Жаңалықтар | Новости

ІШКІ ТУРИЗМ: САНҒА САПА ҚАШАН ҮЙЛЕСЕДІ?!

Туризм саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі географиялық орналасуы мен саяси және экономикалық жағдайына байланысты әр елде әрқилы. Туризм және саяхат бойынша дүниежүзілік кеңестің (WTTC) есебіне қарағанда, әлемдік экономикадағы туризм саласының үлесі 2019 жылы – 10,4 %, 2020 жылы – 5,5 % деңгейінде болды. Яғни, ондағы табыс 9,2 трл-нан 4,5 трлн долларға дейін азайды.

Коронавирус індеті таралғанға дейін жаңадан ашылған әрбір төртінші жұмыс орны мен бүкіл жұмыс орындарының 10,6 % (334 млн) туризм мен оған тікелей және жанама қатысы өзге де салалардың үлесіне тиетін. Былтыр ондағы жұмыс орны 18,5% немесе 62 млн адамға азайып, әлемдік экономиканың баяулауы 3,7 % құрады. Мәселен, WTTC деректеріне қарағанда саяхатшылар 2019 жылы өз сапарына 1,7 трлн доллар жұмсапты. Бұл халықаралық экспорттың 7% және қызмет экспортының 27,4% құрады. Ал былтыр саяхатшылардың өз еліне сапары 45 %, ал шетелге саяхаты 70% дейін азайған. Сарапшылардың айтуынша, шомылу мен жағажайдағы демалыс әлемде танымалдығы жағынан ең алдыңғы орында тұр. Туристердің ¾ өз демалысын суға жақын – өзен, көл, теңіз жағалауы мен теңіз саяхатында өткізгенді жөн санайды екен. Сондықтан Испания, Грекия, Тайланд секілді елдерге туристердің 70% теңіз жағасында демалу үшін барады. Суға қатысты демалыстың шомылу, күнге қыздырыну, жағажайда қыдыру, жағажай ойындары, серфинг, виндсерфинг, су көліктерімен серуендеу, балық аулау, су астында жүзу деген сияқты көптеген түрі бар. Сол себепті шомылу-жағажай демалысымен бірге саяжай, вилла, бунгал, кемпинг, трейлер таймшер жүйесі ғимараттары, палатка қалашықтары да қарқынды дамуда. Жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын Қазақстанда мұхиттармен шектеспегенмен, шомылу және жағажай демалысына қажетті біз жоғарыда атап өткен ерекшеліктердің бәрі бар. Ал бұл мүмкіндікті біз қалай пайдаланып жатырмыз?

Балқаштың болашағына болжам
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін 0-ден 5% дейін жеткізу үшін республиканың әр өңірінде туристік орталықтар құруға арналған түрлі бағдарлама, жоба, жоспар, тұжырымдамалар аз қабылданған жоқ. Алайда оның көпшілігі тек қағаз жүзінде қалды. Соның бірі – Қазақстандағы ең ірі көл саналатын Балқаштың жағасында 2015 жылы құрылыс толық аяқталады
деп жоспарланған «Балқаш-Нұрсая» халықаралық сауықтыру-туристік орталығы. 2008 жылы 11 шілдедегі ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасында да аты аталған бұл жобаны «Балқаш-Нұрсая» компаниясы мен «Прогресс» қазақ-жапон іскерлік қауымдастығы бірлесіп жүзеге асыруға тиіс болатын. Бұл үшін Приозерск қаласы маңынан 370 га жер бөлінген болатын. Жобалық құны 420 млн долларға бағаланған бұл нысан іске қосылған кезде күніне 15-18 мың адамды қабылдап, жылдық табысы 90 млн долларды құрайды деп айтылды. Соның нәтижесінде 5-6 жылда өз құнын ақтайды деп үміт артылған жобаның киіз үй қалашығы үлгісіндегі бірінші кезеңі 2010 жылы ашылып, ал 2015 жылы орталық толықтай іске қосылады деп жоспарланған. Соның нәтижесінде 3 мыңдай адам жұмыспен қамтылатыны да жария етілді. Шомылу маусымы 5 айға созылғанымен, жылдың барлық уақытында Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдерден келетін демалушыларды қабылдап, саяхатшылардың көңіл-күйін табу үшін түрлі қызмет түрін ұсынуға қауқарлы деп бағаланған жобаның бірінші кезеңі сәтті басталғанымен, әлемдік қаржылық дағдарысынан кейін сол күйі қалып қойды. Бір кездері Жапония, Корея, Қытай, Ресей сияқты шетелдерден арнайы ат арытып іздеп келіп, қызығушылық білдірген инвесторлардың
да бүгінде аты да, заты да ұмытылған. Автотрассадан 8 км, әуежайдан 20 км, темір жолдан 23 км жерде орналасқан орталықтың болашағы бір кездері қандай жарқын болса да, қазір көмескіленіп, мүлде ұмыт қалды. Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағында жатқан көлдің жағалауында демалыс орны қазір де аз емес, алайда демалушылар санын млн-дап санайтын жағдайға әлі жеткен жоқ. Дегенмен Мемлекет басшысы бастап, үкімет қоштап 2025 жылға дейін туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін 1-ден 8 % дейін жеткізу үшін соңғы 5 жылда қарқынды түрде мол қаржы жұмсалуда. «Ештен кеш жақсы» дегендей мемлекет пен жеке сектордың әріптестігін қолдау шаралары өз жемісін беріп, жеке инвесторлардан да қомақты қаржы түсе бастады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, пандемияға қарамастан 2020 жылы курорттық аймақтардағы демалушыларды орналастыратын орындардың саны 40 %-ға ұлғайып, ал жеке нөмірлер 1,8 есе артқан. Қызмет көрсетілген адам саны 1,2-ден 1,7 млн-ға, ал жатын орынмен
қамтамасыз етудегі көрсетілген қызмет көлемі 17-ден 24,5 млрд теңгеге өскен. Туризм саласындағы негізгі капитал жеке инвестицияның көлемі 30 %-ға ұлғайып, 614,7 млрд теңгені құрапты. Биылғы жылы да 19 инфрақұрылымдық жобаға 40 млрд теңге бөлініп отыр. Жалпы, 1,1 трлн теңгенің жеке инвестициясымен 115 жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

Алакөл – көшбасшы
Қазақстанда 50 мыңға жуық көл болса, соның ең ірілері Балқаш пен Алакөл. Олардың едеуір бөлігі Алматы облысында жатқандықтан, жетісулықтар соңғы жылдары шомылу мен жағажай туризмінің көшбасшысына айналды. Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін Алакөл қазіргі таңда жазғы уақыттағы демалушылар үшін республикадағы ең тартымды орын болып тұр. Бюджетке туризм саласынан түсетін табыстың қомақты бөлігін беретін болған соң ол әрдайым екі облыстың әкімдерінің де басты назарында. Мәселен, көлдің Алматы облысына қарасты бөлігінде – 264, Шығыс Қазақстан облысына қарасты бөлігінде – 163 демалыс орны бар екен.
– Екі жыл бұрын Алакөлдің әсемдігін көрмекке келген бұқараның жалпы саны 1,5 млн-ға жеткен болатын. Былтыр ел аумағындағы пандемиялық ахуалға байланысты 798 мың турист айдынды мекенде демалды. Ал биыл мұнда 1 млн. турист келіп, құны 5 млрд 270 млн теңгенің сауықтыру қызметі көрсетіледі деп жоспарланып отыр. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 6 маршрут әзірленді. Жыл соңына дейін кәсіпкерлер есебінен 1310 орынды 10 нысанды қолданысқа беріп, аудан экономикасына 3,6 млрд теңгенің инвестициясын тарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда аудандағы 264 демалыс орны 23 336 демалушыға қызмет көрсетуде, – деді Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов. Оның айтуынша, Алматы облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бұл мекенге демалу үшін сахатшылар тек ел аумағынан ғана емес, алыс-жақын шет елдерден де келіп жатыр. Олар үшін Үшаралда әуежай да жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов те туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Алакөл – Шығыс Қазақстан облысының інжу-маржаны екенін айтып, биылғы маусымда Үржар ауданында 163 қонақ үй мен демалыс базалары саяхатшылаға қызмет көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ, 17 маусымнан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және Өскемен қалаларынан
қосымша пойыздар қатынап, вагондар саны 61-ге көбейіп, автобустар саны да артқанын хабарлады. Үржар әуежайын дағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда Embraer үлгісіндегі үлкен ұшақтар да қона бастамақ. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда соңғы 5 жылда Алакөл жағалауындағы орналастыру орындарының
саны екі есеге өсіп, қазіргі таңда 177-ге жетті. Олардың біржолғы сыйымдылығы – 12 мың төсек орынды құрап отыр. Соңғы 5 жылда жағалаудың инфрақұрылымын дамытуға және абаттандыру жұмыстарына 15 млрд теңге жұмсалды. Қазіргі таңда 3 ірі инфрақұрылымдық жобалар аяқталу сатысында. Атап айтқанда, жаңа электр жүйелері мен су құбырының құрылысы, Үржар әуежайын қайта құру жұмыстары. 2025 жылға дейін жағалауда кәріз жүйелері салынып, жағажайды бекіту жұмыстары жүргізілетін болады. Аталған жобаларға 20 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Елдің ғана емес, туризмнің дамуында да әлеуметтік инфрақұрлымның көрсеткіші маңызды рөл атқаратыны баршаған аян. Мәселен, автожол сапасының нашарлығы демалушылардың көпшілігінің келуіне қолбайлау болып отыр.
Егер жылда айтылып, жұртшылық тарапынан қызу талқыланып келе жатқан автожол сапасы мен теміржолдағы билет бағасына қатысты түйткілді мәселелер оң шешімін табатын болса, Алакөл жазғы шомылу маусымы кезінде ғана емес, жылдың өзге уақыттарында да саяхатшылар үшін ең тартымды туристік бағыт болып қала беретіні күмәнсіз. Бұл үшін онда мүмкіндік те, әлеует де жеткілікті.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий