Жаңалықтар | Новости

БІРЛЕСТІКТЕР ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

«Қоғамдық бірлестіктер туралы» 1996 жылғы 31 мамырда қабылданған №3 ҚР заңы бойынша бірлесу бостандығына құқық адам мен азаматтың аса маңызды және конституциялық
құқықтарының бірі, оның іске асырылуы қоғам мүдделеріне сай келеді және мемлекеттің қорғауында болады. Қазақстанда саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ
мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған, заңдарға қайшы келмейтін басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады (2-бап).

Қоғамдық бірлестіктер азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғау, белсенділігі мен ынталылығын дамыту; кәсіби және әуесқойлық мүдделерін қанағаттандыру, ғылым мен техниканы және көркем шығармашылығын дамыту, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған табиғи ортаны қорғау; қайырымдылыққа қатысу; мәдени-ағарту, спорт-сауықтыру жұмыстарын жүргізу; тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау; патриоттық, құқықтық және адамгершілік тәрбие беру; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту; Қазақстан заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асыру мақсаттарында құрылып, жұмыс
істейді (5-бап). Қоғамдық бірлестік Қазақстан азаматтарының кемінде он адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады (10-бап). Заңның бұл талаптары бойынша елдегі
бүкіл ақын-жазушы, композитор, суретші, ғалым сияқты шығармашылық өкілдерінің құқы күзетші, аңшы, ит бағушы, етік тігуші, сағат жөндеуші, көше сыпырушы секілді өзге де кәсіп
иелерінің қоғамдық бірлестіктерінің құқымен бірдей. Бұл жерде ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі материалдық және рухани байлықты жасаушылардың ерекшеліктері назардан тыс қалғанын шығармашылық иелері БАҚ арқылы айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып, көрсетіп жатыр. Түрлі деңгейдегі заң шығарушы органдардың сайлауы кезінде де бұл мәселе үміткерлер тарапынан жиі көтерілгенімен, оның аяғы сиыр құймышақтанып кететініне халық та әбден үйренді. Сондықтан 23 маусымда Мәжілістің бір топ депутаты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған кезде оған елең еткендер аса көп болған жоқ. «Ақ жол» фракциясынан: Қ.Иса, А.Перуашев, А.Әбілдаев, Е.Барлыбаев, Б.Дүйсенбинов, С.Ерубаев, Д.Еспаева, А.Жұмабаева, А.Линник, Е.Өмірғали, М.Раманқұлов, А.Сембинов және «Nur Otan» фракциясынан: Ә.Әбсеметова қол қойған бұл сауалда 3 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты Парламент тарихында тұңғыш рет тек қана мемлекеттік тілде жиын өткізгені айтылды. Онда ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін ең алдымен өз болмысымызды
жат болмыстан қорғай білуіміз керектігі талқыланғаны сөз болып, жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі еске алынды.

– Рухани жаңғырудың негізі – ұлттық мүддемізді қорғайтын ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті. Әдебиеті мен өнері! Білім мен ғылымы! Яғни, ұлттың зиялы қауымы біріккен шығармашылық одақтар. Көзіміз жеткендей, іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші
болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатыр. Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьері Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол «Мәдениеттің шығындары қайда?» деп сұрайды. «Қайдағы мәдениет соғыс кезінде?» депті министр. Сонда Черчилль: «Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?» деген екен. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар шырылдауда,
қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей қалды. Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді. Мұндай, қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр. Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін жазушылар, композиторлар, суретшілер, театр, кино одақтары, яғни ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен …ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей. Мұндай, 22
мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Сондықтан, ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп білеміз.

Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде? Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз. Біздің ұсыныстарымыз: 1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек; 2. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін
жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет; 3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек» деді халық қалаулылары. Заң бойынша Ералы Лұқпанұлы олардың бұл сауалына 1 айдың ішінде жауап беруі керек. Ал өткен айдың соңында сессияны жауып, қыркүйекке дейін демалысқа кеткен заң шығарушы орган өкілдері енді бұл мәселені ұмытып кетуі де әбден мүмкін. Бұрын шығармашылық одақтар өз
саласындағы мамандардың басын бір орталыққа біріктіріп, барлық мәселені кәсіби тұрғыдан көркемдік кеңестер арқылы шешіп келген еді. Тәуелсіздік жылдары заң бойынша «Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктер істеріне және қоғамдық бірлестіктердің мемлекет істеріне заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың міндеттерін жүктеуге жол берілмейді» дегенмен, мұндай кәсіби кеңестерді құзырлы министрліктер не өзі құрмады, не мұндай өкілдікті шығармашылық одақтарға да сеніп тапсырған жоқ. Нәтижесінде радио желілері мен телеарна эфирлерінің мәтіні, мән-мағынасыз ән мен бейнебаяндар, өзге ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен идеологиясын насихаттайтын түрлі бағдарламалар мен сериалдар жаулап алуда. Ал өз халқының сұранысын қанағаттандыру үшін кәсіби мамандарды және олардың шығармашылық одақтарын қолдаудың орнына, нарықты сылтауратып өз күніңді өзің көр деп отырған заң шығарушы және атқарушы биліктің жауапкершілігін есіне салатын ешкім табылмай тұр.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстанда қазір 22 мың бей үкіметтік ұйым болса, оның оншақтысы ғана шығармашылық одақтар. Жазушылар, композиторлар, суретшілер, театр және кино одақтары секілді.
Олардың жағдайы қиын. Тұрақты қаржыландыру тетігі жоқ болғандықтан, бұл заңда да қарастырылмаған. Ұлттық тәрбие беретін одақтар мен ит үйрететін одақтардың мәртебесі бірдей. Мысалы, 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылықты қолдау қорын құруды тапсырды. Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылғанымен әлі толық жұмыс істей алмай тұр. Қорға көмек ретінде 27 жобаны атқару үшін 2020 жылы 257 млн теңге бөлінген. Бірақ сол теңге игерілмей қалды. Себебі конкурс талаптарына шығармашылық
одақтардың жіберген құжаттары сай емес дейді министрлік. Шығармашылық одақтар біз дұрыс жібердік дейді. Бұл айналып келгенде белгілі бір заңнамалық тетіктің жоқтығынан болды. Сондықтан шығармашылық одақтарға бейіндік емес ұйымдар ретінде үкіметтің стратегиялық серіктесі деген статус беру керек. Сонда олар өздерінің сыбағасын ала алады. Егер үкімет оны әлі соза беретін болса «Ақ жол» партиясы Мәжілістегі заңнамалық бастамашы құқығымызды пайдаланып, өзіміз қолға аламыз. Заңға өзгеріс енгізу мәселесі бұрыннан да айтылып келе жатыр. Мен жазушы, журналиспін, мамандығым – суретші. Мақалалар жазам, барлық одақтардың жұмысы маған таныс. Бұған дейінгі депутаттар оны мен сияқты ішінен білмегендіктен және оған қажеттілігі болмағандықтан көтермеген шығар. Тіпті кейбіреуі шығармашылық одақтың не екенін де білмеуі мүмкін.

Комментарий