Жаңалықтар | Новости

ЕСІРТКІ: БІРЕУГЕ – ТАБЫС, БІРЕУГЕ – АЖАЛ

Cоңғы жылдары есірткіге тәуелді жастардың қатары артып келеді. Соның ішінде мамандар синтетикалық есірткі түрін тұтынушылардың көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағуда. ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қаласындағы филиалы басшысының міндетін атқарушы Мәди Тоқанов қазір әлемде ең кең таралған психотропты заттардың бірі болып табылатын синтетикалық есірткіге елтігендер және одан емделу ісінің жай-күйі туралы әңгімелеп берген еді.

– Аталған орталықтың мақсаты – есірткіге, алкогольді ішімдікке және құмар ойындарға тәуелді жандарға қызмет көрсету. Мұнда қазіргі таңда 18-60 жас аралығындағы 100-ге тарта науқас ем
қабылдап жатыр. Ауру деңгейіне байланысты сырқаттар бойындағы кеселден 2 айдан 1 жылға дейінгі уақыт ішінде емделеді. Өйткені, есірткі заттары ең алдымен адамның бас миын зақымдайды. Сондықтан әлеуметтік оңалту ем-шаралары ұзаққа созылады. Қазір бізде қолдану жиілігі жағынан синтетикалық есірткі бірінші орында тұр. Синтетикалық есірткі – үй жағдайында әртүрлі химиялық препараттардың қоспасынан жасалатын заттар. Қоздыратын эффектісі бар бұл заттарды қолдану адам ағзасындағы коммуникативті өзгерістерге алып келеді. Психикасы бұзылады, ашушаң болады, ойлау, жұмыс істеу қабілеті, жауапкершілігі төмендейді, өзін сақтау инстинкті жойылып кетеді.
Героин, алкогольді адам үзбей қолданған кезде ғана тәуелді болса, синтетикалық есірткіге деген тәуелділік бірден қалыптасады. Ең сорақысы, есірткінің бұл түрін жастар, соның ішінде қыздар жиі қолданады. Емделуші науқастардың сөзіне сүйенсек, синтетикалық есірткіні тұтыну фактілері Қазақстан бойынша қолжетімді болып барады. Әсіресе, өрімдей ұл-қыздардың арасында өздері «скорость» деп атап кеткен мефедрон есірткісі сұранысқа ие. Олар басында «тамыр ішіне жібермеймін, жай ғана дәмін татып көремін» деп ойлайды. Сөйтіп, есірткінің құрығына шырмалады. Өйткені бір рет қолданған адам қалай тәуелді болып қалғанын сезбей де қалады, – дейді Мәди Қаламбекұлы.

