Жаңалықтар | Новости

ШҚО-ның үш тұрғыны Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін жазаланды

Шығыс Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлған үш тұрғынға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайт мәліметіне сүйенсек, Риддер орман шаруашылығы аумағындағы Разлеванка өзені маңында үш тұрғын жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлған.

“Сот Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинағаны үшін Риддер тұрғындарына қатысты айыптау үкімін шығарды. Жалпы алғанда сотталғандар Қызыл кітапқа енген өсімдіктің 250-ден аса данасын жұлып алған”, – деді Риддер қаласының пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.

Сотталғандардың айтуынша, олар пияз қосып салат жасамақ болған. Олар жұлған пияздың түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

ШҚО Риддер қалалық сотының үкімімен айыпталушылар ҚР ҚК-нің 339-бабы 2-бөлігі 2-тармағы “Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдік түрлерімен алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз айналысу” бойынша сотталды.

“Сотталғандарға үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, пробация қызметіне есепке қойылды. Қазіргі уақытта профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр және олар кейін пробация қызметінің бақылауында болады. Қайталап құқық бұзу дерегі болған жағдайда бас бостандығын шектеу жазасын неғұрлым қатаң жазаға ауыстыруға болады”, – деді Майылханова.

Еске салайық, сәуірде Түркістан облысының тәртіп сақшылары Қызыл кітапқа енген алты қызғалдақты жұлған ер адамды ұстаған болатын.

Комментарий