Жаңалықтар | Новости

Байден «дельта» штамына қатысты мәлімдеме жасады

АҚШ президенті Джо Байден әлі COVID-19-ға қарсы екпе салдырмаған америкалықтарды коронавирустың жұқпалы және қауіпті «дельта» штамынан қорғану үшін вакцина алуға шақырды, — деп хабарлайды Reuters.

Америкалық көшбасшы өз мәлімдемесінде елдің бірқатар штатында тіркелген деректердің жартысына коронавирустың «дельта» штамы себеп болғанын айтты.

«Миллиондаған америкалық әлі күнге дейін вакцина алмаған немесе қорғалмаған. Осыған байланысты оларға қауіп төніп тұр. Достарына, оларға қамқорлық жасайтын адамдарға қауіп төніп тұр. Бұл «дельта» штамының таралуына байланысты күрделі мәселеге айналды», — деді ол.

Байденнің айтуынша, вакцина алмағандар арасында инфекцияның одан әрі өршуіне жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар федерал агенттігінің, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары және басқа да агенттік сарапшылары басқаратын COVID-19-ға қарсы жедел әрекет ету топтары жұмылған.

«Бұл командалар штаттардағы нақты мәселелерді шешуге көмектеседі, жаңа штамның таралуын болдырмайды, анықтайды және соған жауап береді», — деді президент.

Саясаткер тілшілерге айтқан сөзінде халықты барлық қауіпсіздік шарасын сақтауға шақырды.

«Қазір тыныштала алмаймыз», — деп ескертті Байден.

Бұған дейін ДДСҰ Үндістанда табылған коронавиус мутациясы жаһандық деңгейде «алаңдаушылық» тудырды деген болатын. ДДСҰ өкілі мутацияланған инфекция бастапқы SARS-CoV-2 штамына қарағанда тезірек таралатынын атап өтті.

Комментарий