Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік қызметкер — қоғам айнасы!

Көп жағдайда қоғамымызда мемлекеттік қызметкердің сөйлеген сөзі мен әрекеті арқылы мемлекеттік қызметке, мемлекеттік құрылымға қатысты көзқарас қалыптасып жатады. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың мемлекетке деген сеніміне өз әсерін тигізеді. Сондықтан қоғамымызда мемлекеттік қызметкердің әдебі ұғымына аса мән беріледі. Мемлекеттік қызметкерге кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі, өзін өзі ұстауы да маңызды. Яғни кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек.

Жыл сайын маусым айында еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Осы орайда еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің әдебі мен қағидаларына тоқталып өтсек. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызмет­шінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдар­дың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметкер әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшы­лыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсе­туге талпыну қажет. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық кеңес беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азамат­тарды хабарландыру, жасы үлкен адам­дарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниет­пен қарау, оларға қажетті көмек­ті көрсетуі тиіс. Шағым түскен жағдайда мемлекеттік қызметкер туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдау және болашақта ұқсас жағдайлардың алдын алуы керек. Мұндай қарым-қатынас мемле­кеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құнды­лықтарын насихаттауы қажет. Жұмыстан тыс уақытта өз іс-әрекеті мен мінез-құлы­ғына жауапты екенін, ал кез-келген жағ­дайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтау қажет. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдайлардан аулақ болуы қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкер­леріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіні қолданған кезде интернет желісінің басқа қолдану­шыларымен әңгімелесуде сыпайылылық танытуы қажет, өз парақшасында құпия немесе жабық ақпаратты жарияламауы, қазіргі конституциялық құрылымды өзгер­туге, егемендіктен бас тартуға шақыратын қолданушыларды достар тізіміне қабылда­мауы тиіс. Ең бастысы мемлекеттік қызметші жемқорлықтан бас тартып қана қоймай, қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік қағидасын қалыптастыруға тырысуы керек.

Комментарий