Жаңалықтар | Новости

Журналистер дербес деректерді субъектінің келісімінсіз жинай алады

 Мемлекеттік органдар мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен  «Қазақстанда дербес деректерді қорғауды реттеу» тақырыбында онлайн-талқылау өтті. Елімізде 2014 жылдан 2020 жылға дейін шамамен 80.000 материал мен интернет-ресурсқа шектеу қойылды, бірақ іс жүзінде дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы 28 материал ғана бұзған — деп атап өтті сарапшылар.  Шараны интернет саясаттың азаматтық бастамасы қолдауымен Құқықтық саясатты зерттеу орталығы (LPRC), Сорос-Қазақстан қоры, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырды.

2020 жылдың маусым айында цифрлық технологияларды реттеу, оның ішінде дербес деректерге қатысты қазақстандық заңнамаға түзетулер енгізілгенін білеміз. Заң жобасы бойынша, азаматтардың келісімінсіз жалпыға қолжетімді ресурстардан алынған дербес деректерді жинауға және таратуға тыйым салынады.

Цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар тобының мүшесі, «Құқықтық медиа орталық» ҚҚ директоры Диана Окремованың айтуынша, жаңа заң жобасында журналистер мен БАҚ өкілдері үшін субъектінің келісімінсіз дербес деректерді жинаумен айналысуға мүмкіндік беретін норма қалады.

«Бұл бюджеттің дұрыс жұмсалуын тексерумен айналысатын блогерлер мен белсенділер үшін өте пайдалы норма. Жаңа түзетулерде ақпаратқа қол жеткізу құқығы мен құпиялылықты қорғау құқығының тепе-теңдігі сақталуы маңызды. Біз болашақта «қоғамдық мүдде» және «жария тұлға» ұғымдарының енгізілуін талап ететін боламыз. Өйткені халықаралық практикада қарапайым азаматтар мен жария тұлғалардың құпиялылығын қорғау дәрежелері әртүрлі. Шенеуніктер қоғамдық қызығушылық туындап жатса, олардың жеке өміріне араласа алатынымызды, жеке шекарасы бұзылатынына дайын болуы керек», — дейді Диана Окремова.

Жеке деректерді қорғау барысында, азаматтардың құқықтары шектелуі мүмкін — дейді цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар. Мәселен, қоғамдық орындарда суретке түсіру мәселесі әлі де шешілмей отыр.

«Ұзақ келіссөздерден кейін өз бейнесін пайдалану құқығына қатысты тұжырымдаманың кестесі құрған болатынбыз. Өкінішке орай, түзетулердің үшінші нұсқасында бұл норманы алып тастады. Ол жерде , тек журналистер ғана емес, кез-келген Қазақстан азаматы қоғамдық орында түсірілген суретті субъектінің рұқсатынсыз қолдана алады. Мемлекеттік қызметкерлер қызметтік міндеттерін орындау кезінде  құқық бұзушылық жасаса оның келісімінсіз фотосуретін пайдалануға болатыны меңзелді»,— деп атап өтті  Құқықтық медиа орталықтың заңгері, ұлттық және халықаралық медиа-құқық саласындағы сарапшы Гүлмира Біржанова.

Онлайн талқылауға цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар тобы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі қатысты. Сондай-ақ, Грузия мен Эстонияның дербес деректерді қорғау жөніндегі инспекторлары  Қазақстандағы жағдайды бағалайтын құжаттарын ұсынды.

Құқықтық саясатты зерттеу орталығының баспасөз қызметі

Комментарий