Өмірім быт-шыт болды
Орталықта есірткіден емделіп жатқан Азамат есімді жігіт жүрек түкпіріндегі жан сырымен, өзекті өртеген өкінішімен бөліскен еді. «Синтетикалық есірткіні екі жылдан бері қолданып келемін. Әу баста достарым дәмін татып көруді ұсынды. Отбасымдағы ұрыс-керісті, жаныма батып жүрген мәселелерді ұмытамын деп ойладым. Алғаш пайдаланғанда, оның жақсы-жаман екенін ойланып та жатпадым. Кейін уақыт өте келе қандай қателікке ұрынғанымды түсіндім. Бірақ ол кезде тым кеш еді. Мүмкін басында ойланғанымда, бүгінгідей жағдайға жетпес едім, – деген кейіпкерім ашыла түсті.
– Алғашында есірткіні достарым арқылы алып жүрдім. Артынан телеграмдағы онлайн-дүкендердің көмегіне жүгіндім. Есепшотына ақша салсаң, олар саған мекенжайды жібереді. Оны өз тілдерінде «закладка» деп айтады. Бір грамм дозасы – 25 мың теңге. Өзім ғана пайдалансам, 2-3 тәулікке
жетеді. Есірткіні қолданғанда барлық қайғы-мұңды ұмытып, рахат сезім кешесің, әңгіме айтқың келіп тұрады. Өмірімнің быт-шыт болғанына өзегім өртене өкінемін. Жоғары жалақы алып жүрген
жұмысымнан шығып қалдым, отбасым ойран болды. Айлығымның жартысынан көбін есірткіге жұмсайтынмын. Жұмыстан шыққан соң, ақша табу үшін заң бұзушылыққа барған кездерім де
болды. Біздің Ақтауда осыдан екі-үш жыл бұрын синтетикалық есірткі деген болмайтын, болған күнде де қолданушылар өте аз еді. Кейінгі кезде жастардың арасында көбейіп кетті. Оны күннен-күнге арнайы ашылған телеграм-чаттағы қосылып жатқандардың санынан білуге болады. Мен чатқа қосылған кезде 400-дей адам болған, соңғы кіргенімде қатысушылардың саны 1500-ге жетіпті. Олардың ең жасы 15-те, ең үлкені 50-дегі азаматтар. Есірткі тұтынушыларды сыртынан бірнеше белгілері арқылы анықтауға болады. Мысалы, олардың көзінің қарашығы үлкейіп тұрады, ашушаң болады. Жүріс-тұрысы өзгеріп, топтың ішінде ерекшеленіп тұрады. Синтетикалық есірткі қолданушылардың тағы бір әдеті – үнемі аяғының астына қарап жүреді. Өйткені жерге көміп кеткен есірткіні іздеп жүру әдет болып кетеді. Жалпы, адам өзі қаламайынша, бұл құмарлықты тоқтату мүмкін емес. Жалғыз жеңіп шығу да қиын. Міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Олар ағзамызды тазартып, психологиялық тұрғыда көмек береді. Шынымды айтсам, осы орталыққа дер кезінде келіп, ем алып жатқаныма қуаныштымын. Қазір басымнан өткен жағдайларды ой елегінен өткізіп, атың өшкір есірткіге енді жоламастай болып отырмын. Өмірімді қайтадан бастағым келеді. Әкем мен анама енді уайым шеккізгім келмейді. Жалпы, ата-аналар балаларын көзінен таса
қылмаса екен. Олардың немен айналысып жүргенін үнемі қадағалап отыруы керек».

Оңай олжаға дәніккендер
Қазақстан – есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел.Расын айту керек, еркін тасымалданып,
ғаламтор арқылы-ақ саудасы қызып тұрған есірткі бизнесі, әсіресе, карантин кезінде тіпті, шарықтап кетті. Десе де, оңай олжаға дәніккендердің бұл әрекеттері ұзаққа бармайды. Қазір синтетикалық есірткі саудасына қатысты заң қатал. 2020 жылдың қаңтар айынан есірткі қылмысына қатысты заңнаманың кейбір баптары қатаңдатылуына байланысты, есірткіні қолдануға көндіру және оларды интернет арқылы өткізу ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Есірткіні ғаламтор арқылы сататындар да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады. Жыл басынан бері есірткіні интернет арқылы өткізу фактілері бойынша 18 қылмыстық іс тіркеліп, олардың 2-уі сотқа жолданған.Есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 400 сайт анықталған. Алайда, оңай жолмен ақша тапқысы келгендер, әсіресе, жастардың арасында өте көп. Көп қабатты үйлердің қабырғаларына арадағы делдалдардың телефон нөмірлерін немесе электронды пошталарын жазып қою, есірткі сататын
сайтқа сілтемесі бар жапсырмалар тарату сияқты жеңіл жұмысқа келісе береді. Айталық, биыл
осындай 48 қылмыс тіркелген. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 861 есірткі қылмысы анықталып, оның ішінде 602 өткізу және 163 аса ірі мөлшерде есірткі сақтау фактісі ашылған. Бір тоннадан астам есірткі түрлері, оның
ішінде 3 келі героин, 764 келі марихуана, 252 келі гашиш және 24,4 келі синтетикалық есірткі тәркіленіпті. Сондай-ақ, екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылып, 2 топ басшысымен бірге олардың 11 қатысушысы да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселені мемлекет түбегейлі қолға алмаса, статистика жыл сайын еселеп артуы мүмкін.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий