Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

ЖОҒАРҒЫ СОТТА ДИПЛОМАТТАР ПІКІР АЛМАСТЫ

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшылары үшін алғаш рет брифинг өткізді. Шарада шет елдер мен компаниялардың жүзге жуық өкілі Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты тыңдап, сұрақтарына жауап алды. Олардың арасында АҚШ, Түркия, Қытай, Италия, Нидерланды, Франция, Египет, Беларусь, Финляндия, Грузия, Украина, Куба, Словакия, Вьетнам, Индонезия, БАӘ, Болгария, Израиль, т.б. елдердің елшілері мен елші орынбасарлары болды. Кездесуді Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин жүргізді.

Реформалар оң нәтиже беруде

Шарада ұлттық сарапшы Назгүл Ерғалиева сот жүйесіндегі реформалар нәтижесі туралы айтты. Реформа тәуелсіздік пен бейтараптықтың жоқтығы, сыбайлас жемқорлық, судьялардың кәсібилігі сияқты проблемаларды ашып берді. Сын объектілері ретінде олар сот жүйесіне деген қоғамдық сенім деңгейінің төмен болу себебін түсіндірді. Оларды жою үшін қабылданған шаралардан хабардар етті.

Соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін төрағалардың екі реттен артық тағайындалмайтыны заңдық тұрғыдан бекітілген болатын. Қазіргі таңда әрбір төртінші аудандық сотта төраға жоқ. Сот жюриі Жоғарғы Соттан бөлек жұмыс істейтін Жоғары сот кеңесіне берілді. Судьялар нақтылы бюджет жүйесі бойынша атқарушы билікке тәуелділіктен арылды. Қазылардың кәсібилігін арттыру үшін іріктеу күшейтілді. Судьялардың кәсіби білігін бағалаудың жаңа әдістемесі енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бойынша жабық корпоративтік мәдениет саясаты ашық тергеумен ауыстырылды. Судьялар сыбайлас жемқорлық бойынша жауапкершілікке соңғы 3 жылда бұрынғыға қарағанда көбірек тартылған. Енді судьялар құқық қорғау органдарының қысымына қарсы тұратын болды. Осы шара айыптау бағытын жоюды көздейді. Ақталған адамдардың саны бірден 2,2 есе өсті. Олардың көпшілігі ауыр қылмыстық істер бойынша ақталуда. Адвокаттар шағымының үштен бірі қанағаттандырылуда. Бұрын бұл көрсеткіш 25%-ды құрайтын. Алқабилер қарайтын қылмыс санаты 13-тен 32-ге дейін кеңейтілді. Барлық аса ауыр қылмыстар 2023 жылдан бастап олардың юрисдикциясына өтеді. Бұған дейін мемлекеттік органмен арадағы дауларда жеке компаниялардың жеңіске жету ықтималдығы шамамен 14% болды. Инвесторларға көмек ретінде 2015 жылы Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы құрылды. Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдауға 15 жыл уақыт кетті. Енді азаматтар мен бизнес мемлекеттік органдармен қарым-қатынас кезінде өз құқығын қорғап, жосықсыз басқаруға жол бергені үшін оларды жауапкершілікке тарта алатын болды. Барлық сот ғимаратының 2/3 бөлігін жөндеу азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Әлемдік рейтингтерде Қазақстан барлық негізгі «судьялық» көрсеткіштер бойынша өз орнын жақсартты. БҰҰ ДБ-ның 2020 жылғы тәуелсіз зерттеулеріне сәйкес, Дүниежүзілік банктің жобасы бойынша қалың жұртшылықтың 53%-ы соттарға сенеді. Сот қызметін пайдаланушылардың 67%-ы өз тәжірибесін оң бағалайды.

Бастамалар жалғасады

Үш деңгейлі жүйе тежемелік әрі тепе-теңдік тетігін құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қылмыстық процесте полиция, прокуратура және сот атқаратын міндеттер нақты бөлінеді.
Дәлелдеудің жаңа ережелері (ақпарат сотта ұсынылғаннан кейін және сот оны жарамды деп танығаннан кейін ғана дәлелдеме болады) және рәсімдер ұсынылды (сот прокурордан
айыптауды ғана алады, ал арызды адвокаттан алады). Цифрландыруды дамыту сот шешімдерін барынша ашық етеді әрі тұтынушыларға сот практикасын іздеу және істің аяқталу ықтималдығын болжау мүмкіндігін береді. Судьяларға арналған электрондық көмекші қарапайым істер бойынша шешімдерді әзірлейді және қағаз жүктемесін азайтады. Эксаумақтық юрисдикция істерді талап қоюшылар жүгінетін бір соттың судьялары арасында ғана емес, сонымен бірге елдің барлық судьялары арасында бөледі. Жоба судьяларды бейтарап етеді әрі жергілікті жердегі ықпалдан босатады, өңірлер бойынша жұмыс жүктемесін теңестіреді. Н.Ерғалиева жергілікті судьяларды судьялық көшбасшылықты дамытуға көбірек тарту, сапалы сот оқуына ден қою және болашақ реформалар үшін берік ғылыми негіз қалау, осы реформалардың соттарға және одан тыс жерлерге әсерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшылар тобын тарту қажет деп есептейді.

Бірегей брифинг

Кездесуде Палестина Елшісі Мунтасер Абу Зейд «Қазақстанда әділетті шешім қабылдау үшін заңнан басқа қандай негіз бар?» деп сұрады. Оған жауап бере келіп, Ж.Асанов елдегі мемлекеттік билік заң шығарушы, сот және атқарушы билік болып бөлінуі арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. «Сот билігі заңдарды қабылдамайды, бірақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Конституция құқықтың қайнар көзі. Судьялар оны басшылыққа алады. «Құқықтың басқа көзі жоқ. Заңдар өмірдің барлық жағдайларын реттей алмайды. Сондықтан судья ішкі сеніміне, өзінің ақыл-парасатына, қисынды шешімі мен кәсіби қабілетіне, адалдығы мен тәртіптілігіне ден қояды», – деді. Германия елшісі Тило Йоханнес Клиннер «ҚР
Үкіметі ЖС шешімдерін орындай ма және инвесторлармен арадағы дауларды АХҚО сотында шешу мүмкіндігі көп пе?» деген сұрақ қойды. «Сіз ЖС шешімдерінің орындалмауы туралы
айтып, қарсыластармен болатын дау-дамайға қатысты маған жақсы қолдау білдіріп отырсыз», – деді Ж.Асанов. Төраға «мемлекеттік органдар қош көрмейтін» ӘРПК-нің енгізілуін осы
кемшілікті жоюдың жолы деп біледі. Кодекстің мәні – адам мен бизнеске өз келіспеушілігін жеткізуге мүмкіндік беру. Бұдан әрі мемлекеттік орган өзінің кінәсіздігін дәлелдеуі тиіс.
АХҚО сотының тіркеушісі Кристофер Холттың пікірінше, Н.Ерғалиеваның таныстырылымы аз ғана уақыт ішінде прогреске қол жеткізудің үлгісі болып табылады. Ол АХҚО соты мен
төрелік орталығы дауларды шеше отырып, өзінің абсолютті тәуелсіздігін қамтамасыз ететініне сендірді. Оның айтуынша, 4 жыл бойы және 2 тоқсан кезеңінде қызмет атқарған кезде олар 447 істі сәтті шешкен. К.Холт «мұны сот пен орталық үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш» деп санайды.

Барлық істер бойынша шешімдердің 100%-ы орындауға қабылданған. Берлин қалалық сотының судьясы Йорг Пуделька жаңа әкімшілік-аумақтық бөліністің артықшылығын атап өтті. Мемлекеттік органдар өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуге міндетті және сот актісінің орындалуын соттың өзі бақылайды. Ол реформаның нәтижесі Қазақстанның халықаралық рейтингтегі көрсеткішін және елдегі инвестициялық ахуалды жақсартатынына сенімді. Австрияның елшісі Вилли Кемпелдің «судьялардың заңнаманы жақсартуға мүмкіндігі бар
ма?» деген сұрағына Жоғарғы Сот төрағасы: «егер судья заңның Конституцияға қайшы екенін көрсе, онда ол істі қарауды тоқтата тұруға және заңның осы нормасының конституциялылығын анықтау үшін Конституциялық Кеңеске жүгінуге құқылы», – деп жауап берді.

Ал Ватиканның Апостолдық Нунцийі Фрэнсис Ассизи Чулликат Ж.Асановқа: «Бұрын сіз әділ соттың жоқтығына, судьялардың тәуелсіздігіне және сот бақылауының нашарлығына алаңдаушылық білдірген едіңіз. Сізге қайсысын шешу қиын болды және қандай нәтижеге қанағаттандыңыз?» деп сұрақ қойды. Ж.Асанов 3 жыл бұрын әйтеуір бір адам ақталған кезде өзінің жұмыстан жақсы көңіл-күймен қайтқанын мойындады. «Сол 2018 жылы сот 75 адамды ақтады! Бұл бір ерекше жыл болды» деді ол. «Жоспарлар үміт артады. Тіпті дамыған елдер де өзгерістерді бастан кешіруде. Ең бастысы – проблемаларды қалай жеңуге болатынын нақты көре білу, кәсіби команда, Президенттің ерік-жігері, әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істеу», – деп сенеді ол.

«Бейкер және Макензи» қазақстандық кеңсесінің директоры Куртис Мастерс «Қазақстанның сот жүйесін бұрынғы кеңестік елдер ішіндегі ең үздіктердің бірі» деп санайды. Реформалардың ішінде ол цифрландырудың даму деңгейін атап өтті. Басқа елдерге қарағанда пандемия Қазақстан соттарының жұмысына әсер етпеді. Мұны инновациялық қадамнан және инвесторлар қатысатын дауларды қарау сапасының жақсаруынан байқауға болады. Сонымен қатар ЖС басшылығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы барынша төзімділік
саясатын ұстанғаны аталып өтілді. Ауғанстанның уақытша сенімді өкілі Азизулла Омардың сот шешімдерін орындаудың және сенімді қарым-қатынастарды қалпына келтірудің
маңыздылығы туралы тезисіне орай төраға 2018 жылы Сингапурға барған сапарын еске алды. «Онда аудандық сотта 86 судья жұмыс істеді, олардың 11-і бірінші қабатта отырады және онда келіп түскен талап қою арызының 95%-ы татуласу арқылы шешілді. Қойылған талаптар сотқа жетпейді әрі достық қарым-қатынас сақталады. Талап арыздардың тек 5%-ы ғана сот ісін жүргізуге қабылданады» – деп, бұл елде тіпті медиаторлар жұмыс істейтін ғимараттың судьялар кабинеттеріне қарағанда заманауи екенін атап өтті. Оның пікірінше, судьяларға деген сұраныс азаяды, яғни адамдар дауларды шешу барысында ымыраға келуі керек. Жоғарғы Сот төрағасы Президенттің сот төрелігін жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті. Қ.Тоқаев судьялар корпусының стратегиялық міндеті қоғамның сенімін арттырумен байланысты екенін әрдайым баса айтады. Президент басшылығымен Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. «Сот реформалары барлық елдерде тұрақты жүріп жатыр. Біз де бұдан тыс қала алмаймыз. Біздің реформамыз белсенді даму үстінде. Біздің соттар мен судьялар кіршіксіз жұмыс істеуде деп айта алмаймыз. Көптеген юрисдикциялар сияқты бізде де бірқатар қиындықтар бар. Осы мәселелерге баса назар аударылуда», – деді.

Дипломаттарға арнаған сөзінде Жақып Асанов реформаларға қатысты пікірін білу үшін сауалнама жүргізуді және осындай брифингті өткізуді дәстүрге айналдыруды ұсынды. Өзара пікір алмасу үшін жыл сайын маусым айының басында басқосу жоспарланып отыр.

Гүлмира МҰХАНБЕТЖАНОВА

Комментарий