Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Кодекс – азаматтар құқығын қорғаудың кепілі

Санаулы күндерден кейін Республикамыздың әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді. Қазіргі күні осы заңды насихаттау шаралары белсенді жүргізілуде. Заңды халыққа түсіндіру мақсатында қысқаша тоқталар болсақ, аталған Кодекспен мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастары, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі реттелген. Ал, мемлекеттік, әкімшілік органдар мен лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары саналады.

Заңның 17-бабына сай, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады. Ақылға қонымды мерзімді айқындау кезінде әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, процеске қатысушылардың процестік құқықтарды пайдалану және міндеттерді орындауда көрінетін мінез-құлқы, соттың істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын әрекеттерінің процестік тұрғыдан жеткіліктілігі мен тиімділігі, т.б. мән-жайлар ескеріледі. Ал, 18-бапта сот актілерінің міндеттілігі нақтыланған. Мысалы, бірінші сатыдағы сот әкімшілік істер бойынша сот актілерін шешімдер мен ұйғарымдар нысанында қабылдаса, апелляциялық, кассациялық сатылар қаулылар және ұйғарымдар нысанында қабылдайды.

Осы баптың екінші бөлігінде заңды күшіне енген сот актілерінің, сондай-ақ, сот төрелігін іске асырудағы өкімдер мен талаптар, тапсырмалар, шақыртулар, сұрау салулар, өзге де жолданымдар барлық мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды, жеке тұлғалар, лауазымды адамдар үшін орындау міндет. Ескерерлігі, ҚР Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері заңсыз деп танылады. Сот актілері мен соттың талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға алып келетінін білген жөн. Сот актілерін сот түпкілікті дайын болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік процестің тараптарына жібереді.

Заңға сай, әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымдарды қабылдап, тіркейді. Бұған қоса құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп, оларды толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әкімшілік рәсімге қатысушыға құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, қажетті ақпараттарды заңда белгіленген тәртіппен сұратады. Бұдан да өзге тәртіптері 20-баппен айқындалған. Арыз иесі және мүдделі тұлға әкімшілік рәсімге қатысушылар болып танылады. Тағы бір айта кетерлігі, әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданымды бір немесе бірнеше адам бере алады. Егер әкімшілік рәсім жолданым арқылы қозғалса, онда мүдделі тұлғалар басталып кеткен әкімшілік рәсімге қатыса алады. Бұл жағдайда әрқайсысының жолданымы бойынша жеке әкімшілік рәсімді қозғау талап етілмейді. 23-бапта көрсетілгендей, өзінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) қозғаған немесе қозғауы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып танылады. Арыз иесі әкімшілік органнан, лауазымды адамнан өзінің әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме алуға құқылы.

Бұған қоса әкімшілік рәсімдер ішкі және сыртқы болып қарастырылып, оларда әкімшілік актілерді қолайлы және ауыртпалықтар бойынша саралау, билік органдарының сыртқы салдары бар әкімшілік актіні қарау және қабылдаудың тәртібі түсіндірілген. Бұлар адамның әкімшілік акт қабылданғанға дейін тыңдау және дауды сотқа дейінгі міндетті реттеу құқығын көздейді. ӘРПК-нің басты көздегені тараптар арасындағы теңсіздікке жол бермеу. Сондықтан, әкімшілік әділет институты азаматтар құқығын мемлекеттік басқарудың заңсыз әрекеттері мен әрекетсіздігінен қорғаудың кепілі болмақ.

 

Ғани Амантайұлы,

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий