Жаңалықтар | Новости

Теміржан АЙТПАЕВ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі: «ҚОЛДА БАРДЫ ҰҚСАТА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ»

– Теміржан Ерқасұлы, картоп бағасының күрт өсуіне әлемдік нарықтың қандай да бір қатысы бар ма?

– Картоп бағасына қатысты қазіргі ахуалдың әлемдік нарыққа ешқандай қатысы жоқ. Ол ішкі нарықтық дүние ғой.

– Сонда ауыл шаруашылығына жарамды жерінің көлемі жағынан әлемдегі алдыңғы орындарда тұрған Қазақстанда картоп тапшылығы қайдан пайда болып отыр?

– Қазақстанда картоп егістігінің көлемі 30 жыл бұрын 200 мың гектар болса, қазіргі уақытта 205 мың гектарды құрайды. Одан былтырғы статистика бойынша 4 млн тоннадан астам өнім жиналды.Медициналық норма бойынша әр адам жылына 100 келідей картоп тұтынады. Яғни, бізге жылына 1,8 млн тонна тағамдық картоп, 750 мың тонна тұқымдық картоп керек. Сонда бүкіл Қазақстанға 1 жылға 2,5-2,7 млн тонна картоп қажет. Статистика бойынша картоп өндірісінің ішкі нарықты қамтамасыз етуі 150 пайыз. Алайда, биылғы жылы аяқ астынан елде картоп тапшылығы пайда болды. Меніңше, бұл кездейсоқ жағдай емес.

– Сіз айтқан картоптың бәрі сыртқа экспортталып кеткеніне менде үлкен күмән бар?

– Оныңыз рас. Егіс көлемі мен жиналған өнім көлемі және халықтың тұтынуы жағынан әлемде бірінші орында бидай тұр. Одан кейінгі орындарды күріш, жүгері, картоп алады екен.
Экономикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, жалпы, картоптың бағасы халыққа қолжетімді болып, шамамен 50-70 теңгеге шығуы керек еді. 400-500 емес, 200-300 теңгенің өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Яғни, менің ойымша картоп тапшылығының пайда болуының бірінші себебі статистика қате жасалады, екінші себебі картоп сақтайтын қоймалар жоқ, үшінші себебі өнімділік төмен. Енді оны түсіндіріп берейін. Әлемде картоптың орташа өнімділігі 1 гектарға шаққанда 18-19 тоннаны құрайды. Ал өнімділік үздік сорттарында 50-60 тоннаға дейін жетеді. Біздегі картоп өндірісінде бір нәрсені ескеру керек. Еліміздегі 205 мың тонна картоп алқабының 60 %-ы жеке адамдардың еншісінде. Үй жағдайындағы жеке қосалқы шаруашылықтың 35 % шағын және орта шаруа қожалықтарында да, тек 10 % ірі мамандандырылған шаруашылықтарда. Сондықтан 60 % жеке тұлғалар статистикаға басқаша әсер
етуі мүмкін. Қазір статистика қалай шығарылады? Олар көп жағдайда ауылдағы адамдардың бау-бақшасын есепке алады. Алайда, көп жерде су тапшы болғандықтан адамдар қазір картоп екпейді. Өйткені, бұрынғы арықтар бұзылып, орнына үйлер салынып кеткен. Ал статистиканы жасайтындар бау-бақша болғандықтан егеді деп жаза салады. Яғни, өндіріс статистикадан көрсетілгеннен аз болуы да мүмкін. Өздері екпеген соң халық күнделікті тұтынатын картобын базардан сатып алғандықтан баға да өседі. Бұрын 800- 1000 гектарға дейін егетін мамандандырылған ірі картоп шаруашылықтары болды. Олардың қоймалары, техникалары, мамандары болатын. Қазір ондай ірі шаруашылықтар аз болғандықтан өндіріс статистикада айтылып жүргеннен төмен болуы да әбден мүмкін. Өйткені, картоп қант, май не киім емес. Оны сақтап тұра алмайсың. Оның сақтау мерзімі ары кеткенде 7-8 ай. Ешкім оны ұзақ уақыт ұстап тұрғанға мүдделі емес. Сондықтан арнайы қоймасы жоқ адам несін сатады.

– Сонда өнімді сақтайтын қойма мәселесі қазір шынында да өте өзекті боп тұр ма?

