Жаңалықтар | Новости

Мен өлгім келмейді деп жылаған – Аяжан Еділованың әпкесі

31 арнаның “Ащы да болса, шындық” бағдарламасына берген сұхбатында марқұмның туыс әпкесі Аяжан туралы айтып берді. Оның сөзінше, марқұм өзгелермен тез тіл табысқыш, ашық жарқын мінезді болған. Қазіргі таңда қыздың туыстары оның өліміне әлі күнге дейін сенбейді, деп жазады stan.kz.

Марқұмның туысы Нұргүл Әбеутәліпова олар қайғылы хабарды интернет арқылы білгенін айтады. Сөзінше, алғашында полицейлер оның жоғалғаны туралы шағымды қабылдаудан бас тартқан.

“Суық хабарды интернет арқылы естідік. Біз біліп алғаннан кейін мәйіттің тұлғасын анықтауға шақырды, киімдерін көрсетті. Негізі 20 наурызда Таңертең Аяжан келмеген соң, Алтынай деген сіңілім өз бетінше оны іздей бастады. Жатақханасына, жұмысына барып, құрбыларына хабарласып, өзі таба алмағаннан кейін полиция қызметкерлеріне түскі сағат 12-де шағымданған. Алтынайдың жанында Аяжанның досы болатын. Полицияға шығымданғандарында оларға: “Қалада митинг жүріп жатыр, арыздарыңызды қабылдай алмаймыз. Қазір сағат жаңадан 12-ден асты, мүмкін ол ұйықтап жатқан шығар. Біраздан кейін өзі хабарласып келеді” деп қайтарып жібереді. Содан соң Аяжане оралмаған соң Алмат есімді інім 102-ге қоңырау шалады, тек сол уақытта кешкі 5-те іс қозғалады”, – дейді Аяжанның әпкесі.

Айтуынша, полициядан көмек болмаған соң, марқұмның туыстары қызды өз беттерінше іздеуді бастап кеткен.

“Аяжанның жоғалғаны туралы оның Рауан есімді ағасынан түнде естідік. Таңертең әкесі мен бірге Талдықорғаннан Алматыға жолға шықтық. Бізге Аяжанның телефоны Алғабас ықшам ауданында өшті деген ақпарат келіп түсті. Сол себепті бірінші кезекте іздеуді осыннан бастадық. Әрбір үйге кіріп, Аяжанны суретін көрсетіп сұрап, өткен-кеткендерден сұрадық. Оның суретін сол маңайға ілдік. Алғабастың бір шеті айдала екен, ол жақтан да іздеп көрдік. Еріктілерден Аяжанның денесі табылды деген ақпаратты естіген соң, күдіктінің үйіне келдік. Бірақ бізге көліктен түсуге рұқсат бермеді. Төребековты жедел жәрдеммен әкетіп бара жатқанын білдік. Бізді пәтерден тек күдікті ғана табылғанын, Аяжанның жоқ екенін айтып сендірді. Ол жақтан Аяжанға аман деген үмітпен қайтқынымыз есімде бар”, – дейді ол.

 

Бұған қоса, ол Аяжан туралы да айтып берді.

“Аяжан тәрбиелі қыз еді, оны еркелетіп өсірдік. Оның жаман қылыққа баратынына сенбейміз. Біздің қолымызда өсті. Адамға өте сенгіш болатын. Бір көрген адаммен тез араласып, тез тіл табысып кететін. Бір сағаттан кейін қарасаң, таныс емес адаммен туыс секілді сөйлесіп отыратын. Адам жатырқамайтын мінезді еді. Аяжанның құрбыларымен қыдырып, клубтарға, кафелерге барып жүргенін байқаған жоқпын. Ондай қылықтары болса, біз оны іздемес едік. Ол тіпті ешқашан кұрбысының үйіне қонып көрмеген. Айтқан уақытында үйіне келетін. Сол күні бірінші рет кешікті, бірінші рет кешігетіні туралы ескертпеді”, – дейді марқұмның әпкесі.

Аяжанның әпкесі онымен ең соңғы рет қашан сөйлескенін еске түсірді.

“Ең соңғы рет анасына Наурыз мейрамы қарсаңында видео қоңырау арқылы хабарласты. “Жұмыстарымды бітіріп алайын, сосын төрт күндік демалыста келемін” деді. Мен де сол кезде анасының жанында едім. Маған сағынып кеттім деп еркелегені есімде. Анасы әлі жолға қарап, қызын күтетін сияқты. Келемін деп айтқаннан кейін ата-анасы күтіп жүрген болатын. Өзімізге де Аяжан әлі оқуда жүрген секілді болып көрінеді”, – дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Сондай-ақ ол Аяжанның өлмес бұрын қатты жылағанын есіне алды.

“Алматыға келгеніне екі ай болатын. Өзім сол кезде оны басқа қалаға жібергім келмеді. Үйде қал, қазір ауру жүріп жатыр деп айттым. Үйде байлап отырған едім. Жұмыс істеп жүрген қыз еді, Талдықорғанда карантинде отырып күйзеліске түсіп кетті. Бір күні үйге келсем, жылап-жылап көзі қызарып отыр. “Не болды?” деп сұрасам, “Нұргүл мама, мен өлгім келмейді, мен өмір сүргім келеді” деп айтты. “Неге олай айтасың?” деп сұрап едім, “Енді адамдардың бәрі коронавирустан көз жұмып жатыр ғой. Егер мен коронавирус жұқтырып алсам, мені қайтсеңізде, емдеп аман алып қалыңызшы. Мен өмір сүргім келеді” деп жылап көзі ісіп кетіпті. Сол кезде оны құшақтап, жұбатып, “Сен өлмейсін, сені алып қаламын” деп айттым. Үйден шықпай депрессияға түсіп кетті ме деп ойладым”, – дейді Аяжанны әпкесі.

Айтуынша, күдіктінің туыстары кешірім сұрап келмеген.

“Бірнәрсеге үлгермей қалатындай асығып жүрді. Аяжан қайтып келмейді, енді оны көрмейміз дегенде үстіме ыстық су құйып жіберген сезімде боламын. Менің өзіме Аяжан тірі секілді. Оның суық денесін көрсем де, өлімге қыймаймын.

Аяжанның өліміне кінәлі деп айыпталған жігіт қанша адамның қарғысына қалды. Бізбен бірге бүкіл қазақстандықтар қайғырды. Өз басым, оны өмір бойына түрмеге қамау керек деп ойлаймын. Күдіктінің туыстары кешірім сұрап келген жоқ. Бір шетінен келмей-ақ қойғандары дұрыс-ау”, – деді қыздың туысы.

Еске салсақ, Аяжан Еділова 19 наурызда үйіне қайтып оралмаған. Екі күннен кейін оның бөлшектенген денесі Алматыдағы көп қабатты пәтерлердің бірінен табылды. Күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін қала аралап, дене бөлшектерін қоқыстарға тастаған. Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Комментарий