Тағдыр | Судьба

«Тамұқтан» оралған қыз

Небары 25 жастағы Балжан – тозақтың ортасынан оралған адам. Сирия жерінен бір емес, екі баласын өмірге әкелген Балжан енді үшінші сәбиін күтіп жүр. «Бүлдіршінімді өз елімде өмірге әкелетініме қуанамын. Мен үшін Алланың ең ұлық сыйы – осы» дейді Балжан көзіне жас алып… «Жусан-2» операциясы аясында елге оралған Балжан қанды қасап ортасында өткерген бес жылының азапқа құрылған бес ғасырдай болғанын айтады.
Әуелі Египет, сосын Сирия

«Мен өзі Оралдың қызымын. 16 жасымда Құлсары қаласының (Атырау облысы) жігітіне тұрмысқа шықтым. Үйде тойдың ырымы жасалды. Өзге қалыңдықтар сияқты ақ көйлек кимедім. Үлкен тойдың жасалуына жолдасым қарсы болды. Себебі, екеуміз де ол кезде той жасауды харам деп түсінетінбіз. Күйеуім екеуміз бастапқыда Құлсарыда оның шаңырағында тұра бастадық. Кейін Атырау қаласына көшіп келдік. Күйеуім – үйінің тұңғышы. Бес баланың үлкені болатын. Әрі менен жеті жасқа үлкендігі бар. Колледжді, кейін институтты үздік дипломмен бітірген ол өте сауатты жігіт еді. Теңіз қалашығында жұмыс істеп жүрді. Сондықтан, мен күйеуімнің діни бағытта қателесіп жүргенін білмедім. Өзімді де тура жолдамын деп ойлайтынмын. Кейін Сирияда жүргенімізде білдім. Күйеуім Атыраудан жасырын түрде Абдуль Уахабтың (теріс ағымның негізін қалаушы) «Үш негіз» кітабы бойынша білім алған екен. Тұрғын үйлердің бірінде жасырын сабақ алған күйеуімнің алдымен Египет, кейін Сирияға бет алуына осы жағдай себеп болған.  Египеттің астанасы Каирде жолдасым жеке орталықтан сабақ алып жүрді. Мен әйелдерге арналған марказдардың бірінде оқыдым. Сөйтіп, араб тілін үйрене бастадым. Ол кезде әрине, оқуды аяқтаған соң елге аудармашы маман ретінде ораламын деп ойладым. Бірақ, арада сегіз ай өткенде күйеуім  Сирияға барып, халифат орнату жолында күресетінімізді айтты. Бұл 2013 жылдың сәуірі болатын. Осылайша, менің өмірімдегі ең үлкен қателік сағаты басталды» деген Балжан ұзақ үнсіз отырып қалды. Қаншама қайғы-қасіретке іштей тұншыққан кейіпкеріміз өзінің жастыққа мас болғанына өкінеді. «Жастықтың әсерінен болса керек, өзімнің тура жолда жүргеніме сенімді болдым. Екі сәбиімді сол қақтығыс ортасында өмірге әкелдім. Бастапқыда Сирияда соғыс қимылдары болған жоқ. Десе де, әскери дайындық лагерьлеріне әлемнің әр нүктесінен шетелдіктер ағылып келіп жатты. 2014 жылы біздің лагерімізге Башар Асадтың әскерилері шабуылдай бастады. Сол кезде бізге шегінуге тура келді. Осы уақытта ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым — Авт) жендеттері «шариғат заңдарынан тұратын мемлекет құру» туралы идеяны айтып, шеттен келген күшті тек өздеріне қызмет етуге шақырды.  Осылайша, белсенді қимылдар біз Ракка қаласына эвакуацияланғаннан кейін басталды. Яғни, ДАИШ құрамындағылар жақын маңдағы Шагдад елдімекенін басып алу жолында соғысып жатты. Басып алынған территорияға міндетті түрде әйелдер мен балаларды орналастырып отырды. Бірінші рейспен жеткізілгендердің арасында мен де болдым. Сөйтіп, 2014 жылдың мамырында тұңғышым Ілияс соғыс даласында өмірге келді. Көп ұзамай күйеуім жамбас сүйегінен ауыр жараланып қалды. Әрине, жолдасым толыққанды ем ала алған жоқ. Оған медициналық отряд қана көмек көрсетті. Яғни, бұл отряд Америка, Австралия, Филиппин, Индонезия сынды елдерден жалған идеологияға уланып келген дәрігерлердің тобы еді. Бір-біріміздің тілімізді түсінбегендіктен, өзара арабша ұғынысып жүрдік. Осылайша, соғыс жалғасып жатты. Арада екі жыл өткенде шабуыл күшейді. Сол себепті, біздер Ракка қаласына қайта эвакуацияландық. Осы жерде мен екінші сәбиімді, яғни, қызымды өмірге әкелдім. Қарша жауған оқтың арасында жүріп, өзімнің оңбай қателескенімді түсіндім. Бірақ, бәрі де кеш еді. Кері қайтарға жол жоқ болатын. Десе де, қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар ғой. Ұяттың барлығын жиып қойып әпкеме хабарластым.  Бұл үш жыл дегенде өз еліме алғаш рет қоңырау шалуым еді. Бірақ, әпкем маған қатты ашуланды. Көмектесуден бас тартты. Әкеме хабарласуға дәтім бармады. Бұл ДАИШ территориясына шабуылдың күшейген шағы еді. Американдық әскерлер біз бекінген лагерьлерде ақ фосфор қаруын сынап жатты. Ақ фосфор бомбасы ауаға тасталған кезде, әп-сәтте айнала өртке оранатын. Осындай сұмдықтың ортасында жүріп, 2017 жылдың аяғына қарай қайтадан елге қайтудың жолын тағы да іздестіре бастадым. Тіпті, осы кезде қашуға бекінген топ та пайда болды. Негізінен Атырау, Құлсары қаласынан келген қазақтар қашудың сызбасын да дайындадық. Құпия тобымыздың құрамында он бір ер мен он алты әйел бар еді. Бірақ, бірінші әрекетіміз сәтсіз аяқталды. Біздің тобымызды қолға түсірген ДАИШ жендеттері арамыздағы екі адамды өлім жазасына кесті. $5000 үшін опат болған Нұржамалдың оқиғасы Олар адамды өлтірудің өзіне «шығармашылық» жолмен келеді. Қаласа ата салады, қаламаса тамағын орып жібереді. Осы оқиғадан кейін ДАИШ-тің ішкі территориясында сұмдық оқиға болды. Қазақстанның үш әйелі өздерінің жерлестерін өлтірді. Ақша үшін! Азаппен көз жұмғандардың арасында менің құрбым Нұржамал да болды. Әлгі жерден қашып шығуы үшін Нұржамалға әкесі елден 5 мың АҚШ долларын жіберген болатын. Бұл ақпаратты біліп қалған әлгі әйелдер Нұржамалды өлтіріп, ақшасын ұрлап, қашып кетпек болған. Екеуі Ақтөбеден, біреуі Тараздан келген әйелдер бірігіп, қылмыс жасайды. Осылайша, 7 қыркүйек күні олар құрбым Нұржамалды, Алтын апаны және оның қызын жер жастандырды. Бірақ, қылмысты болған әйелдердің өздері көп ұзамай атылып кетті. Нұржамалдың артында төрт баласы аңырап қалды. Сол қиын-қыстау кезеңде балаларға Назгүл есімді атыраулық келіншек қамқор болып жүрді. Ондағы себеп — Назгүлдің марқұм болған Нұржамалға туыстық қатынасы да бар еді. Қазір шүкір балалар «Жусан-2» операциясы аясында елге қайтарылды. Балалар ауылына уақытша орналастырылды. Бүгінгі уақытта асырау құқығын иемдену мақсатында, балалардың ата-әжесі  тиісті құжаттарды жинақтауда. Әкелері терроризм бабымен елде жазасын өтеп жатыр. Әйтеуір, ол Сирия асқандардың қатарында жоқ. Қазақстандықтардың бір-бірін өлтіруге дейін баруы ДАИШ-тің өз ішінде