Жаңалықтар | Новости

ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН — ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ

Философияны, жалпы, ғылымды өлеңдетіп, поэма түрінде беру шығыстың мызғымас дәстүрі. Сол себепті Баласағұнның ақындығы сол заманға міндетті әдістеме, тіпті идеология санатында қабылдануы тиіс. Бұл ерте замандағы ақындардың бәріне қатысты. Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген ғой. Сондықтан бізге Баласағұн ғалымдығымен қызықты. Және ол соның арқасында дүниежүзіне танымал болған. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі сияқты ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан Ж.Баласағұн есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу біліг» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. Ж.Баласағұн бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазіргі жыл санау бойынша 1070 жылы жазып бітірген.

Дастанды «хандардың ханы» – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942–1210) негізін салушы Сатұқ Қара Бұғра ханға (908–955) тарту етеді. Бұл еңбегін А.Егеубаев 1986 жылы тікелей қолжазбадан қазақ тіліне тәржімалаған. Н.Грибнов «Наука быть счастливым» (Бақытты болу ілімі) деген атпен 1971 жылы орыс тіліне аударған. Баласағұн еңбегі «қоғамды қалай бақытты жағдайға жеткізуге болады, ол үшін мемлекет басшылары не істеуі керек?» деген сауалдарға жауап беретін бақытты өмір сүру бағдарламасы, сол заманның энциклопедиясы және қоғамға қажетті білімдердің қысқаша анықтамасы ретінде жазылған.

Жүсіп ғұлама ғалым ретінде қоғамдық қарым-қатынасқа көп көңіл бөлген. Оның айтуы бойынша, қоғам төрт тіректен тұруы керек. Олар:
Әділдік, Ақыл, Молшылық және Бақыт. Осы төрт діңгекті 4 кейіпкер арқылы суреттеп, солардың диалогы түрінде әдеби көркем тілмен берген.
Дастанда Әділдік – «Күнтолды», Ақыл – «Ойтолды», Молшылық – «Жетелеуші» және Бақыт – «Айтолды» деген есімдермен аталған (Дербісалиев Ә.). Бұл кеңестерін баланы тәрбиелеген кезден қолдануды ұсынады. «Тәрбие дегеніміз: баланы ізгі, мейірімді әдептерге үйрету» дейді Жүсіп Баласағұн.

Мәдени мұраға лайықты көңіл бөлінсе

Баласағұн бабамыздың қайтыс болған жері – Қашқар қаласы. 2007 жылы Қашқар қаласына саяхаттап барып, ұлы ғұламаның басына қойылған мавзолейіне соқтық. Мавзолейдегі құлпытаста Жүсіп Хас Хажиб есімі жазылған. Бірден көзге түскен жәйт – ғимараттың жаңадан салынғандығы. Ескі ғимараттың неліктен қиратылғаны түсініксіз, мәдени революция кезінде ме екен? Жалпы, жаңасын келісті қылып, бұрынғысына ұқсатып салған. Бұл бір біз үйренетін жақсы тәжірибе, қаншама құндылықтарымыз бостан-босқа қирап жатыр. Мәдени мұраға бөлінген ақша бар, қаншама құрылыс мекемелері жұмыс таба алмай отыр. Көпшілік Баласағұнды біле бермейді, білсе де қазаққа жатқызбайды да, мән бермейді. Пысықтау қырғыз бауырларымыз Баласағұнға талай ескерткіш орнатып, ақшалары – сомға суретін де салып қойған. Атақты шығыстанушы Ресейдің академигі Л.Р.Кызласов айтпақшы, қырғыздар қақастардың бір руы ғана болатын. Олар Енесейден Ыстық көлдің маңына XVI ғасырларда көшкен. Жалпы, ортағасырлық түріктер негізінен Дешті-Қыпшақ мемлекеті ретінде танылған. Оның үстіне, соңғы археологиялық деректер Баласағұн қаласын Жамбыл облысында орналасқан деп көрсетуде. Баласағұн қаласы Арғу мемлекеті құрамына кірген. Осыған байланысты Баласағұн қаласы туралы да жеке тоқталып кеткенді жөн көрдік.

Қаланың табылуы – тарихи сенсация

Баласағұн – Жетісуда орналасқан Қарахан мемлекеті астаналарының бірі болған, ортағасырлық өрниетті қала. Жазба деректерде X ғасырдан бастап белгілі әл-Мақдисидің мәлімдеуінше, ол «игілікке бай үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари – Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе Күз-Орда деп басқаша да аталғандығын жазады. Зерттеушілердің пікірінше, 1) Баласағұн алғашқыда (VIII ғ.) түрікше Беклік (Бекелік – бекшіс), соғдыша Семекне деп аталған. Баласағұн тұрғындары түркі және соғды тілінде сөйлеген. Қала 1210 жылы Мұхаммед Хорезм шаһты жеңген қарақытайлықтардың қол астына қарайды. 1218 жылы Шыңғыс хан әскерлеріне қарсылықсыз берілгендіктен, Ғабалық («Жақсы қала») деп аталады. Шығыстанушылар В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, М.Тынышбаевтар Баласағұнның дәл орнын анықтауға күш салды. Соңғы кезде Баласағұн орны туралы ғылымда бірнеше пікір қалыптасты. 2) Мұхаммед Хайдар Дулатидің кітабында (ХVI ғ-дың 1-жартысы) Джу (Шу деп те айтады) елінде күмбезі мен мұнарасы ғана қалған, қираған қала орны бар, оны жергілікті халық «Борана» деп атайды делінген. Автор осы жерде құдай жолын қуған имам Мұхаммед Фатих Баласағұнидің (басқа Баласағұни) қабірі бар екендігі жайлы да хабарлайды. Бұл дерек Баласағұнның орны осы Борана емес пе екен деген жорамал тудырады. Борана – Шу өңіріндегі ескерткіштердің бірі. Тоқмақ қаласынан 5 шақырым жерде. Оны 1978-83 жылдары В.Д.Горячева зерттеген. Қала айналасы төртбұрышты қорғаныс дуалмен қоршалған, ауданы 3 шақырым. 1974 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің археологтары У.Шәлекеновтің жетекшілігімен жүргізілген зерттеулер аяқталды. Нәтижесінде Шу өңіріндегі Ақтөбе деп аталатын көне қала Баласағұнның орны деген пікір де қалыптасты.
1980 жылы ұшақпен түсірілген картаға қарағанда, Ақтөбенің алып жатқан жері ауқымды, оның қамалмен қоршалған аймағы 70 шаршы шақырым,
яғни, Алматыдан сәл кіші мегаполис және дамыған өркениет орталығы болған. Отырар қаласынан бірнеше есе үлкен. Осыншама кең көлемді алып жатқан үлкен қала, ортағасырлық ғұламалардың жазып қалдырғанындай, Баласағұнға тура келеді. Оның халқы көп, қала қамалы терең ормен коршалған делінген. Ендеше, бұл қаланың Баласағұн екені күмәнсіз. Ұзындығы 52 км, биіктігі 8-10 м болған қамалды кішігірім қаланың тұрғындары сала алмайтыны баршаға мәлім.

Г.Шлиман Троядан алтын тапса, біздің археологтар Баласағұннан теңге дайындайтын сарайды ашып, 5000 мыс теңге тапты. Теңге шығаратын қалалар көп болмаған. Ел арасында Баласағұнның алтын қорын 40 есекке артып, бір жерге апарып көмген деген аңыз қалған. Ол байлықты әлі ешкім іздеген жоқ. Баласағұн да Троя сияқты тарих сахнасынан түскен атақты қалалардың бірі. Кеңес өкіметі кезінде 1980 жылдары Баласағұнның қақ ортасына Ақсу су қоймасы салынған. Соның салдарынан қазір Баласағұнды су алып жатыр. Бұлай бола берсе, Сарайшық сияқты бұл қала да судың астында қалуы әбден мүмкін. Кеңес өкіметі осы су қоймасын қазақ тарихын жою үшін салған сияқты. Сонымен Баласағұн қаласы табылды және ол Алматы мен Тараздың ортасында орналасқан. Осындай тарихи жаңалыққа ешкім құлақ асқан жоқ, елеусіз қалды. Шындығына келгенде бұл нағыз мемлекеттік сыйлық берілетін қазақ тарихы ғылымының жетістігі еді. Жүсіп Баласағұнды айтпағанның өзінде, әйгілі тарихи қаланың табылуы өз алдына үлкен сенсация! Біз енді өз кейіпкерімізге оралайық.

