Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Еренғайып ОМАРОВ, «Қайнар» университетінің ректоры, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик: «Тарихы бар ел – өркениетті ел»

Тәуелсіздік жылдары тарих және мәдениеттану саласында «қазақ өркениеті» жайлы түсініктер қалыптаса бастады. Бұл тұрғыда осы ілім мәселесінде ой қозғап, пікір білдіріп жүрген ғалымдардың бірқатар еңбегі жарияланды. Осыған орай «Қазақ өркениетінің негізі» деп аталатын кітаптың авторы, «Қайнар» университетінің ректоры, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Еренғайып ОМАРОВ мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Еренғайып Сәліпұлы, «Қазақ өркениеті» тақырыбына қалай келдіңіз?

– «Өркениет» ұғымына бiржақты, бiржола анықтама беру қиын. Шынында өркениет ұғымы бiрқатар әлеуметтiк генотиптi, әлеуметтiк стереотиптi меңгерген. Сондай-ақ, үлкен, жеткiлiктi,
автономиялық, барынша тұйықталған географиялық кеңiстiктi игерген, мемлекет құрған және осыған орай әлемдiк тарихтан берiк орын алған адамдардың мәдени қауымын бiлдiредi. Қазақ өркениетiнiң категориялық-ұғымдық ақпараты ендi ғана құралып келедi десек те, егер есептеудi арийлер мен шумерлерден бастап жүргiзсек, ол тарихи жылнама бойынша басқа да көптеген көне өркениеттермен қатар тұрады. А. Дж. Тойнбидiң теориясына сүйенсек, қазақ өркениетi үшiн шумер өркениетi генетикалық жағынан туыс қоғам болып табылады. Ал қазақ өркениетi, өз негiзiнде, өркениет категориясына, дәлiрек айтқанда, жергiлiктi өркениетке қойылатын талаптардың бәріне жауап бередi. Жаңа нәрсенi жақтаушылардың да, оған қарсы пікірдегілердің болатыны да табиғи нәрсе. Алғаш рет ресми түрде «Қазақ өркениетi» терминi 1999 жылы «Қазақ өркениетi» журналының тiркеу куәлiгiн алған кезде көрсетiлдi.
Ғылыми тұрғыда қазақ өркениетi туралы хабарды мен 2000 жылы Алматыда өткен және 2001 жылы Австралияда өткен халықаралық конференцияларда жария еттiм. Бұл ұғым бiртiндеп мемлекеттік басылымдардан және «Қазақ өркениетi» журналында жарияланған көптеген мақалалардан қолдау тапты. Жалпы «Қайнар» университеті «Қазақ өркениеті» деген не, оның белгілері қандай деген сұрақтарға түсіндірме жасауды белсенді түрде қолға алып, үлкен зерттеу жұмысын жасады. Міне, бірнеше жылға созылған осы зерттеу барысы аяқталуға жақын.

