Жаңалықтар | Новости

Қазақстандықтар карантин бұзғаны үшін 1,3 миллиардтан аса айыппұл төлеген

Карантин талаптарын бұзғаны үшін қазақстандықтарға 1,3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Биыл 1 қаңтар мен 19 маусым аралығында карантин талаптарының сақталуын бақылайтын мониторинг топтары 107 358 рейд жүргізіп, 655 859 нысанды тексерді. 17 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны шектеу талаптарын бұзғаны хабарланды.

Карантин режимін бұзған кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан.

Мониторинг барысында карантин кезінде қызметіне тыйым салынған нысандардың жұмыс істегені, жұмыс кестесіне қойылатын шектеулердің сақталмағаны, бұқаралық шаралардың ұйымдастырылғаны анықталды.

“Тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша, 315 іс сотқа жолданды, 84 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.

Карантин талаптарын бұзғаны үшін 9, 9 мың шағын және орта бизнес иесі, 7,1 мың жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеден асады”, – делінген ВАК хабарламасында.

Комментарий