Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

БАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК СТАТУСЫН ҚАШАН ЗАҢДАСТЫРАМЫЗ?

БАҚ қызметкерлерінің өмірі кәсіби ерекшелігіне сай тәуекелден тұрады. Әлемде журналистика қауіпті мамандықтар қатарында. Былтырдан бері енгізілген пандемиялық ахуал бұл тұжырымды бекіте түсті. Өкінішке орай қандай қиын жағдайда жұмыс істесе де, олардың әлеуметтік мәртебесі әлі күнге дейін заңдастырылмаған. Біз осыған орай сарапшылардың пікірін білген едік.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

– Қолданыстағы «БАҚ туралы» заңға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қазір талаптанып жатыр. Заң жобасы депутаттардың қарауына түскеннен кейін журналистердің жағдайларын жақсарту мен әлеуметтік мәртебесіне байланысты біраз кешенді мәселелер көтеріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып, егер бұл шешілмесе, мен өз пәрменіммен шешем деген болатын. Сондықтан Президенттің, министрліктің назарында тұрған заңға тиісті өзгертулер мен түзетулер керек, әрине.– Өйткені онда әлеуметтік желілер мен жаңа медиалардың нормалары да қарастырылады. Журналистер қызметтік жұмыстарын атқару кезінде басын қатерге тігіп жұмыс жасап жатыр ғой. Сондықтан журналистерді қорғау, денсаулығын сақтау және журналистердің тұрғын үй алу мәселесі және тағы басқалар кеңінен талқыланатын болар деп үміттенемін. Пандемия жағдайында полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері қалай жұмыс істеп жатса, журналистер де өз өмірін қауіпке тіге отырып, елімізді күндіз-түні ақпаратпен қамтамасыз етуде. Соған байланысты тәуекелді тұстар да бар. Нақты бір мысал айтатын болсам, пандемия кезінде қаншама дәрігер ауырып қалды. Оларға ауырған кезінде мемлекет тарапынан 2
млн теңге, қайтыс болған жағдайда 10 млн теңге көлемінде жәрдем берілді. Журналистерде мұндай болған жоқ. Бұл жөнінде біраз зерттеу жұмыстарын жасап жатырмын. Заң жобасы Парламентке келіп түскен кезде, оны қарап тағы талқылайтын боламыз.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы:

– Журналистерге әлеуметтік мәртебе беру– көптен бері айтылып жүрген мәселе. Оны дұрыстау үшін алдымен «БАҚ туралы» заңды дұрыстап, өзгеріс енгізуіміз қажет. Министрлік өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындап жатыр деп естиміз, алайда оны ешкім бізге көрсеткен жоқ. Не кіргізіп, нені қойып жатқанын білмейміз. Мәртебе тұрмақ, қауіпсіздіктің өзі шешілмей тұр. Министрлік қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар деп сұраған да жоқ. Парламенттің қос палатасында қазір біраз журналистер бар екен. Бұл енді солардың тікелей атқаратын жұмысы боп тұр. Айтып-айтып қоямыз, біздікі жай әңгіме. Заң шығауршы билік енді халықтың бір өкілі ретінде журналистердің қамын ойлауы керек қой. Заң жобасы қарауына келіп түскеннен кейін оны дұрыстап талқылауы тиіс, алғашқы оқылымында-ақ нақты ұсыныстар енгізу керек. Журналистердің қауіпсіздігі ғана емес қоғамдық пікір қалыптастырушы, қоғамның алға жылжуына жағдай жасайтын адам ретінде журналистің құқы мен міндеті де дұрыс болмай тұр. Кез келген адамды жұмысқа қабылдаған кезде  келісімшартқа қол қояды. Онда басылымның саясатына сәйкес келмейтін нәрсені жазуға, айтуға болмайды деп жазылған. Соның нәтижесінде жұмыс беруші ешкімге нұсқау бере алмайды. Келісімшартпен еркіндігі тұсалған соң ол қалай шындықты жазады. Оның құқығының бәрі бір пунктпен шектелген. Осындай жайттардың бәрі заң жобасында дұрыстап қаралуы керек. Егер журналист мықты болса, оған әлеуметтік мәртебенің де керегі жоқ. Ол былай айтқанда биліктің бір тармағының өкілі. Ол жерде көп бас ауыртатын нәрсе жоқ. Журналист-депутаттар экономика мен саясатқа араласпаса да, өзі жақсы білетін журналистердің жағдайын ойластыруына болады ғой. Оған басқа не керек?

Сауалнаманы дайындаған Ерлік КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»

 

Комментарий