Жаңалықтар | Новости

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТЕРГЕУШІ ҚЫЗ ТӨРГЕ ОЗДЫ

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты. Шараның мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімінде жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегіне офицер погонын табыстады.

Үздіктер қатарында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Амангелді Айтгүл Мұхитқызы бар.

Сыр елінің тергеу саласында қырағылық пен тегеурінді тіршілік етіп бастаған Айтгүл Мұхитқызы Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы. Қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған ол, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алған. Аталған жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен тәмәмдап, бүгінгі күні үздіктер қатарынан көрініп отыр.

«Елдігіміздің айбыны Елордамызда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер шенін салтанатты түрде алу мен үшін үлкен қуаныш. Бұған қоса, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтарын және әрбір отбасының тыныштығын қорғау жолындағы үлкен жауапкершілік.

Тәуелсіз Отанымызға, Қазақстан халқы мен оның Президентіне адал қызмет ету мен үшін басты міндет» – дейді жас офицер.

Аймақта қылмыстылық деңгейін төмендетуде тергеушілерге артылар жауапкершілік жоғары. Әсіресе білімді әрі тергеуден, тінтуден жалықпайтын, тапқыр жастардың жөні бөлек. Жаны нәзік болса да, тынымсыз тергеу ісінде Айтгүл де тәуір нәтиже көрсетеді деп сенеміз. Мерейлі сәтімен бізде тергеуші қызды құттықтап, сәттілік тілейміз!

Гүлбану МАҚАЖАН,
Қызылорда облысы

Комментарий