– Мысалы 2020 жылы жиналған 4 млн тонна картоптың 60 пайызын шығарып тастасақ 40 пайыз шаруа қожалықтары 1,6 млн тонна картоп сақтау керек болды. Бізде одан бөлек 600 мың тоннадай капуста, 150 мың тоннадай пияз, 400 мың тонна сәбіз бар. Ал қазір біздегі көкөніс және жеміс өнімдерін сақтайтын қоймалардың жалпы сыйымдылығы 800-850 мың тонна ғана. Оның жартысы ескі. Ол негізгі азық-түлік түріне жататын 7-8 көкөніс пен жемісті былай қойғанда, картоптың жеке өзіне де жетпейді. Сондықтан оны кемінде 2 есе өсіру қажет. Оның өзі заманауи қойма болуы керек. Мемлекеттік субсидия 5-15 мың тонналық үлкен қоймаларға ғана арналған. Ондай ірі қойманың шаруа қожалықтарына қажеті жоқ. Оларға компьютермен басқарылатын 100-500 тонналық шағын қоймалар керек. Ал шалғайдағы ауыл, аудандарды былай қойғанда, Алматы сияқты ірі қаланың айналасындағы аудан орталықтарында әлі күнге дейін арнайы жабдықталған көкөніс қоймалары жоқ. Үкімет халық күнделікті тұтынатын негізгі азықтүлік өнімдерінің бағасын бақылауда ұстауы үшін арнайы қоймалар салып, оған жеткілікті көлемде өнім түрлерін сатып алып сақтайтын арнайы қызмет болуы тиіс емес пе? Әрбір аудан, облыс халқын есептеп, алдын ала қор дайындау маңызды.

– Бізде алдын ала тапсырыс беріп, өндірісті жоспарлаудың жүйесі бар ма?

– Картоп алқаптарының 15-20% мамыр-шілде айларында тұтыну үшін ерте пісетін, 10-15 % тамыз-қыркүйек айларында тұтыну үшін орташа пісетін, 45-70 пайызы қыста сақтау үшін ұзақ мерзімді болуы керек. Бұрын болған, ал қазір бізде ондай жоспар жоқ. Картоптың қымбаттауының тағы бір себебі – тұқым. Қазақстанда картоптың 137 сорты аудандастырылған. Оның 45 пайызы отандық. Алайда олардың өндірілетін көлемі аз болғандықтан, ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмайды. Шетелдік тұқымның 1 кг тасымалдауға кеткен шығынды қосқанда 500-600 теңге тұрады. Ал отандық тұқымның 1 кг-ы 120-150 теңге тұрады. Сондықтан отандық тұқым шаруашылығын дамыту керек. Әйтпесе, тұқым бағасы да өндірілген өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Бізде картопты ең көп егетін аймақтар Алматы облысы (45 мың га). Шығыс Қазақстан облысы (35 мың га), Павлодар, Ақмола облыстары (20-25 мың га) мен Қостанай облысы (10-15 мың га). Егер картоп екпейтін Атырау, Маңғыстау сияқты облыстар мен өзге де аудандар өз халқының сұранысын есептеп, өндірушілермен алдын ала келісімшарт жасап, соған сай қойма салдыруды өз мойнына алса, биылғыдай бағаға қатысты дау тумас еді.

– Саладағы түйткілді жағдайдың өзге де себебі көп секілді?

– Бұған дейін картоп арзан болған себебі сырттан көп келетін. Сондықтан, жергілікті билік өкілдері базарда толып тұр деп нарықтағы жағдайға талдау жасамады. Статистикаға да, қоймаға да, басқаға да мән бермеді. Қазір сырттан арзан картоп келмеген соң, баға күрт көтерілгенде, бәрі оны бірден түсіне алмай қалды. Жасыратыны жоқ бізде картоп жұмысы көбіне қол күшімен атқарылады. Егер арнайы техникалар жеткілікті болса, өндірушілерге маусымдық жұмыстар кезінде қосымша адам жалдаудың қажеті болмайды. Мәселен, қазір
1 гектар алқапты қазып техника жүріп өткен соң 20 адам тереді. Ал 1 гектарды 20 адам 1 күнде тереді. Бұдан бөлек қолданыстағы ескі қоймаға сақтауға алынған 1 тонна өнімнің кемінде 20 пайызы жарамсыз боп қалады. Ол да кейін бағаға әсер етеді. Картопты өңдеу мәселесі де көкейкесті боп қалуда. Оның қазір бізде тек 1 пайызы ғана өңделеді. Қайта өңдеу саласы дамыса фри, шипс, езбе (пьюре), крахмал сияқты дайын өнімдер шығаратын едік. Ал шетелде өңімді өңдеу саласының үлесі 90 пайызға дейін жетеді. Мәселен, крахмал ең көп алынатын дақыл жүгері (80 %) болса, одан кейінгі орында картоп (25 %) тұр. Егер арнайы өндіріс орны болса жеке шаруа қожалықтары жинаған өнімінің белгілі бір бөлігін сонда өткізер еді. Жалпы, кез келген өндіріс сияқты картоп саласы да тұрақты дамуы үшін жоспарлы түрде жүргізілуі керек. Қазір бізде ол өз бетімен дамуда. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін әрбір шаруа қожалығы өндірген өнімін қайда өткізетінін алдын ала біліп, жоспарлап отыруы тиіс. Ал бізде белгілі бір жүйе болмағандықтан өндірушілер өнімі өтпей қалса, келесі жылы егістік алқабын азайтып, тіпті мүлде картоп екпейтін жағдай орын алып жүр.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий