Жаңалықтар | Новости

Алакөл – қазақстандық туризмнің ең ірі орталығы

Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жатқан Алакөл қазіргі таңда демалушылар үшін республикадағы ең тартымды орын болып тұр. Бюджетке туризм саласынан түсетін табыстың қомақты бөлігін беретін болған соң ол әрдайым облыс әкімдерінің де басты назарында. Мәселен, көлдің Алматы облысына қарасты бөлігінде – 264, Шығыс Қазақстан облысына қарасты бөлігінде – 163 демалыс орны бар екен.

– Екі жыл бұрын Алакөлдің әсемдігін көрмекке келген бұқараның жалпы саны 1,5 млн-ға жеткен болатын. Былтыр ел аумағындағы пандемиялық ахуалға байланысты 798 мың турист айдынды мекенде демалды. Ал биыл мұнда 1 млн. турист келіп, құны 5 млрд. 270 млн.теңгенің сауықтыру қызметі көрсетіледі деп жоспарланып отыр. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 6 маршрут әзірленді. Жыл соңына дейін кәсіпкерлер есебінен 1310 орынды 10 нысанды қолданысқа беріп, аудан экономикасына 3,6 млрд.теңгенің инвестициясын тарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда аудандағы 264 демалыс орны 23 336 демалушыға қызмет көрсетуде, – деді Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов ауданның дамуы туралы өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, Алматы облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бұл мекенге демалу үшін сахатшылар тек ел аумағынан ғана емес, алыс-жақын шет елдерден де келіп жатады. Олар үшін Үшаралда әуежай жұмыс істеп тұр.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов те туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Алакөл – Шығыс Қазақстан облысының інжу-маржаны екенін айтып, биылғы маусымда Үржар ауданында 163 қонақ үй мен демалыс базалары саяхатшылаға қызмет көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ 17 маусымнан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және Өскемен қалаларынан қосымша пойыздар қатынап, вагондар саны 61-ге көбейтіліп, автобустар саны да артқанын хабарлады. Үржар әуежайындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда Embraer үлгісіндегі үлкен ұшақтар да қона бастамақ.

Елдің ғана емес, туризмнің дамуында да әлеуметтік инфрақұрлымның көрсеткіші маңызды рөл атқаратыны баршаған аян. Мәселен, автожол сапасының нашарлығына байланысты демалушылардың көпшілігі әлі күнге дейін Алакөлдің Алматы облысына қарасты аумағына барғанды жөн санайды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты аймаққа 2018 жылы жарты млн-ға жуық адам келіп, демалысқа 5,8 млн теңге қаржы жұмсаған. Ал Алматы облысындағы Алакөл ауданына қарасты аймаққа сол кезде 1,5 млн адам келген. Соған сәйкес олардың демалысқа жұмсаған қаржысы да бірнеше есе жоғары болды.

Мәселен, былтырғы пандемия кезінде Үржар ауданында демалушылар саны 40 мыңға дейін азайса, Алакөл ауданында бұл цифр 800 мыңға жуықтады. Егер жылда айтылып, жұртшылық тарапынан қызу талқыланып келе жатқан автожол мәселесі шешілетін болса, Алакөл жазғы шомылу маусымы кезінде ғана емес, жылдың өзге уақыттарында да саяхатшылар үшін ең тартымды туристік бағыт болып қала беретіні күмәнсіз. Бұл үшін онда мүмкіндік те, әлеует де жеткілікті.

 

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

Комментарий