Жаңалықтар | Новости

«Сәлем салмайды, той-томалаққа бармайды». Этнографтар «жесір» мәртебесі туралы айтты

Қазақ қоғамында ер азаматынан айырылған әйелге “жесір” деген мәртебе берген. Әдетте әйелдер күйеуінің жылын бергенше қара жамылып, ойын-сауық, кештен шектеліп, шаңырағының түтінін тұтатып отыратын болған. Жесір ұғымының қазақ дәстүрі мен мәдениетіндегі мәні қандай? Әйелдер жесір атанғанда қандай ырым-тыйымдарды ұстанған? Stan.kz тілшісі этнографтардан сұрады.

Этнограф-жазушы, мәдениет қайраткері Төрехан Майбас жесір ұғымы толық ашылмай жүргенін айтады. Оның сөзінше, қазақта жесір әйел болмаған. Жесір деген бір жылға берілетін мәртебе болған. Одан кейін әйел әмеңгерлік салтымен марқұм жолдасының туыстарына тұрмысқа шыққан. 

“Қазір БАҚ-та, әлеуметтік желіде жесір жайлы көп әңгіме айтылып жүр. Олардың көбі негізсіз. Себебі жесір ұғымының мәні толық ашылмаған. Бұрынғы заман мен қазіргі заманды бірдей деп ойлайды. Қазір бұл ұғым атымен өзгерген. Ертеректе күйеуі өлген әйелді жесір деген. Қазір екі тарап айырылып кетсе, жесір болып шыға келеді. Тіпті, әйелінен айырылған ерлерді жесір дейтін болдық. Бұған қарап әлі де болса, біздің сөздің төркініне бармай жатқанымызды көруге болады.

Жесір – қазақ ұғымында ері қайтыс болғаннан кейін алатын мәртебесі. Ол бір жылға дейін қара жамылып, азаматының ошағын сөндірмей, түтінін тұтатып отырады. Бір жылдан кейін ерінің жылын береді, жесірліктен кетеді. Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша қосағының жақын бауырларына тұрмысқа шығады”, – дейді этнограф.

Сондықтан жесір ұғымының аясын тарылтудың керегі жоқ, дейді дәстүртанушы. Қазіргі уақытта жесір деген сөз ер адамдарға қатысты да айтылып жүргенін, бұл үлкен қате екенін де этнограф тілге тиек етті.

“Еркекке қатысты жесір деген сөз өте өрескел естіледі. Қазақта: “ботай сүйгенін алады, бопай тигенін алады” деп айтатын. Яғни ботай мен бопайды салыстыру арқылы екіншісінің мәртебесінің шектеулі екені меңзеліп тұр. Бопай дегеніміз әйелі қайтыс болған ер азаматтар. Демек әйелі өлген ерлерге қаратып бопай дейміз”, – дейді Төрехан Майбас.

Егер жесір бір жыл бойы қара жамылып отыратын болса, ол әрине, той-томалаққа да бармайды, дейді Төрехан Майбас.

“Жесір әйел тұсау кеспейді, жалпы әйел баласы тұсау кесе бермейді. Бір жылға дейін марқұмның жылын бергенге дейін тыйым салынады, жесір деп аталып жүреді. Тұрмысқа шығып кетсе, олай аталмайтын болады. Жесір әйел бір жыл бойы үлкендерге сәлем салмауы мүмкін. Әйелдерге жүретін тыйымдардың көбі жесірге жүрмейді. 

Жалпы алғанда жесір әйел деген ұғым жоқ, әйел тек бір жыл ғана жесір болады, одан кейін біреудің әмеңгері болады. Сондықтан жесір жөніндегі түсінігімізді түгел өзгертуіміз керек”, – дейді ол.

Этнограф Досымбек Қатыран жесір атанған кезде әйелге істеуге тыйым салынған бірқатар әрекеттер жайлы айтып берді. 

Жақ ашу немесе жақ бұзу деп аталатын салтты міндетті түрде жасауға тиіс. Сәнденген, әшекейленген кимешегіндегі ою-өрнектерді ағытып, қызыл-жасыл түстілерін алып тастап, ақшыл, сарыларын қалдырады. Осылайша кимешегіне қарап бұл әйелдің жесір екенін білетін болған. Жүрген жүрісі, киген киімінен күйеуінің қайтыс болғанын таныған”, – дейді ол.

Сондай-ақ, жас келінмен шымылдық астында отыруға болмайтыны рас, дейді маман.

“Жастың бетін ашуға, баланың тұсауын кесуге болмайды. Бір жылға дейін шілдехана, той-томалақ, кештерге шектеу бар. Бірақ көп жасаған, ер азаматы ертерек қайтыс болған ауылдағы үлкен кемпір болса оған тұсау кестіре берген. Ол үлкен кісінің орнына жүре беретін, тіпті бір ауылды ұстаған”, – дейді этнограф.

Айтуынша, кісі өлген шаңырақты теріс жүк пен қаралы тудан білген. Ал бір жерден екінші жерге қаралы отбасы көшкенде жесірлер көшті бастаған. Оны қаралы көш деп атаған.

“Жылын бергеннен соң қаралы туды сындыру, теріс тұрған жүкті қайта жинау сияқты ғұрыптар атқарылған. Мұның бәрі “Абай жолында” да жазылады. Үйдегі теріс жүктің мағынасы мынада: теріс қарап жиналып тұрса, үйде қаза болғанын, азалы отбасы дегенді білдірген. Қаралы тудың мағынасы: жетісінен бастап жылын өткізгенше қаралы ту ілулі тұрады. Салық, мал жинайтындар мұндай үйге бармаған, бұл өкіметтің жеңілдігі саналған.

Көшкен кезде жесір әйел көшті бастапдауыс салып жолдағы үйлердегі тұрғындар тамағын алып шығып, көңіл айтатын болған.  Осылайша, жолдағылар бұлардың қаралы көш екенін түсінген”, – дейді ол.

Бұған қоса, ол бұл ғұрыптардың көбі ұмыт болғанын қосты.

«Қазіргі уақытта тыйымдарды көбі ұстанбайды. Көп болса, қырқына жеткенше ұстанады. Себебі көбі біле бермейді, білсе ұстанар еді, айналып келгенде бәрі білместіктен. Әрине, білмей істегеннен, біліп тұрып істеген ауыр», – дейді этнограф ғалым.

Комментарий