Жаңалықтар | Новости

Әкімшілік әділеттің болашағы зор

Өмір бір орында тұрмайды. Заман алға жылжыған сайын қоғамның да сұранысы өзгеруде. Ал заңның сол қоғамдық дамудан шет қалмай, қатар алға жылжуы өзекті. Өйткені, азаматтар қажеттілігіне жауап бермейтін, ел сұранысын қанағаттандыра алмайтын заңдардың ғұмыры қысқа. Осы мақсатта жыл сайын сот саласында түбірлі өзгерістер орын алып, түрлі реформалар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде жаңа заңдар қолданысқа енгізіліп, кейбір құжаттардың заманауи талаптарға сәйкес өзгертілер мен толықтыруларға ұшырайтыны қалыпты үрдіс. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі де сондай қажеттіліктен туған құқықтық құжаттың бірі.

Жалпы әкімшілік әділет институтының жұмысы жолға қойылған елдердегі мемлекеттік құрылымдар қызметінде шашау жоқ. Барлық қызметі ашық, айқын, жариялы түрде іске асатындықтан бұл елдерде мемлекеттік органдар қызметіндегі кемшіліктерді көрсетіп, сот арқылы құқығын қорғаудан азаматтар жүрексінбейді. Өйткені әкімшілік әділет салтанат құрған елдерде жария-құқықтық дауларды реттудің тетігі толық жасалып, онда азаматтар мен бизнестің құқығын қорғау басты орынға қойылған. Біздің елімізде де осы жақсы үрдіске қадам жасалды.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл заңды қабылдауға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастамашылық көтерді. Президенттің жолдауда берген бағыт-бағдарына орай еліміздің Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігі жаңа заңды дайындауға белсене кіріскен болатын. Құжатты жасау кезінде әкімшілік әділет институты оң нәтиже берген, жария-құқықтық даулар сапалы реттеліп келе жатқан Германия, Франция сияқты өркениетті мемлекеттердің тәжірибесі жан-жақты зерделенді. Мемлекеттік органдың әрекетіне, әрекетсіздігіне батыл сын айтып, сотта өз құқығын қорғаудан тайсалмайтын өзге ел азаматтарының сүйенері тек заң. Өйткені бұл елдерде әкімшілік рәсімдік процестердегі азаматтар мүддесі бірінші орынға қойылған.

Қазақстан да дамыған елдер көшіне ілесіп, жария-құқықтық дауларды сапалы қараудың, әкімшілік әділет институтын жандандырудың тетігі ретінде тәжірибеге енгізілгелі отырған жаңа кодекстен үлкен үміт күтіп отыр.  Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Соған орай алдағы уақытта жеке немесе заңды тұлға әкімшілік органдардың шешімімен немесе әрекеттерімен, әрекетсіздігімен келіспей, жария-құқыққа қатысты дау туындаса, олар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі негізінде жаңадан ашылған мамандандырылған әкімшілік соттарға талап қоюмен жүгіне алады. Яғни, бұрынғыдай әкімшілік органдардың шешіміне немесе әрекетіне қатысты даулар жалпы соттарда емес, мамандандырылған әкімшілік соттарда қаралатын болады. Бүгінде республикамызда жария-құқықтық дауларды қарауға маманданған 21 жаңа соттың жұмысқа кірісуіне барлық жағдай жасалуда. Бұл соттардың материалдық-техникалық мәселесі ғана шешіліп қоймай, онда жұмыс істейтін судьяларды іріктеуге де ерекше назар аударылып отыр. Себебі жаңа соттардың алғашқы аяқалысына көз тігіп, болашағына үміт артып отырған азамат көп. Сондықтан бұл соттарға тәжірибелі, біліктілігі жоғары, әкімшілік істерді зерделеуге төселген мамандардың таңдалуы заңдылық. Бұған қоса, жаңа заңнама дайындалған кезден бері Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында судьяларды Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде жұмыс істеуге машықтандыру бойынша дәрістер оқылып, тәжірибесін шыңдауға іс-әрекет жасалды. Заңды дайындаған, сот саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар білікті мамандардан, заңгерлерден тәлім алған судьялардың оқыған, білгені жұмыс барысында өз тиімділігін көрсетері анық.

Әбіш Жиренчин

Алматы қаласы Әуезо аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий