Жаңалықтар | Новости

Саусақ іздерін тіркеу 2023 жылға ауыстырылды: Тоқаев заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дактилоскопиялық тіркеуді (саусақ іздерін міндетті тапсыру) 2023 жылға ауыстыруды қарастыратын заңға қол қойды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген Ақорда хабарламасында.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді 2021 жылы енгізу жоспарланғанын хабарлаған болатын. Ол сол кезде 26 миллиард теңге бөлінуі керек екенін айтан, бірақ 11 миллиарды ғана бөлінген.

“Адам шетелге барғанда, шекарадан өткенде біздің қызметкерлер онымен жұмыс жүргізеді, тіркейді. Тіркеу қонақүйлерде, демалыс үйлерінде де жүргізіледі. Алайда техникалық қиындықтарға байланысты бұл мәселе қаралмайтын болды. Өкінішке қарай, бізде техникалық интеграция мәселесі шешілмеген.

Жетпей тұрған 15 миллиард теңге пандемия кезінде бізден денсаулық сақтау саласына берілді. Сондықтан мерзімді 2023 жылға дейін ауыстыруды сұраймыз. Осы уақытқа дейін үлгереміз деп ойлаймын. 2022 жылы қаражат бөлінеді, 2023 жылы жұмысты бастаймыз”, – деді министр мамырда Мәжілісте сөйлеген сөзінде.

Еске салайық, 2021 жылы 1 қаңтардан бастап “Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы” заң күшіне енді. Ол дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтиды. Тұрғындар жаңа, биометриялық құжаттар – чип орнатылатын жеке куәлік пен жаңа үлгідегі төлқұжат алады.

Комментарий