Жаңалықтар | Новости

Қадағалау шарасы күшейтілу керек

Биыл ел түрмелерінен кәмелетке толмаған балаларға азғындық қылған елу адам бостандыққа шыққан. Жыл соңына дейін тағы 32 педофил еркіндік алатынын естіген жұрт күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Өгей емес, өз әкесінен қорлық көріп жатқан бүгінгі қоғамда балаңды жалғыз қалдыру түгілі, түні бойы кірпік қақпай күзетіп отыратын халге жеткеніміз жасырын емес. Оның үстіне жазасын өтеп келгендердің өз ісіне өкініп, тәубеге келетіндері некен-саяқ. Керісінше биыл балаларға айуандық жасағандардың саны әлдеқайда өскен.

Темір тордан шыққан соң тиісті қадағалаудың қаншалықты жүзеге асатынын бірінші әрекетін бірнеше рет қайталап, істі болып жатқан азғындардың артқанымен бағамдауға болатындай. Қорқыныштысы сол, бұл жолы бостандыққа шығатын педофилдерге химиялық кастрация қолданылмайды. Өйткені, олардың барлығы соңғы заңға тиісті түзетулер енгізгенге дейін мерзім алғандар. Бұл жаңалық жұртшылықты ғана емес, сарапшылар мен психологтар арасында да наразылық тудырып отыр. Айтуларынша, елімізде бұл санаттағы қылмыскерлер еркіндік көрген соң бақылау мен оларды жұмыспен қамту бойынша нақты бағдарлама жоқ.

Педофилия – психикалық ауру

Бүгінгі күні бас бостандығынан айыру орындарында екі мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр, олардың 20 пайызы – рецидивистік педофилдер, яғни кәнігі қылмыскерлер. Зорлық-зомбылық жасағандар бостандыққа шыққаннан кейін мінез-құлқына байланысты алты айдан үш жылға дейін полицияның бақылауында болады. Алайда үш жыл емес, бір айдан соң-ақ еркіндікте жүрген педофилдің есіне ескі әдеті біртіндеп келе бастайды. Адамның ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысатын мамандар балаларға азғындық жасайтындар «ақылды» болатынын айтады. Олар тергеуші мен судьяның алдында өзін-өзі қалай ұстау керектігін өте жақсы біледі және бостандықта жүргенде алғашқы жылдары байсалды болғанымен, ерте ме, кеш пе ойы бұзылады, ниеті өзгереді. Қылмыскер бұл кезде қоғамның қалай әрекет ететінін түсінеді және алғашқыдай емес, абайлап әрекет ете бастайды. Мұндай жағдайда оларға химиялық кастрация көмектеспейді. Сол үшін сотталып шыққан педофилдермен жұмыс істейтін психологтар қажет. Психологтар педофил еркіндік алғаннан кейін емес, темір торға тоғытылған күннен бастап жұмыс істеген жөн. Олардың ойынша, балаға жыныстық зорлық жасаған адамдар көбінесе балалармен байланысты қызмет саласын таңдайды. Көп жағдайда адамның іш бауырына кіретін ерекше қабілетімен балалардың тілін оңай табады. Сондықтан кейбір елдерде педофилияны психикалық ауру ретінде қарастырып, балаларға қатысты қылмыс жасаған және педофилдің бұзылуынан зардап шеккен қылмыскерлер бас бостандығынан айыру орындарында мәжбүрлі емдеуден өтеді. Сарапшы мамандар осындай шетел тәжірибесін мысалға келтіріп, елімізде тек қана жыныстық құқық бұзушылар үшін мамандандырылған режимдік мекемелер құру оңтайлы болатынын айтады. Ол жерде жазасын өтеушілерге педофилия және басқа да жыныстық артықшылық бұзылыстары, садизм бойынша кешенді емдеу жүргізіледі. Бұл тәсілді қолданатын кейбір елдерде азғындардың азаюы байқалған.

