Жаңалықтар | Новости

Қазақстанда биыл 113 педофил колонияға жіберілді

Қазақстанда 2021 жылы 113 педофил түзеу мекемелеріне жіберілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратура баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов төрағалық еткен отырыста қадағалау органының 2021 жылдың бес айындағы жұмыс қорытындысы шықты. Баспасөз қызметі мәліметі бойынша, қоғамдық мүдделерді қорғау саласында мемлекеттік бюджетке 11 миллиард теңгеден аса қаражат өтелген. 405 мың жұмыскердің пайдасына жалақы бойынша 3,4 миллиард теңге берешек өндірілген.

«Қылмыстық заңнаманы қатаңдату нәтижесінде мас күйде көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылғандар саны 106-дан 473-ке дейін 4,5 есеге артты, балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық істері бойынша 113 педофил түзеу мекемелеріне жіберілді», — делінген хабарламада.

Қылмыстық процесте тергеуге прокурорлық қадағалау сапасын арттыруға баса назар аударылғаны айтылды.

Нұрдәулетов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуын бақылау, дәрі-дәрмек, медициналық қамтамасыз ету, жер заңнамасын сақтау жөніндегі Президент тапсырмаларын сапалы орындау қажетін айтып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсу себептеріне талдау жүргізуге бағдар берді.

Комментарий