Саясат | Политика

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы апта ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдарда бірқатар кадрлық тағайындау орын алды. Ақтөбе облысының әкімі бір апта ішінде 7 ауданның әкімін ауыстырып, облыстық 2 басқармаға жаңа басшы тағайындады. ҚазАқпарат  апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларды оқырман назарына ұсынады.

Мемлекет басшысының Өкімдерімен: Марат Еркінұлы Дәуешов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне  тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды; Бақытжан Шөмішбайұлы Сариев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі қызметіне; Бақытжан Берікбайұлы Темірболат Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды; Нұрдәулет Төлеұлы Төлеев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зульфия Алтайқызы Аманжолова Қазақстан Республикасының Каспий теңізі мәселелері жөніндегі арнайы өкілі қызметіне тағайындалды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Мұрат Өтемісұлы Жүребеков Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі лауазымына тағайындалды. Мұрат Жүребеков 1978 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтын (іскерлік әкімшілендіру магистрі (МВА), «Strathclyde» университетін (экономика және басқару магистрі), «Басқарушы қызметкерлерге арналған бағдарлама» мамандығы бойынша Гарвард бизнес мектебін тәмамдаған. Түрлі жылдары «ҚазТрансГаз» ЖАҚ, «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ, Лондон қаласындағы «Аджип ККО», «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «PSA» ЖШС қызмет еткен.  2017-2019 жылдары – «PSA» ЖШС бас директоры (Мұнай-газ жобалары бойынша ҚР Үкіметінің өкілетті органы).

Қостанай облысы әкімінің 26 маусымдағы өкімімен Азамат Амантайұлы Бегалин облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Азамат Бегалин 1976 жылдың 8 маусымында Қостанай облысында дүниеге келген. Жоғары білімі бар, бұрын аталған басқарма басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Желдібай Руслан Сұлтанұлы Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін және Warwick университетін (Ұлыбритания) жобалық басқару (MSc Programme and Project Management) мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» стипендиясының иегері. Еңбек жолын «Азамат» бағдарламасының жүргізушісі («Хабар» агенттігі, «Ел-Арна» телеарнасы) ретінде бастады. 2011-2012 жылдар аралығында – журналист, «Алаң» саяси ток-шоуының жүргізушісі, «Қазақстан» ұлттық телекорпорациясы. 2012-2018 жылдар аралығында – «Оңтүстік Астана» телерадиокомпаниясы» АҚ-да бөлім жетекшісі, бас продюсер. 2018 жылдан 2019 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің Интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу басқармасының басшысы. 2019 жылдың ақпан айынан бастап – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің Интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу басқармасының басшысы.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Рашид Аюпов Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды. Қаланың жаңа басшысы Рашид Аюпов 1981 жылы 4 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған. Білімі жоғары. Шымкент университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі – информатика бакалавры, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда Патшайым Марияның Лондон университетін (Queen Mary University of London) аяқтаған, мемлекеттік басқару магистрі. Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында «Дәулет» өндірістік кооперативінің инженер-операторы ретінде бастаған. 2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша Ақпарат және сынақ орталығының операторы, жетекші сарапшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және сынақ орталығы директорының орынбасары және директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының көмекшісі болып қызмет атқарған. 2009-2015 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі, қаржы-шаруашылығы және кадр жұмысы бөлімінің бас консультанты, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшылығы Хатшылығының бас консультанты лауазымдарында еңбек еткен. 2015-2018 жылдары аралығында Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметіндегі «Нұр Отан» партиясының өкілі, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Ақпараттық технологиялар орталығының директоры, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған. 2018 жылдың қыркүйек айынан бері «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет атқарып келген.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен  Ержан Бабақұмаров қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы) Қарабұлақ кентінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Қазақстан даму институтының бөлім меңгерушісі, Саяси зерттеулер орталығының директоры, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының бас маманы қызметтерін атқарған. 1996-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Әлеуметтік саяси бөлімінің бас инспекторы, Ақпараттық-талдама орталығының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігі Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы болған. 2008-2012 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, 2012 жылғы қазаннан 2016 жылға дейін Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болды; ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары (2016-2018). 2018 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі болып тағайындалды.  2019 жылы 5 шілдеде басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұл қызметтен босатылған. Қазақстанда, Ресейде, Үндістанда, Украинада басылған 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығының мүшесі.

Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаевтың өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ғалымжан Кенжешұлы Әбдіхалықов облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ғалымжан Әбдіхалықов 1964 жылы Ақмола облысы Біржан сал ауданында  дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын және Д.А.Қонаев атындағы университетті тәмәмдаған. Еңбек жолын 1985 жылы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданы Мамай кеңшарында бас мал дәрігері ретінде бастаған. 1988-1999 жылдары Бурабай (бұрынғы Щучье) ауданының Мәдениет кеңшарында директор, Юрьевск кеңшарында директор болып жұмыс істеді. 1999-2008 жылдары салық, қаржы полициясы, ҚР ІІМ органдарында қызмет атқарды. 2008-2018 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының ведомстволарында түрлі жауапты лауазымдарда істеді. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры болды. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының жаңа әкімі қызметіне Берік Оралұлы Жәкенов келді. ол  1978 жылғы 25 тамызда Целиноград қаласында  дүниеге келген. «Экономист» мамандығы бойынша Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін аяқтаған, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті  басқару» мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.  Еңбек жолын 2000 жылы Ақмола облысы Көкшетау қаласының Салық полициясы органдарынан бастаған.  2001 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 83205 ә/б  қызмет еткен.  Астана қаласы бойынша Салық комитетінің ақпараттық жүйелерді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің маманы, Қазақстан Республикасының салықтық органдарында үлкен қызмет өтілі бар. 2007-2009жж. Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болды. 2009 жылы Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2010 жылы Астана қ. «Нұр Отан» ХДП хатшылығының меңгерушісі, 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде қызмет етіп, кейін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Сарырарқа» ауданы бойынша Салық басқармасын басқарды. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымын атқарды. 2016 жылғы қазаннан бастап осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының басшысы болды. Ақтөбе облысы Ойыл ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке Асқар Қайырғалиұлы Қазыбаев келді. Асқар Қазыбаев 1962 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1979-1980 жылдары Ойыл ауданында қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1994-1997 жылдары Қаратал ауылдық округі әкімі қызметін атқарған. 1997-1999 жылдары Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, 2009-2010 жылдары Ойыл аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы, 2010-2019 жылдары Ойыл ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

ҚР Президенті әкімшілігінің және аудандық мәслихаттардың  келісімімен облыс әкімі Оңдасын Оразалин Хромтау ауданына Алдияров Нағымжан Смағұлұлын,  Алға ауданына Аққағазов Мамырғали Досқұлұлын, Мұғалжар ауданына Шериязданов Асқар Тұрарұлын және Байғанин ауданына Отаров Қайрат Орынбасарұлын тағайындады. Нағымжан Алдияров 1975 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1997-1998 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Аққайың» өндірістік кооперативінде аға есепші болып бастаған. Кейін Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алға қалалық округінің әкімі, Алға ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, 2017 жылдан  Алға ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Ал Мамырғали Аққағазов 1964 жылы туған. Жоғары білімді. 1986-1988 жж Алға ауданында колхоз инженері болып жұмыс істеді. Алға қалалық округінің  әкімі, Алға, Байғанин ауданы әкімдерінің  орынбасары, Байғанин ауданының әкімі,  Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы, «Ақтөбе» ӘКК»АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Мұғалжарға әкім болып тағайындалған Асқар Шериязданов 1968 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын №7 техникалық училищеде қазақ тілі және әдебиетінен  мұғалім болудан бастаған. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау басқармасының бөлім басшысы, облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы, Алға ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Байғанин ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Бұған дейін Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болған Қайрат Отаров 1968 жылы туған. Жоғары білімді. Алғаш еңбек жолын 1985 жылы Исатай ауданында жұмысшы болып бастады. Исатай аудандық  заңды тұлғалардың табыстарына салық салу бөлімінің бастығы, салық инспекциясы бастығының орынбасары, зейнетақы орталығы Ақтөбе облыстық филиалының директоры болды. Мұнан бөлек, Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданының әкімі лауазымына Елеусізов Мәди Қанатбайұлын, Ырғыз ауданының әкімі қызметіне Шахин Аққанат Әлішбекұлын тағайындады.  Мәди Елеусізов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін, Ресей кеден академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы Шалқар қаласы «Южбозой» АҚ-да экономист қызметінен бастаған. Ақтөбе облысы Кедендік бақылау басқармасының кедендік режимдерді бақылау бөлімінің инспекторы, Ақтөбе облысы бойынша Қобда кедендік бақылау басқармасының басшысы, Қобда ауданы әкімінің орынбасары, Мәртөк ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімдігі аппарат басшысы, «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал Аққанат Шахин 1961 жылы туған. Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтының түлегі. Ырғыз аудандық азаматтық қорғаныс штабының басшысы, Ырғыз ауданындағы «Шебер», «Ырғыз»  шағын кәсіпорындары  басшысының орынбасары қызметтерін, Ырғыз аудандық әкімдігі аппаратының басшысы және Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды.

Сонымен қатар осы облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қызметіне Нұрхан Кенжебайұлы Қадырбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығына Мәлімбет Ерғалиұлы Ибрашов тағайындады. Нұрхан Қадырбаев 1986 жылы туған. 2008 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының әртісі болып бастады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік клубының көркемдік жетекшісі, Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры басшысының орынбасары, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры қызметтерін атқарған. Ал Мәлімбет Ибрашов 1970 жылы туған. Алматы экономика және статистика институтын, Л. Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль және жол университетін, Халықаралық бизнес академиясы оқу орындарын аяқтаған. Еңбек жолын 1989 жылы Орынбор облысы Ақбұлақ совхозының құрылысшысы болып бастаған. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы, Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы, Қарғалы, Әйтеке би аудандарының әкімі қызметтерін атқарды.

 

Комментарий