Былтыр балаларға қатысты үш жүзден аса зорлық-зомбылық қылмысы тіркеліпті. Бұл тек белгілі болған деректер ғана. Ал құқық қорғау қызметкерлері жыныстық сипаттағы әрекеттерді ата-аналар көп жағдайда жасырып қалатынын айтады. Екіншіден, жәбір көргендердің көбісі психологтарға жүгінбейді. Осындай жағдайға тап болған балалардың жан дүниесінде жазылмас жара қалады. Зорлық-зомбылық көрген баланың өсе келе мінез-құлқында ауытқу болып, өзіне зиян келтіруі де мүмкін. Ең қорқыныштысы, бала күнгі көрген қорлығын өскенде өзі қайталауы да ғажап емес. Қылмыстық-атқару жүйесінің мамандары балаларға озбырлық жасаған әр жазасын өтеуші сот психологиялық-сараптамадан өтетінін айтады. Сынақтан сүрінгендердің ісі сотқа жолданып, оларға химиялық кастрация қолдану бойынша шешімді фемида өкілдері қабылдайды. Әр сотталушыға мамандар түзеу орнына келген күннен бостандыққа шыққан уақытқа дейін тәрбиелеу мақсатында арнайы бағдарлама дайындайды. Сондай-ақ, бостандыққа шығатын педофилдер, мерзімінің аяқталуына 6 ай қалғанда психиатрдың қабылдауында болады. Егер сотталған адамның жеке басын куәландыратын құжаттары болмаса немесе зейнетақы, жәрдемақы алу бойынша қандай да бір құжаттарды рәсімдеуге мұқтаж болса, жәрдем көрсетіледі. Босатылғаннан кейін оның жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Еркіндік алған соң да оған жергілікті атқарушы органдар көмек көрсетеді. Бірақ құқық қорғаушылар бұл көмек педофилдердің санасын өзгертуге септігін тигізе алмайтынын тілге тиек етеді. «Право» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль «Сотталғандармен балаларға жыныстық қол сұғылуға байланысты ауыр баптар бойынша жұмысты қамау орындарында бастамаса, еркіндікке шыққан соң кеш болады» деп отыр. «Бәрібір бостандыққа шыққандар қоғам үшін қауіпті. Себебі, олардың 90 пайызы өзгермейді. Бізге ұсынылған кейсте 24 жастағы адамның мас күйінде жасаған үкімін зерттедік. Онда қылмыскер бүлдіршінге қатысты ауыр қылмыс жасады. Яғни ол жазықсыз баланы зорлаған. Біз бұл істен бірден бас тарттық. Өйткені, ол адаммен жұмыс түрмеде психотерапевт, психолог, терапевтпен жүргізілуі тиіс. Бірақ бұл қызметтер кешені аймақ аумағында ұйымдастырылмаған. Психолог бар, оның жүктемесі көп. Сондықтан жазасын өтегендерді оңалту бағдарламасын қабылдамаса, жағдай ушығуы мүмкін», – дейді қор жетекшісі.

Қысқа мерзім қажетті нәтиже бермейді

Әлем елдерінде еркіндіктегі педофилдерді есіртіп қоймайды және оларға беретін жаза да ауыр. Мәселен, Ұлыбритания 2014 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толмағандарға әлімжеттік көрсету заңды түрде террористік әрекетпен теңестірілді. Польшада бірнеше жылдан бері Әділет министрлігінің сайтында педофилдердің ашық тізілімі бар. Одан бөлек, кәмелетке толмағандарға қатысты ауырлығы орташа жыныстық қылмыстар үшін кінәлі деп танылған 3 мыңға жуық адамның кеңейтілген тізімі жасалған. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Көптеген поляктар бұл жаза қылмыскерлер үшін тым жеңіл жаза екенін және педофилдерді еріктіден міндетті хирургиялық кастрациялауды талап етіп келеді.

