Жаңалықтар | Новости

Кеңес өкіметінің қайта орнағанын аңсай бастадым – жазушы Дулат Исабеков

– 90-ншы жылдардан бергі өзгерістерге көңіліңіз толады ма? Теледидардан көрсетіп жатқан жетістіктер ауыз толтырарлықтай ма ? 

– Шынымды айтсам, Кеңес өкіметінің қайта орнағанын аңсай бастадым … Ешқандай әділдік жоқ, жоспар жоқ, перспектива жоқ. Бұрын перспектива болатын. Қазір жазудың да мәні қалмады. Ол кезде стимул болды, ал қазір түк жоқ, жазушылар далада қалды. Иә, тәуелсіздікке ештеңе жетпейді. Бірақ ең жаманы – тәуелсіздіктің айбалтасы тек жазушылардың ғана мойнын шаба бастады. Ал Кеңес өкіметінде бір кітабым шықса, 15-20 мың сом алатынмын. Бұл дегеніміз бір машина мінуге жарайтын. Ал қазір не?! …

– Сонда тек қара халық ішінде жұмыссыз жүргендер ғана көп емес, қаламгерлерде де перспектива жоқ па?

– Қазіргі жазушыларды халық білмейді. Неге? Өйткені баяғыдағыдай әдебиет халық үшін оқиға болудан қалды. Халық оқырман емес, көрермен болып кетті. Халық күн көрудің мәселесімен айналысып жүр. Бұрын Қазақстан менің көз алдыма үлкен оқу залы сияқты көрінетін. Ең алғашқы кітабым 24 мың тиражбен шықты. Бұл қазіргімен қарасаң фантастика. Қазір жетпіске қараған, толысқан шағымызда кітаптарымыз 1000 данамен ғана шығады. Ол кімге жетеді? Жазушылардың кітабын қуып жүріп, іздеп оқитын оқырман жоқ. Одан кейін сыншы жоқ. Бұрын сыншылар жақсы-жаман болсын бетіне басып айтып тұратын.

Ең басты мәселе жазушылардың еңбегі еленбейтін болды. Біздің ұранымыз “жаз, жақсы жаз” болды. Стимул жоқ. Бізбен бірге шын жазушылар кетіп қалатын сияқты.

Меніңше, қазір әдебиет ұлы тоқырау кезеңін бастан кешіріп отыр. Жазушылар тоқырап қалған сияқты. Әдебиеттің алтын ғасыры 20 ғасыр өтіп кетті. Ресей, Америка, Франция үшін де дәл осындай. Барып, көріп, араласып жүрмін. Жазушыларымыз бен драматургтерімізде іздену әлемінің шеңбері өте тар. Бір нәрсені естіп алса, асығыс-үсігіс жаза салуға дайын тұрады. Тақырыпты зерттеу, тарихына бойлау, сол кейіпкер өмір сүрген заманды сараптау деген еңбек жоқ.

Сосын тақырыптың таяздығына ұшыраймыз. Мәселен, Мұқағали туралы бес пьеса жазылған екен. Сонда бұл тақырыптың өте күрделілігінен бе, әлде біз бір Мұқағалидің образын бесеуміз жабылып жүріп жасай алмағанымыз ба? Екініші нұсқа көбірек келеді.

Енді олардың пьесасындағы көтерген мәселесіне қараңыз: Мұқағалидің үй ала алмауы, кітап шығара алмауы. Айналайын – ау, бұл драматургияға тақырып болады ма? Бір әкім келіп үйін алып беріп, кітабын шығарып бере салды. Сонда Мұқағали образы осымен шектеледі ме? Егер ақынның трагедиясын жазғың келсе, оны ішкі жан дүниесінен, жазған өлеңдерінен іздеу керек.

Одан кейін мұндай ірі тұлалар аңызға айналуы қажет. Кеше ғана көз жұмған Шәмші туралы екі роман бар. Бұлай болмайды. Алдымен тұлғаның пендешілік, тұрмыстық кейпі ұмытылып, аңызға айналуы керек.

Тағы бір іш қынжылтатыны көрермендеріміздің сапасы төмендеп кетті. Бұрын Алматыда көрермендердің контингенті қалыптасқан болатын. Қазір жабайы экономика басталып, көшеде келе жатып асфальтқа түкіретін адамдар пайда болды. Ондай адамдар театрға барып мәз таппайды. Осындай көрермендер көбейіп келе жатқан кезде пьеса жазғың да келмей қалады екен. Бірақ ішіңде “жаз, жаз” деп тұрады. Тегін болса да, айыппұл салса да жазамын. Осы уақытқа дейін жазған дүнием үшін пәленше бер деп сұраған емеспін.

Жазушыларымыздың жағдайы нашарлап кеткені әдебиеттің сапасына әбден зиянын тигізіп жатыр. “Жақсы жаз, тегін жаз” дегені – коммунистік партияның жалаң ұранындай болып кетті. Жазушыларымыздың тоқырауы осыдан басталды. Бірақ жақсы күндерден үміт етеміз. Одан басқа амал жоқ.

– Сіздер жататын аға буын мен билікке халық мұңын жеткізетін жазушылар сарқылды ма деген үрей бар. Күні кеше әріптесіңіз Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті. Осы мәселе сізді толғандыра ма?

Біздің қатарластарымыз таусылып келе жатыр. Жазушылар бауыздағанда үндемейтін қой сияқты. Біздің жазушыларымыдың образы осындай. Үндемей дүниеден өтіп жатыр. Олар жоқшылығын айтпайды, көшеге шыға алмайды, митингке бармайды, дау айтпайды. Жазушылардың қаламақысы көтеріледі деп айтып қалады, бірақ жақсы болған дымы да жоқ.

Назарбаев президент болып тұрғанда көп кездестім. Сонда қаламақыны көтереміз деп айтып қалады. Бір кездесуде “көтере алмайсыз” деп айттым. Неге дегенде, ол үшін мықты механизм керек дедім. Көңілі қалаған бір жазушының қаламақысын көтеріп, одан басқа 750 жазушыға қалай тауып береді? Сондықтан мемлекеттік баспаны ретке келтіру керек.

Мен “Жазушылар” баспасында басшы боп істеген адаммын. Қыр-сырын жақсы білемін. Тіпті, бір реттік алғашқы қаржыны есептеп те бердім. Бірақ оны жүзеге асырмады.

Соған қарағанда жазушылардың ашқұрсақ болып жүргенін жақсы көретін сияқты. Ашқұрсақ адам тәуелді болады. Тәуелді адамдар сол билікті мақтайды. Жағымпаз ақын-жазушылардың ротасын дайындап жатқандай көрінеді. Біреуге алақан жайып отырған адам оны жамандай алмайды.

Толығырақ stan.kz сайтында

Комментарий