тәртіпті күшейтуімен тікелей байланысты. Яғни, олар бірнеше рет қашуға әрекеттенгеніміз үшін біздерді қатты қыспаққа алды. Ұрды, соқты, қорлады. Күйеуім жендеттердің жазалау түрмесіне де отырып шықты. Түрмеде төрт ай отырып шыққан күйеуім сол уақыт ішінде ДАИШ жендеттерінің 400-ге жуық ер адамды азаптап өлтіргенін айтты» деген Балжан түрмеден шыққан күйеуінің ұзақ уақыт бойы жөндеп сөйлей де алмай, қиналғанына ерекше тоқталды. Күйеуінің сөзін көзіне жас алып отырып еске алған Балжан ондағы азаптау тәсілдерінің сұмдық болғанын айтып берді. «Түрмеде ерлерді тәуліктеп жарға кісендеп іліп қойып ұратын.  Онда бір кісілік те, бірнеше кісілік те камера болды. Бойды жазып, тұрып жүруге тыйым салатын. Бір камераға 10-15 адамнан отырғызып, кез келген күні біреуін шығарып алып, атып тастайтын. Бұл – келесі өлік сенсің» дегендей психологиялық шабуыл еді» деп, түрмедегі кездерді еске алған күйеуім ұзақ уақыт апатиялық жағдайда жүрді» дейді Балжан. Оның айтуынша, ДАИШ кеше немесе бүгін пайда болмаған.  «Ирактың бұрынғы әскерилері тарапынан 2003 жылы құрылған террористік ұйым Саддам Хусейнді құлатқаннан кейін күш алды. Және ұзақ жылдар бойы шеттен адамдарды арбап әкелумен айналысқан. Бастапқыда шөл даланы мекендеген бұрынғы әскерилер Америкадан кек алуды көздейді. Исламды жамылып әрекет еткен олардың ойрандау операциясы ұзақ жылдық жоспарлаудың нәтижесі еді» деген Балжан  ДАИШ-тің біразға дейін берілмей, күш алып келуінің де себебін айтып берді.           «Олар қай кезде де жердің астын мекендеп келді. Шөл даланың барлығын бірдей бақылауда ұстау мүмкін емес қой. Олар кез келген жерден үңгір қазып, ұзындығы 20-30 шақырымдық тунел жасай алады. Жер астында алшаңдап өмір сүріп, кез келген бағыттан жердің бетіне шығып, шабуылдай береді. Және бір қызығы, оларда ешқашан қару немесе ақша жетіспеген күн болған емес. Оларда квадрокоптерден бастап, ұшқышсыз аппарат, ауыр артиллерия бәрі болды. Бұл қарулардың барлығы шет елден үзіліссіз жеткізіліп жатты» деген Балжан сәбилерінің алаңсыз балалық шағын ұрлағаны үшін өзін әлі күнге дейін кінәлайтынын айтты. Баскесерлер баланы да, әйелді де аяусыз атып жатыр «2018 жыл да келді. Біз әр күнімізді қашуға арнадық. Күн сайын өзіміз жасаған сызбамен жолға шығатынбыз. Ирактықтардың өз жолы бар. Қажет кезде өздері құпия сызба арқылы шығып отырады. Бірақ, әрине жол туралы ақпарат жасырын ұсталады. Оның үстіне, жолдың барлығы миналанған. Оқтын-оқтын оқ атылып отырады. ДАИШ баскесерлерінен тұратын снайперлер балаларды да, әйелдерді де шетінен атып жатыр. Кейде балалар минаның үстінен басып кетіп, көз алдымызда өліп кететін. Балаларымыздың көрер көзге аш отырғанына қарау да сондай қиын еді. Біз тіпті, бір күндік тамағымызды тауып іше алмайтын жағдайға жеттік. Ертеңді ойламайтынбыз. ДАИШ жендеттері, соның ішінде ирактықтарда мұндай проблема болған жоқ. Себебі, олар кез келген уақытта шекарадан шығып, қалаған тамағын сатып алатын. Бірақ, әрине, олар бізге тамақ бермейтін. Сөйтіп, мен сияқты шет елден келген