АҚШ 1996 жылдан бастап педофилдерді химиялық кастрациялауды қолданады. Мемлекет заңына сәйкес, 13 жасқа дейінгі баламен жыныстық қатынасқа түскені үшін екінші рет сотталған кез-келген педофил түрмеден босатылғаннан кейін міндетті түрде химиялық кастрация жасатуы тиіс. Сонымен қатар, АҚШ-та бостандыққа шыққан педофилдерге қатысты шектеу шаралары қолданылады. Еркіндікке шыққан бойда оларды тұрғылықты жері бойынша есепке қояды. Қайда тұратыны туралы ақпарат, сондай-ақ сотталған педофилдердің суреттері интернеттегі ұлттық деректер базасында ашық әрі қол жетімді. 14 штатта шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған қылмыскерлерге кәмелетке толмағандардың жанында болуға, мектептер мен балабақшалардың жанында тұруға және жалпы балалардың тұратын жерлеріне жақындауға, сондай-ақ ойыншықтар мен қызығушылық тудыратын заттарға тыйым салынған. Қылмыскерлер мезгіл-мезгіл жергілікті құқық қорғау органдарына келіп, мекен-жайларын көрсетіп, жұмыс туралы ақпарат беруі керек. Олар суретке түсіп, саусақ іздерін алады, ал кейбір жағдайларда ДНҚ үлгілерін жинайды.

Көптеген штаттарда педофилдер мен жыныстық қылмыс жасаған адамдар туралы ақпарат арнайы сайттарда, кейбір жағдайларда БАҚ-да жарияланады. Сайттан басқа, тиісті мобильді қосымша бар. Қылмыскерлерді іздеуді аты-жөні, қала, округ, мемлекет бойынша да жүргізуге болады. Осылайша, баланың ата-анасы немесе мектеп әкімшілігі адамның жеке басын тексеріп, айналасындағы адамдардың азғындыққа қатысты қылмыстар бойынша істі болғандардың өмір сүретінін біле алады. Балаларға қатысты жыныстық қылмыстар үшін Ресей заңнамасында 4 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмысын қайта жасаған педофилдер үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мәжбүрлі түрде химиялық кастрация жасалады. Медициналық ықпал етуді тоқтату сот шешімі бойынша мүмкін болады. Бұл заңның өзі ресейліктердің көңілінен шықпайды. Германияның түзеу мекемелерінде педофилия психикалық ауру ретінде қарастырылады. Қоғамға қауіп төндіретін педофилдер үшін мәжбүрлеп дәрі-дәрмекпен емдеу қарастырылған. Тіпті бұл ел сонау 1969 жылдан бастап ерікті хирургиялық кастрацияны жыныстық қылмыс жасаған адамдарды емдеудің бір әдісі ретінде қолдануға мүмкіндік берген елдердің бірі.

Ал чехтар жыныстық қылмыс жасаған адамдарды жазалау әлдеқашан ерте бастаған. Чехияда 1963 жылдан бастап хирургиялық кастрация практикасы енгізілді. Жазасын өтегеннен кейін де педофилдер дәрігерлер мен соттың қоғам үшін қауіпті екенін шешкенге дейін бостандыққа шығуына жол жоқ. Еуропа Кеңесінің зорлық-зомбылыққа қарсы комитеті адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза ретінде мұндай тәжірибеге жол бермеу туралы бірнеше рет мәлімдегенімен, Чехия билігі комитеттің дәлелдерін негізсіз деп санайды. Эстонияда 2012 жылдан бері педофилдерге химиялық кастрация жасату тәжірибесін қолға алды. Осы заң жобасын қарау кезінде елдің сол кездегі Әділет министрі Кристен Михал зерттеулер көрсеткендей, азғындарға жасалатын химиялық піштіру жазасын өтегеннен кейін жаңа қылмыстар жасау ықтималдығын өсіретінін айтқан. «Мұндай қылмыскерлерді емдеу нашақорларды емдеуге ұқсас, онда сотталушының келісімі қажет, емдеудің ең аз мерзімі 18 айды құрайды. Ал қысқа мерзім қажетті нәтиже бермейді. Егер сотталған адам емделуді тоқтатса, ол жазасын түрмеде өтеуі керек», – деді Михал. Молдова Парламентінің депутаттары да педофилдерді химиялық кастрациямен жазалауды тым жеңіл жаза деп санайды. Елдегі еркіндікке шыққан соң бір жыл ішінде қылмысын қайта жасаған 15 педофил химиялық кастрация жасатқан. Кәмелетке толмаған балаларға азғындық жасағандарды өлім жазасына кесетін елдер де көп. Мәселен, Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген мемлекеттерінде педофилия үшін бірден өлім жазасына кеседі. Африканың бірқатар елдерінде мұндай азғындарды тірілей өртеп, дарға асу секілді жаза түрлерін қоғамның өзі қолдайды.

Азғындарға аяушылық жоқ

Әлем елдеріндегі азғындарға жасалатын химиялық кастрацияны Қазақстан 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізді. Дегенмен бұл әдіспен адамның ойын өзгертуге, екінші рет азғындық әрекетке бармайтынына кепілдік жоқ. Джон Хопкинс медициналық институтының зерттеушісі, америкалық ғалым Берлиннің айтуынша, қылмыскерге екпе салған соң, ол туралы бұдан былай мазаланбасақ та болады деп ойлау – үлкен қателік. Егерде жыныстық белсенді қылмыскердің басты проблемасы – ой-сана мен ар-ұждан жауапкершілігінің төмендігі болса, екпе де көмектеспейді. Сондықтан әлгіндегі Америкада ұзақ жылдардан бері педофилдермен күрестің дәстүрлі де қатаң тәжірибесін қолданған жөн-ақ. Әрине, елімізде де педофилдер туралы мағлұмат беретін электронды база жұмыс істей бастады. Қай қалада, аудан мен ауылда қанша қылмыскердің барын қазақстандықтар infopublic.pravstat.kz сайтынан біле алады. Бірақ елімізде құқықтық нигилизм мен ақпараттандыру мәселесінің түйткілдері барын ескерсек, азаматтардың барлығына бұл ақпарат қолжетімсіз. Ал АҚШ-та мұндай қылмыскерлермен күрес әлдеқайда алға кеткен. 1994 жылдан бастап жұмыс жасайтын құқықтық жүйе кәмелетке тол­маған балаларға қарсы аса ауыр қылмыс түрін жасағандарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тиісті органдарда тіркелуге мәжбүрлеп, жергілікті билік бостандыққа шыққан әрбір педофил туралы мәліметті тұрғындарға тұрақты жеткізіп отырады. Қоғамдық сақтық шарасы күшейтіліп, педофилдер электронды мониторингтен өтеді. Ол бойынша сотталғандар электронды браслет тағуға міндеттеледі. Қазіргі кезде педофилия үшін сотталып, бостандыққа шыққандарды бұл елде 3000 шақырым жерге дейін бақылауға мүмкіндігі бар. Соның өзінде америкалықтар педофилдерді қадағалауда қауқарсыздық танытып отырған құқық қорғау қызметкерлеріне көңілі толмайды. Соңғы жылдары елімізде күн сайын бұрын-соңды естіп көрмеген талай қылмыс орын алды. Сәтбаевтағы сұмдық жұрттың жадында. Қарағанды облысында 2006 жылғы қызға өгей әкесі мен туған шешесі қорлық көрсеткенін естігенде, естен айырыла жаздадық. Дәл осындай оқиға бұрын да қайталанған. Туған анасы алғашқы некедегі қаршадай ғана қызын күйеуінің қойнына салып, артынша сыбайласып жезөкшелікпен айналыстырғанымен қоймай, өлтіруге тапсырыс берген. Өрімдей ғана қыз өмірінде бір қуаныш көрмей о дүниеге аттанды. Сол қылмысты жасаған әйелі мен күйеуі түрмеге тоғытылды. Осындай халықтың қарғысын алған азғындардың жұрттың ақшасына өмір сүріп, талай жылын темір торда өткізуіне қарсылардың қарасы көп. Алайда тергеу ісінің шынайы болғанына, соттың әділ үкім шығарғанына сенуге тағы болмайды. Өйткені, ел игілігі үшін ең қатал заң қабылдайтын елдердің өзінде осындай қылмыспен талай жылын темір торда өткізендер ақталып жатады. Оның үстіне әр нәрседен күдік іздейтін қазіргі қоғамда жанашырлық жасаған әрбір әрекетің үшін сот алдында жауап беріп, ауыр жаза арқалап кетуің де әбден мүмкін.

