша дала данагөйлері қалыптастырған құқықтық нормалар сабақтастығын жоғалтпай, билер сотының озық үлгілері заман талабына сай жаңғыртылды. Соттарда тергеу судьясы іске кірісіп, инвестициялық дауларды қарайтын сот өндірісі жұмысын бастады. Бұған қоса «Астана» халықаралық қаржы орталығы және онда шетел судьяларының қатысуымен дауларды қарайтын қаржы соты құрылды. Биылғы жылы әкімшілік соттар жұмысқа кірісті. Мамандандырылған соттар әділ шешім шығару мен сот істерінің сапалы қарастырылуын қамтамасыз етудің кепілі болуда.

Бес сатылы сот жүйесі уақыт өте келе өзінің тиімсіздігін байқатты. Соған орай, үш сатылы сот жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әуре-сарсаңын азайтып, соттар жұмысын оңтайландырды. Саладағы тың реформалар соттың заңдық базасын нық қалыптастырғанын да айта кеткен жөн. Қылмыстық, Қылмыстық процесстік, Қылмыстық атқару, Азаматтық, Азаматтық процестік, т.б. кодекстер жаңартылып, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған жолдауында “Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс” деген болатын. Бүгінде соттар жұмысы ашық әрі қолжетімді, судьялар мәртебесі жоғары. Судьяларды іріктеу, даярлау және мансаптық жоғарылату шаралары жетілдіріліп, судьялық жас мөлшері 30-ға ұлғайтылды. Кадрларды іріктеудің барлық кезеңі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Қазақстанның Судьялар одағы “Халықаралық Орта Азия судьяларының қауымдастығы” мен “Халықаралық заңгерлер одағына” кіріп, “Халықаралық судьялар ассоциациясына” толыққанды мүше болды.

100 нақты қадам ұлт жоспарында міндеттелген тапсырмалардың бірі – соттарды аудио-бейне жазу құралдарымен қамтамасыз ету болса, бұл шара да толықтай іске асты. Мысалы, сот жүйесінің жетілдірілген интернет-

ресурстары, тараптарға SMS-хабарлама жолдау, “Сот құжаттарымен таныстыру”, “Істерді қарау тізімі”, “Сот кабинеті”, т.б. сервистер жұмыс істейді. Соттармен ақпараттық технологияларды қолданудағы тағы бір жетістік ретінде сот отырыстарын қашықтықтан бейнеконференц байланыс арқылы өткізуді атауға болады. Әлем халқын алаңдатқан қазіргідей пандемия жағдайында сот процестері қашықтықтан өткізілуде. Ақпараттық технологиялардың ашықтықты қамтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да ықпалын тигізуде.

Жүйе жұмысындағы озық жобалар бүгінде оң нәтиже беріп жатқанына ел куә. Мысалы, ҚР Жоғарғы Соты төрағасының тікелей бастамасымен соттар жұмысын одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндет айқындалды. Яғни, “Сот төрелігінің жеті түйіні” аясында – “Әділ процесс”, “Е-СОТ”, “Үлгілі сот”, “Сапалы нәтиже”, “Оңтайлы орта”, “Мінсіз судья”, “Сотсыз татуласу орталығы” болып бекітілді. Бұлар өз кезегінде “Виртуалды сот”, “Түнгі сот”, “Отбасылық сот”, “Татуластырушы-судья”, “Судья көмекшісі”, “Татуласу: сотқа дейін, сотта”, соттан тыс татуласу орталықтары, фронт-кеңселер және тағы басқа қанатқақты жобаларға жол ашты.

Мемлекетімізде жасалып жатқан ізгі бастамалар сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етумен қатар, халықтың жүйе жұмысына деген сенімін қалыптастыруда. Заңның үстемдігі азаматтар соттың әділ шешімін алған кезде ғана қамтамасыз етілетінін ескерсек, ұлттық сот төрелігі заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықтың сенімді кепілі бола білуде деуге толық негіз бар.

Нұрлан Калиев,

Наурызбай аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий