Жаңалықтар | Новости

ЖАҢА ҒИМАРАТ БОЙ КӨТЕРДІ

Алматы қалалық № 60 мектеп-гимназиясына «Жөндеу Құрылыс» компаниясы қосымша үш қабатты ғимаратты белгіленген мерзімінен бір ай бұрын салып берді.

Гимназияның сыртқы қабырғасы заманауи сапалы құрылыс материалдарымен көмкеріліпті. Шеберлікпен түзу тартылған ақшыл жолақ біртұтас қоңырқай түсті ашып, өзіндік үйлесім тапқан. Аулаға ақ, қызыл түсті қалың тас ретімен қаланыпты. Еңселі ғимараттың жаңа технология жетістіктеріне иек артқаны көрінеді. Сыныптары кең, терезеден түсетін жарықты барынша пайдалану үшін көлемді электронды тақталар орнатылыпты. Парталары мен шкафтарының ені, биіктігі жалпы формасы стандартқа сәйкес жасалыпты.

Негізі, қандай істе де жауапкершілік жоғары. Құрылысқа бұл екі есе міндет артады. Елге деген құрмет те сапалы қызмет көрсетуден басталады. ҚРның «Құрметті Құрылысшысы», «ҚҰРМЕТ ОРДЕНІ» иегері Жандулла Абдимуратов басқаратын «Жөндеу құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясы бұл нарықта өздерінің бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті. Мамырдың соңғы күндерінде өзіміз куә болған кезекті жұмыс тәртібі кездесуіндегі тапсырыс берушінің ескертпелеріне құрылысшылар өзіндік пікірлерін қосып, ел игілігі үшін ортақ келісімге келіпті. Бұл да құрылыс компаниясының жұмысты жылдам, әрі сапалы бітіретін іскерлігін білдіреді. Құрылыс нысанын бастау үшін берілетін сараптама қорытындысы кейде алты-тоғыз айға созылады. Оған жобалық сметалық құжаты дайын нысанға республикалық бюджеттен қаражат бөлінгенше кезегін күтіп бір жылға таяу уақыт жатып қалатынын тағы қосыңыз. Сол уақытта құрылыс материалының құны еселеп өседі. Бұл істе осындай кедергілерге тоқтамаған компания құрылыс жұмысын талапқа сай, әрі белгіленген уақытынан кешіктірмей тапсырып отыр. Бұл құрылысшылардың адал жұмысының нәтижесі. Әрине, дерекке дәйектеме келтірсек, құрылысшылар уақытпен санаспай инженерлік жүйедегі мол тәжірибесін жауапкершілікпен, сауаттылықпен әрі ұтқырлықпен ұйымдастыра білді. Биыл Алматыда мемлекеттік тапсырыс бойынша жаңадан 8 мектеп және 17 жапсарлас мектеп салынып, оқу орны тапшылығы 75% қысқарады.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»

Комментарий