«Байыса орта – байығаны еліңнің»

Ортағасырлық Қазақстанда туып-өскен ғұламалардың ішінде Жүсіп Баласағұнның орны ерекше. Оны әл-Фараби, Ясауи, Қашқарилармен бір деңгейге қоюға болады. Шығыстанушы ғалым Ә.Дербісалиев ғылыми еңбегінде 60-70 ғалымды атап шыққан, қаншасы ұмытылған десеңізші!? Солардың ішінен Жүсіп Баласағұнның көп көзқарастары қазіргі заманауи талаптармен сәйкес келетіні адамды таңқалдырады. Енді соған тоқталып өтейік. Қоғамдағы игілікті бөлуді реттеп отыру қажет, әйтпесе адамдардың көп бөлігі кедейленіп, аз
бөлігі шектен тыс байиды. Ел басшысы байлықтың бөліну мөлшерін қадағалап, әркімге еңбегіне қарай ақы төлеп, мүліктік теңсіздіктегі мөлшер мемлекет бақылауында болуы керек. Ғалым жалпыға ортақ мүліктік теңдікке жету мүмкін еместігін түсінді, әрқашанда біршама бай немесе кедей болатындықтан мұның қажеті жоқ еді. «Байлардың қолындағысының барлығын тартып алып, кедейлерге бөліп беретін» коммунизм қағидасы тек жалпы кедейлікке әкелер еді. Әйтсе де мөлшер шамасы сақталуы тиіс. Байлардың жүгін орташаға артпағын, Орташалар бұзылады мастанып, Орта жүгін артсаң егер – торығып, Кедей байғүс аштан өлер зорығып. Сүйе – кедей орташаға ауысар, Тырысса – орта байлықпенен қауышар. Орта байып, орта болса пақырың, Бай байыса – түгел сенің асығың… Пақыр орта болса – оңғаны кеміңнің, Байыса орта – байығаны еліңнің. Баласағұнның экономикалық бағдарламасы өсіп отыратын салық негізінде қоғамның барлық топтарының байуын көздейді. Кедей тырысса орташалар қатарына, орташа құлшыныс білдірсе байлар қатарына қосылар еді дейді. Адамның өмірдегі негізгі мақсаты бақытты болу, ал оған жетудің негізгі жолы – мұқтаждық көрмей өту. Оған жетудің жолдары бар екендігін өз заманы деңгейінде көрсетпекші болады ғұлама. Осындай ұлы мақсатты мұрат еткен ақын өз поэмасын үлкенді-кішілі бөлімдерге топтаған. Олар: «Тілдің пайда, зиян келтірудегі қызметі», «Пайдалы ақыл-кеңес жайлы сөз», «Айтолдының Әміршісі Күнтолдыға қызметке келуі», «Бақыттылық ерекшеліктері», «Бақыттың жақсылыққа бастар харекеті мен жаман қылықтары», «Айтолдының
әміршіге қойған сауалдары», «Әміршінің Айтолдыға берген жауабы», «Айтолдының ұлы Огдулмышқа берген кеңесі», «Огдулмыштың Әміршіге қызметке келуі», «Басшы адамға керек қасиеттер», «Огдулмыштың Әміршіге ғылым, білімнің ерекшеліктері туралы айтуы», «Сарай адамдарының өзін қалай ұстау керектігі», «Елшілікке жіберілер адамның қандай болуы туралы», «Әмірші қызметкерінің құқығы мен міндеттері», «Жоғары лауазымды адамдармен қатынас жасай білу керектігі туралы», «Үйлену мен бала тәрбиесі», «Тойға шақырумен қонаққа бару, бармау мәселесі жайлы». Бақытқа жету үшін осы қағидаларды ұстанған дұрыс болар деп есептеген ұлы ғұлама. Жүсіп Баласағұн поэмасында келтірілген тұжырымдар осы заманда да маңызын жоғалтпаған.

Еренғайып ОМАРОВ,
«Қайнар» университетінің ректоры, Қазақстан
Ұлттық жаратылыстану ғылымдары
академиясының вице-президенті, академик

Комментарий