әйелдер үй-үйді аралап, жергілікті тұрғындардың есігін қағып, қайыр сұрап кеттік. Соңғы кездері тауыққа арналған жемді алып, тазалап, сағаттап қайнатып балаларға беруіме тура келді. Жерде қандай шөп өседі, соның барлығын балаларға қайнатып беріп жүрдік. Кейін талғажау ететін көк шөп те қалмады. Күрдтердің территориясына өтер күн жақындағанда даладан малға беретін бидай тауып алғаным есімде. Алтынға кенелгендей қуанып, сол бидайды жуып-тазалап, отта үш сағат қайнатқанымды әлі күнге ұмыта алмаймын. Сол жемді жегеннен кейін балаларым қатты ауырды. Әсіресе, іштері кетіп, мазалары болмады. Бірақ, амал нешік. Талғажау қылатын түк болмаған соң суға қайнаған быламықты беруге мәжбүр болдым. Күрдтердің қолына түскеннен кейін, қандай болса да, әйтеуір балаларға тамақ табылғанына қуандым» деген Балжан Сирияда әйелдерге деген қарым-қатынастың айуандық деңгейде болғанын айтып берді. «ДАИШ қоғамында әйел ешқандай рөл ойнамайтын. Мәселен, Қазақстанда әйелдер тең құқылы, кез келген қоғамдық орындарға емін-еркін бара алады ғой. Ол жақта әйел атаулы орта ғасырлық деңгейде қалып қойған. Еркекке тәуелділігі сонша, өздігінен бір қадам да аттай алмайды. Тіпті, өлім аузында жатсаңыз да, еркек адамсыз ауруханаға бара алмайсыз. Еркексіз көлікке де отыра алмайсың. Егер еркексіз көшеге әйел шығатын болса, оны табан астында ұрып-соғып, өлтіріп тастаулары да ғажап емес. Яғни, әйел жалғыз жүре алмайды. Сол себепті, әйелдер бірнеше рет тұрмыс құруға мәжбүр болды» дейді Балжан. «Сәбиіме Президент есімін беремін» Сөз соңында Балжан өміріндегі ең ұлық, ең қымбат сыйлық туралы  айтып, егіліп жылап алды. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанын естіген кезде, шыны керек, қатты қорықтым. «Енді «Жусан» операциясы жалғаспайды, өлім сағаты соққанша лагерьде қалып қоямыз» деген ойдан не істерімді білмей, қатты қиналдым. Уақыт өте өзімді сабырға шақырғаннан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының жолын жалғастыратынын түсіндім.
«8 мамыр тұңғышым Ілиястың туған күні еді. Осылайша, ұлым бес жасын өз елінде қарсы алды. Мен ұлымды өміріндегі ең үлкен сыйлығымен құттықтадым. Себебі, соғыстың ортасында өмірге келген балам өз елінің қандай екенін білмей өскен еді. Жусан исі, туған жер, өз үйіңнің қасиеті деген дүниелердің құны қандай болатынын ұғындым. Тіпті, анау Сирияда жүрген уақытта мен бауырсақтың, бешбармақың исін еске алып жүретінмін. Ендігі мақсатым – ұлым мен қызымды балабақша, мектепке орналастырып, үшінші сәбиімді аман-есен өмірге әкелу. УЗИ ішімдегі нәрестемнің ұл екенін айтты. Амандық болса, ұлыма Президенттің есімін беремін. Себебі, бізді тозақ ортасынан  Қасым-Жомарт мырза алып шықты. Отаныма, Президентімізге, халқыма алғысым шексіз. Мен мәңгі елімнің алдында басымды иіп өтемін. Кешіріңдер, мен адастым» деп аяқтады сөзін Балжан… Өкінішке қарай, Балжан елге тұтас отбасымен орала алмады. Күйеуі ДАИШ жендеттерінің қолында қалып кетті. Десе де, ашық аспанның астына оралған Балжан болашақтың жарқын боларына сенеді.

Комментарий