Жаңалықтар | Новости

Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен келелі кездесу өткізілді

ҚАЖ мекемелеріндегі теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобы инспекторларының негізгі міндеттері мекемеде ұсталатын адамдарды радикалды идеологияға қарсы иммунитет жасау және радикалсыздандыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихаттау жұмысын жүргізу болып табылады. Ал радикалды идеологияға қарсы иммунитет жасаудың ең тиімді жолы, сотталған азаматтардың бойында патриоттық сезімдерді оята отырып отансүйгіштікке тәрбиелеу және ұлттық иммунитет қалыптастыру екендігі белгілі.
Осы орайда, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобы инспекторлары мен облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен облыстық ақпараттық-түсіндірме тобының мүшесі, облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Алдашбаев Сәкен Мінуарұлы мекемеде жазасын өтеп жатқан деструктивті діни ағым ұстанушы сотталғандармен келелі кездесу өткізді. Кездесу барысында С.Алдашбаев сотталғандарға өзінің 10 жыл бойы зерттеп жүрген тақырыбы бойынша, яғни «Салт пен сана» атты кітабынан дәріс жүргізді. Онда баяндамашы қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ислам дінінің сабақтастығы жайында әңгіме қозғай отырып, сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанып келген салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың түп-тамыры Ислам дінінің шарттарымен біте қайнасып жатқандығын нақты дәлелдермен жеткізіп берді.
Сотталған азаматтар бұрын-соңды мұндай құнды ақпараттарды естімегендіктерін айтып, өткізілген дәріске өз таңданыстарын жасыра алмады.
Осы орайда, баяндамашы С.М.Алдашбаевтың тек біздің өңірде ғана емес, көршілес облыстарда да осы тақырыптарда баяндамалар жасап, көпшіліктің ықыласына бөленіп, бата-тілектерін алып жүргендігін айта кеткен жөн.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті

Комментарий