Қосымша түзеу шарасы күшейтілу керек

Соңғы жылдары балаларға азғындық жасағандарға аяушылық танытылмайды. Нұр-Сұлтан қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қажымұқан Мекемтастың айтуынша, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға жаза біршама қатаңдатылды. Мәселен, қазір Қылмыстық кодекстің 91-бабына сәйкес, 18 жастан асқан педофилдерді медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеуге жібереді. Сондай-ақ, аса ауыр қылмыс жасаған педофилдерді өмірінің соңына дейін түрмеге тоғыту жазасы енгізілді. Алайда  өмір бойына бас бостандығынан айыру 18 жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, 63 жастан асқан ер адамдарға тағайындалмайды. «Өз тәжірибемде осындай қылмыс жасағандарды 20 жыл мерзімге бас бостандығын шектеп, педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмысқа байланысты басқа қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасына кестім. Және жазасын ҚАЖ-дың қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу туралы шешім шығарғаным бар», – дейді Қажымұқан Мекемтас.

Ал Ақтөбе облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алтынбек Сабыровтың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 120, 121, 122, 123, 124. 120 баптарында көрсетілген жаза мөлшері ұлғайтылған. Бұрын 120 бапта зорлық жасағандарға 3-5 жыл көзделсе, қазір 5-8 жылға дейін, осы баптың екінші бөлігінде 5-10 жылға дейінгі жаза мөлшері 9-12 жылға, үшінші бөлігінде 12-15 жылға дейін ұзартылған. 121 баптағы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық бабына өзгеріс енгізіліп, 15-20 жылға дейінгі жаза мөлшері 20 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкеледі. «Жаза – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу, басқа адамдардың қылмыстық құқық бұзушылық жасамауына түрткі болу үшін қолданылатын шара» деген Алтынбек Балтабайұлы, өмір бойына айыру жазасы Қылмыстық кодекстің 52 бабы мен Жоғары соттың жаза тағайындау жөніндегі нормативтік қаулысында да көзделгенін айтады. Сондай-ақ, Алтынбек Сабыров 2019 жылы жас балаларға нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстары бойынша 9 адамға байланысты 8 іс, былтыр 16 адамға қатысты 15 қылмыстық іс, ал биыл алты айда 6 адамға қатысты 6 іс қаралғанын тілге тиек етті. «Балаларға азғындық жасағандар азаймай отыр. Жасалған қылмыстардың санаттарына талдау жүргізгенде сотталушылардың спирттік ішімдік ішуі, балалардың ата-анасынан қараусыз қалуы себеп болғанына көз жеткіздік. Жеке тәжірибемде осындай қылмыс жасаған педофилге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын бердім. Бұл жерде жәбірленуші 10 жастағы қыз балаға азғындық қылған. Ол бұған дейін де осындай қылмыс жасап темір торда отырып шыққан екен. Мерзімін өткізіп, бостандыққа шыққан соң бір айға толмай қайта қылмыс жасаған», – дейді Алтынбек Балтабайұлы. Осылай деген ол балаларға зорлық-зомбылық жасап сотталып шыққандар тағы бір бейкүнә сәбидің обалына қалып, бір отбасын қан қақсатпау үшін құқық қорғау органдары ары қарай қосымша түзеу шараларын жүргізіп, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын қадағалап отыру керектігін қадап айтты.

Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий