Жаңалықтар | Новости

ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАҒЫЛҒАН ДАБЫЛ

Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық –атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/18 мекемесі қызметкерлері мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғанның отбасын сақтап қалды.
Бұл  сотталған мекемеге өткен жылдың соңында жазасын өтеуге жеткізілген еді. Адам денсаулығына қарсы ауыр қылмыс жасағаны үшін 7 жылға  бас бостандығынан айрылған. Тағдыры түрмемен ұштасқанға дейін, құқық қорғау органдарында қызмет атқарған, үйленген, екі баланың әкесі атанған, – деп, мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ж.Сыдықов «басты кейіпкердің» бейнесін сипаттап отыр.
Бір ай бұрын мекемеге жұбайының некені бұзу туралы арызының көшірмесі келіп жеткен соң, жазасын өтеуші күрт өзгеріп қоя берген екен.  Айналасындағылармен бірде ашушаң болса, бірде мүлде тұйықтанып қалатынды шығарды. Туысқандарына таксофон арқылы телефон шалуды тыйып тастапты. Мінез-құлқындағы өзгерістерді байқаған жасақ бастығы бұл тұлғаның бойында бір мәселе туындағанын болжап, дереу психологтарға сотталғанмен әңгіме жүргізуге тапсырыс ұсыныпты.
Жасақ бастығының дабылы дер кезінде соғылған екен. Сотталған бастапқыда сырын ашпай, тұйықтығын жалғастыра берді. Бірақ, біздер де берілмедік, жеке бас ісіндегі құжаттарды шолуды жөн көрдік,  солайша, жұбайы ажырасуға арыз бергені белгілі болды. Бізге мәселе шеті ашылғанын аңғарған сотталған бізге ашылуды жөн көрді,- дейді мекеменің аға инспектор-психологы Венера Токтыбаева.
Оңаша әңгімеде сотталған үшін отбасы және балалары ең қымбат қазынасы, ендігі өмірінің мәні мен сәні тек солар екендігі, сол себепті, отбасынан айырылып қалса, бұдан әрі ғұмыр кешуінің маңызы жоқ екендігі анықталды.
Қайтымсыз салдардың алдын-алу үшін, сотталғанның өмірін және отбасын сақтап қалу үшін психологтар жаза өтеушімен алдын-ала оңалту әңгімесін жүргізіп, содан соң оған бейнебайланыс жүйесі арқылы жұбайымен және балаларымен жүздесу мүмкіндігін ұйымдастырды. Нәтижесінде, жұбайы бір  сәт  әлсіздікпен шарасыздыққа беріліп қойып, ажырасуға арызданғанын, ал кейінірек, жолдасы тәртібі дұрыс болса, бірер жылдан соң ертерек шығуды сұрай алатындығын білген соң некені бұзу ойынан айнығанын жеткізді.
Менің оқиғам өзгелерге сабақ болсыншы, бір жерге жария етіңіздерші. Ештеңе де кеш емес, тек ақыл мен сабырлылық қажет,  мекеме әкімшілігіне алғысым шексіз, – деп отбасын сақтап қалған сотталған ағынан жарылуда.
Мақала баспаға әзірленіп болғанша, жұбайынан некені бұзу туралы арызын қайтып алу жөнінде өтініш түскені белгілі болып, мәселе толықтай шешімін тапты.

Комментарий