Жаңалықтар | Новости

МӘРТЕБЕСІЗ МАМАНДЫҚ

Соңғы жылдары елімізде журналистердің әлеуметтік мәртебесін заңнамада айқындау қажет деген пікір БАҚ өкілдері тарапынан жиі айтылып жүр. Жасыратыны жоқ, әлі күнге дейін мемлекеттік ғана емес, жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында да жалақысының көлемі 100 мың теңгеге де жетпейтіндердің қарасы аз емес. Бұл жағдай көп уақыттан бері оқу орнын жаңа бітірген жас мамандардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне ғана емес, ұзақ жылдық тәжірибесі бар, біліктілігі жоғары кәсіби мамандардың да белгілі бір уақыттан кейін отбасын асырау үшін еріксіз басқа салаға ауысуына түрткі болатын негізгі себеп болып отыр.

Өзгелердің мұң-мұқтажын тыңдап, арыз-шағымын құзырлы орындарға жеткізіп, оның белгілі бір дәрежеде оң шешімін табуына дәнекер болып жүргенімен, тапқан табысы баспана сатып алуға жетпейтін не атқарған қызметіне сай мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдігін пайдалана алмайтын әріптестердің жағдайы кейде айғайласа дауысы шықпайтын «жалғыздың» кейпіне көбірек ұқсайды. Мемлекет басшысы былтыр 27 сәуірдегі мәлімдемесінде халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген медицина қызметкерлеріне,
құқық қорғау органдарының өкілдеріне, әскери қызметшілерге, волонтерлерге ризашылығын білдірген кезде халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүргенжурналистер қауымына да алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

«Халық алғысы» медалін тағайындаған кезде де коронавирусқа қарсы күреске атсалысқан БАҚ өкілдерін назардан тыс қалдырмады. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ұлттық жаңа болмысын қалыптастыру бастамаларымен тұспа-тұс келгендіктен, енді БАҚ қызметін жандандыру, оның мәртебесін айқындау процесі басталатын шығар деген үміт пайда болған еді. Алайда, судьялардың кезекті сьезі кезінде Президент журналистердің құқы мен міндетін тілге тиек етіп, әңгіме ауаны қайта басқа арнаға ауысып кетті. Осы арада ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «әрбір журналист өз сөзінің билігін сезінуге тиіс. Халықаралық күн тәртібін саясатшылар қалыптастырғанымен, нақ журналистердің оны түзетуге, оған мораль мен әділдіктің салмағын салуға мүмкіндігі бар» дегені еріксіз еске түседі. Бұл, әсіресе, бизнес өкілдері
ғана емес, қалың жұртшылық арасында Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты түрлі қауесеттер тарап жатқан кезде айқын аңғарылады. Өйткені, мемлекеттік қана емес, жекеменшік ақпарат құралдарының тағдыры да қазір мемлекеттік тапсырысқа мықтап байланған. Күрмеуі қиын бұл түйінді өз күшімен шешіп, шын мәніндегі тәуелсіз БАҚ ретінде дамудың болашағы әлі бұлыңғыр. Өйткені, коронавирус індеті таралуымен бірге әлемде үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Экономика баяулап, барлық салада компаниялар жарнамалық, қайырымдылық және демеушілік шараларына бөлінетін қаржыны қатты қысқартты. Халық қоғамды жаңартуға бағытталған реформалардан бұрын, өзінің тұрмыс жағдайын қиындатып алмас үшін жұмыс орнынан айырылып қалмауға көбірек көңіл бөле бастады. Өйткені, дағдарыс жағдайындағы экономикада тауар мен қызметтің барлық түрі күрт қымбаттаған соң бірқатар мерзімді басылымдар біртіндеп электрондық форматқа ауыса бастады. Карантиндік жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеуге бейімделе бастаған қоғамның өзге мүшелері сияқты БАҚ қызметкерлері де біртіндеп халықтың емес жұмыс берушінің көңілінен шығуға, оның қойған талаптарын орындауға мәжбүр.

СОНДЫҚТАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕН ПОЛИЦИЯ, ДӘРІГЕР, МҰҒАЛІМ СИЯҚТЫ БАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ, ОНЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРҒЫДАН БЕКІТУДІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ КҮН ӨТКЕН САЙЫН СЕЗІЛУДЕ. СЕБЕБІ БҰРЫН ЖУРНАЛИСТІК ҚЫЗМЕТТІ НЕГІЗІНЕН КӘСІБИ МАМАНДАР АТҚАРАТЫН БОЛСА, ҚАЗІР
ЖҰМЫС БЕРУШІ ДИПЛОМҒА ЕМЕС, ЕҢ АЛДЫМЕН ОНЫҢ ТАНЫМАЛДЫҒЫНА КӨБІРЕК МӘН БЕРЕТІН БОЛДЫ. СОНДЫҚТАН ТЕЛЕАРНАЛАРДАҒЫ КӘСІБИ ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ОРНЫН ӘНШІ, АКТЕР, СПОРТШЫ СИЯҚТЫ ТҮРЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ БАСЫП, БАҚТАҒЫ ЖУРНАЛИСТ ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ БЕЛСЕНДІ БЛОГЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН МІНДЕТІН АЙҚЫНДАУДА ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЗАҢНАМАНЫҢ ТҮЙТКІЛДІ ТҰСТАРЫ КӨП БОЛЫП ТҰР.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий