Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Алматы облысында 60 полиция қызметкері кәсіби мерекесінде жаңа пәтерлі болды

Бүгін Талдықорған қаласында Алматы облысы полиция қызметкерлеріне жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Кәсіби мерекелері қарсаңында құқық қорғаушыларға берілген 60 пәтерлік тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған. Пәтер кілттерін қоныстой иелеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиналған көпшілікті баспаналы болуымен құттықтаған Лаззат Тұрлашов полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай да жылы лебізін білдірді.

– Азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметтеріңіз жемісті болсын. Мерекеге орай құқық қорғау органдары қызметкерлеріне “Болашақ” шағын ауданында осы 60 пәтерлік үй салынып, қолданысқа берілгелі отыр. Талдықорғанда биыл 6, 7, 8 шағын аудандарда және коттедж қалашығында мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция есебінен жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын 35 көпқабатты тұрғын үй және 204 коттедждің құрылысын аяқталады деп жоспарланған. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқындай түсетін болады. Жаңа шаңырақ молшылық пен бірлікке толы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Жетісу жері, Талдықорған қаласы гүлдене берсін! – деді Л. Тұрлашов өз сөзінде.

Мұнан соң Полиция департаментің бастығы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев, «Отбасы банк Тұрғын үй жинақ банк» АҚ Алматы облысы филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, полиция ардагері Өмірбек Ізбасаров та ізгі тілек-лебіздерін жеткізді.

Пәтер кілттері салтанатты жағдайда табысталып, қуаныш иелері полиция қызметкерінің анасы, ішкі істер саласының ардагері Анна Ракулова мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Жігер Сәрсенов мемлекет қамқорлығына шынайы ризашылықтарын білдірді. Қонақтар ПД Штаб бастығының орынбасары полиция майоры Әсет Табеевтің шаңырағына бас сұғып, құтты болсын айтты.

Жалпы Алматы облысында биыл 1 млн. шаршы метрдей тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал Талдықорғанның өзінде 120 мың шаршы метр үй халық игілігіне берілмек. Биыл баспанамен қамту мәселесін шешу үшін республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлінген. Оған қоса жергілікті бюджеттен 204 коттеджді салуға 1,5 млрд. теңге қарастырылды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарий