Жаңалықтар | Новости

ІСТІҢ ІЗІН СУЫТПАЙ…

Қызылорда қаласының тең жартысы қалалық полиция басқармасының «Ақсай» полиция бөліміне қарайды. Белкөл, Қызылжарма, Абай, Қарауылтөбе, Бәйтерек тіпті тұрғындар Шанхай, Әл-Фараби, атап кеткен мөлтек аудандарда барлығы 142 496 тұрғын бар. Халықтың көптігіне қарамастан, олардың қауіпсіздігін 60-тан астап полиция қызметкері бақылауға алған. Тәртіп пен қауіпсіздік жолында 5 тергеуші, 8 жедел уәкіл, 1 қылмысты іздеу бөлімінің басшысы, 25 учаскілік инспектор, 4 көмекші, 10 мектеп инспекторы қызмет етеді. Халық санының ауқымына қызмет етуге штат саны жеткіліксіз. Әйтседе полиция қызметкерлері қалыпты жұмыс реті болса да, үш ауысымда қызмет істейді. Қылмысты болдырмау, алдын алу мақсатында оқиға орнында болып істің ашылуына жедел тергеу тобы, жедел уәкіл, жедел криминалист қатысады. Жауапты саланың жүгін көтеруге «Ақсай» полиция бөлімінің басшысы қызметіне жуырда Әбдіразақ Нұрбол кірісті.

Оның «Ақсай» полиция бөліміне басшы болғанына көп бола қойған жоқ. Әйтседе, оқиға орнына жедел жетіп, істің ізін суытпай бақылауға алатын Нұрболдың ұйымдастырушылық қабілетіне ел ыстық ықыласын білдіруде.

Ұрылардан аузы күйген тұрғындардың бірі Айгүл Кеңесбаева. Жақында малын жоғалтып, полицияға хабарлаған. Алайда арыз жазып бермей ұзақ отырыпты. Полиция қызметкерлеріне көңілі толмайтынын айтып, «әуелі нәтиже көрсетіңіздер сосын жазамын» деп назын білдірген. Оқиға орнына келген Нұрбол Әбдіразақ, «Алла қаласа, кешке дейін малыңыз табылады» депті де, жедел іске кіріскен. Барлық жерге іздеу салып, жақын маңдағы бейнебақылау камереларын қараған. Қырағы қызмет нәтижесінде бір үйір мал кешкісін табылыпты.

«Жолдасымның мүгедектігі бар. Тіршілік көзі осы төрт-түлік. Бұған дейін де екі рет малымызды ұрлаттық. Ол кезде де полицияға арызданған едік. Табылмады. Бұл жолы жоқ іздеуге келгендердің арасынан бір жігіт өзін «Ақсай» полиция бөлімінің басшысымын деп таныстырды. Шынымды айтсам, қатты таң қалдым. Себебі полиция бөлімінің басшысы мүлде келмейтін. Барлық күшін жұмылдырды. Байқағаным басшының ұйымдастыру қабілеті жоғары екен. Бір тынбады. Қарамаған жерлері қалмады. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, көп ұзамай сүйінші хабар келді. Полиция қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», – дейді қала тұрғыны А.Кеңесбева.

Ал қала тұрғыны, Оразмұрат Үсенұлы, полиция қызметіне сенімім арта түсті деп отыр. «Жоқ іздеп, таппай полиция шақырдық. Түсінік алып, суретке түсіріп жұмыстарын істеді. Шынымды айтсам, полиция сол кеткеннен қайырлымай кетеді, еш хабар болмайды деп ойладық. Үйге келген іздеу тобының арасында бір жас жігіт жүрді. Иман жүзді азамат, жанашырлық танытып, «әлі-ақ табылар, Алла сәтін салсын» деп, іздеуге кірісіп кетті. Соңдарынан бір елі қалмадым. Барлық жерде іздеу жұмыстарын күшейтіп, қас қарайғанша қырағы қызмет етті. Кешкілік сүйінші хабар жеткенде қатты

қуандық. Әлгі жас жігіт «Ақсай» полиция бөлімінің басшысы екенін білдік. Басшысымын деп тек бұйрық беріп отырмай, халықпен бірге жүргенінен ерекше риза болдық» дейді. О.Үсенұлы.

Нұрбол Бисенбекұлы бұған дейінде жауапты қызметтерді тізгіндеп, өзінің еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен көзге түскен. Елдің алғысына бөленген жан. Ол Қызылорда облысының құқық қорғау саласында жиырма жылға жуық жемісті еңбек етіп келеді. Еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасы бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, бірінші орынбасары, Арал аудандық полиция бөлімінің басшысы қызметтерін абыройлы атқарған. Аралдықтар Нұрболдың басшы бола тұра, қолына қару алып қарша бораған оққа тайсалмай кіріп, қылмыскерлерді ауыздықтағанын, Арал ауданының криминогендік ақуалын төмендетуге бар күш жігерін салған. Аудандағы заңсыз есірткі бизнесіне түбегейлі тосқауыл қойғанын ауыз толтырып айтып жүр.

Нұрбол Әбдіразақтың қаладағы жаңа қызметтегі алғашқы қадамы қарқынды. Дегенмен, «өз-өзіңе бекем бол, қонысыңды ұры тұтпа» деген. Полиция бөлімінің басшысы оқиға орындарында тұрғындарды сақтық жасап, қауіпсіздік, тәртіп шараларын ұмытпауға шақырып жүр. Қоғамның тыныштығына қорған полицей, отбасында бес баланың ардақты әкесі. Қарбалас полиция қызметі мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген абзал азаматты бізде төл мерекесімен құттықтап, қызметіне толайым табыс тілейміз.

Суретте: «Ақсай» полиция бөлімінің басшысы Н ұрбол Әбдіразақ және жедел тергеу тобының кезекші тергеушісі Абылай Әлімбаев оқиға орнында.

 

 

Гүлбану МАҚАЖАН,

Қызылорда облысы

Комментарий