– «Қазақ өркениеті» ұғымына толығырақ тоқталып өтсеңіз…

– Кезінде еуропалық ғалымдар қаптаған қазақ қалаларындағы қайнаған тіршілікті өркениет ошағы ретінде қарастырмады. «Қазақ философиясы» және «Қазақ өрекениеті» ұғымдары мүлдем болған жоқ. Өркениет сөзінің қазақ тіліне қай кезде кіргені белгісіз. Қазақ ғалымдары 2000 жылға дейін өркениет ұғымын сирек қолданатын, пайдаланғанның өзінде қазақ тарихына байланысты қарастырмайтын. Оны қолдануды алғашқыда «көшпенділер өркениеті», «дала өркениеті», «қазақ өркениеті» деген терминдер аясында ғана кездестіре
бастадық, артынан тарихшылар мен философтар қазақ өркениеті тақырыбын да дамыта бастады. Күнi кешеге дейiн ғалымдар «Дала өркениетi», «Көшпендiлер өркениетi» деген терминдi қолданып келдi. Мен бұларға қоса «Қазақ өркениетi» деген ұғым енгiзудi ұсындым. Ата-бабаларымыз тек малдың соңында жүрiп күнелтпегенi ақиқат. Кейiнгi табылған археологиялық қазбалар және ескі тарихи қолжазбалар соны растайды. Бұлтартпас дәлелдер табылған соң, 2001 жылдан бастап Түркияда, Австралияда, Тайваньда және Мәскеу, Алматы қалаларында өркениеттерге арналған конференцияларда қазақ өркениетiнiң бар екенiне дүниежүзi ғалымдарының көзiн жеткiздiк. Зерттеудің алғашқы нәтижелері «Краткая история казахской цивилизации» (Е.Омаров, 2005 ж.) деген кітапқа енгізілді. Соңынан Қытай мемлекетінде «Қазақ өркениеті» (Е.Омаров, 2008 ж. Пекин, «Ұлттар» баспасы), Алматыда «Қазақ өркениеті» (авторы – Уахит Шәлекенов, 2009 жыл) және менің «Қазақ өркениетінің негізі» атты кітабым жарық көрді. Қазақ өркениеті бар. Біздің міндет – оны зерттеу, анықтамасын беріп, аумағын, құрамдас бөлігін көрсету, ең негізгісі, жас ұрпаққа жеткізу. Тәуелсіздік заманында туған ұрпақ ұлы өркениеттің сынығы екенімізді біліп өссе
дейміз. Американың ғалымы әрі мемлекет қайраткері Генри Кисинджердің «Қазақстан – өркениеттер бесігі» деген сөзі бар. Ендi қазақ өркениетi iшiнен: дала өркениетiн, көшпендiлер, әскери-демократиялық, қалалық, егiншiлiк және өзен өркениеттерiн таба аламыз. Қазақ өркениетi – қазақ халқының және олардың ертедегi бабалары – қассақтардан (касситтерден), шумер, арий, скиф, сақ, ғұндардан одан берi хорезм, қазар, түрiк, қыпшақтардан көздiң қарашығындай сақталып келе жатқан, өзiне тән ұлттық генотипi, ерекшелiгi, шектелген үлкен кеңiстiгi бар, әлемде өзiнiң нық орнын алған мемлекеттiгi бар, тұрмысының, мәдениетiнiң даму тарихының нәтижесі. Қазақ өркениетi – сақ, оның iшiнде қассақ– массагеттер және ғұндар өркениетiнiң мұрагерi.

– Жоғарыда «Қазақ өркениетінде» болған өркениеттер туралы айтып қалдыңыз. Өркениеттің дамуындағы ұлттың рөлі қандай?

– «Көшпендiлік өркениеті өзiнiң кемі 3000 жылдық ғұмырында Жерорта теңiзi мен Қиыр Шығыс елдерiне қарағанда, үлкен шығармашылық эволюцияны бастан өткердi», деп санайды
Л.Гумилев. Ол Еуразия сахарасындағы көшпендiлер өркениетiн бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi XI ғасырдан бастап, бiздiң заманымыздың XVIII ғасырына дейiн жеткiзедi және олар дүниежүзiлiк өркениетке қомақты үлес қосты деп есептейдi. Шынымен, көшпенділердің адамзат өркениеті алдындағы сіңірген өшпес ерлігі – жылқыны көлік ретінде қолдануы. «Көшпенділер өркениеті» деген ұғымды ғалымдар пайдалана бастады. Бұған себеп болған – Қазақстан жерінен табылған ескі қалалар. Біздің жыл санауымыздан мың жылға жуық
бұрын Алтайдан Донға дейін Еуразия сахарасында пайда болып, эволюциялық даму сатыларынан өтіп, бірегейлік, біртұтастық қадір-қасиеттерін сақтаған өркениет – Дала өркениеті өрбіді. Бұл географиялық аймақта этномәдени тұтастық қалыптасты, славян, финоугор, үндіарийлік, түркі тектес тайпалар әлеуметтік-экономикалық үрдістер барысында өзара байланысты. Осы ектер тоғысуында сақ түркі тегі, оны бірегейлі жеңіп шықты. Табиғи ортаға байланысты өркениет түрлерi бар. Бұлардың iшiнде ең жоғары тұрғаны – Өзендiк өркениет. Кеңес өкiметi кезiнде С.Толстов деген ғалым Хорезмдi зерттеп, үлкен еңбек жазды. Сол кiсi былай дейдi: «Хорезмде кеме және кемеге қажеттi құралдар жасап, Еуропаға сатқан». Бұдан түйетiн ой, яғни кеменi еуропалықтармен қатар, бiздiң ата-бабаларымыз да жасаған. Хазарлар V– VI ғасырдан бастап Жайықтың жағасында уылдырықтан балық өсiре бастаған. Балық өсiру мен кеме жасау – өзендiк өркениеттiң шыңы деп айтуға болады. Бiзге туыстығы бар кемер халқы сақтарға дейiн Каспий, Қара теңiз жағалауында тұрып, кеме жасаған,
теңiзде жүзу шеберi болған. Кемер сақтары – кеме жасайтындар деген мағынада аталған болар немесе олар жасаған үлкен қайықты «кеме» деп атап кеткен. «Кеме» деген сөз қазақ
тiлiне солардан енген болар. Қазақтың екінші аты «қайсақ» екенін білесіздер, «қай» ертеде – су, теңіз дегенді білдірген (қайық, қайнау, қайнар). Қытай, жапон тілдерінде «қай»
сөзі осы күнге дейін теңіз деген мағынаны білдіреді, бізде ұмыт болған. Олай болса, қайсақ – теңіз сақтары дегенді білдіреді, соған қарағанда, өзендік өркениет Орта Азияда қазақта ғана болған. Қазақ өркениетінде: өзендік, далалық, қалалық, көшпенділiк өркениеттермен қатар, әскери-демократиялық өркениет және егiншiлiк өркениеті болған.

– Қазақтардың әлемдік өркениет қазынасына қосқан үлесі қандай?

– Ғұндардың Еуропаға көшуi тарихта халықтың ұлы көшiп-қонуымен белгiлi. Қазақтар осы көшiп-қонудың арқасында территориясын үлкейте, кеңейте түскенi шындық. Бiздiң бабаларымыз бiрiншi болып өз территориясының шекараларын бағаналармен немесе таспен белгiлеген, сол белгiленген жерлерге өз руының кейде мемлекеттiң таңбасын басып отырған. Орталық Азияда билiк жүргiзген эфталиттер заманында Ақ-Ғұндар қойған шекара белгiлерiн Иран патшасы Пероз VI ғасырда жылжытамын деп жүрiп, Ақ ғұндардың
патшасы Ақшұбардың қолынан қаза болған. Осындай шекара тастарының біреуін «Қайнар» университетінің археология экспедициясы тапқан. Одан бөлек, салт атқа отыруды, атқа
қолданатын саймандар мен құрал- жабдықтар жасады. Атты әскерді құрды, оларды еуропалықтар кентаврлар деп атады. Қорғанға жерлеуді, далалық пирамидаларды; күрделі құрамды садақты; қала құрылысын; киіз үйді; күйдірген кірпішті ойлап тапты. Рим империясын құлатып, құл иеленушілік қоғамның жойылуына ықпал етті. Тон, кілем, кеудеше, шұлық тоқуды, өкше, үзеңгі жасап, етік тігуді ойлап шығарды. Кендір мен мақта-мата негіздері бойынша қағаз жасауды ойлап шығарды. Бұл тізім бұдан ары қарай да ұзара берері күмәнсіз. Қазір есіме түсіп отырғанын ғана айтып отырмын. Бұл орайда, Аттила мен Томирис сияқты ұлы тұлғаларымызды ұмытпағанымыз да абзал. Францияда Аттилаға 2012 жылы ескерткіш қойды. «Аттила» атты кітабымда бұл туралы көп дүние жазғанмын. Бұл тарихи тұлғаны зерттегенде бір мақсат бар. Ол – біздің тарихымыздың тереңнен келе жатқанын көрсету. Тарихы бар ел – өркениетті ел. Өркениетті елдің тұлғаларын басқа ел танып жатса, қуанарлық жайт. Соның ішінде Шыңғыс ханның қазаққа қаншалықты қатысы бар екенінің өзі үлкен дау. Ал Аттиланың қазаққа қатысы туралы дау жоқтың қасы. Ғұндардың патшасы болған, қазақтың тарихы содан басталады. Ғұндар заманында негізгі өркениет ғұндар мен Рим империясында ғана болған дейді немістің атақты ғалымы Ш.Освальд. Сол кездегі  өркениетті елдер әлемді өзіне қарата білген. Соның бірі – ғұндар. Олар қазақтың жерінде өркендеп, содан ары
батысқа қарай жылжыған. Аттиланың он бесінші атасы Тараз қаласын салған. Бұл ғұндар өркениетінің гүлденген кезі болатын. Осы кезден бастап ғұндар Қытайдан бергі кеңістікті билеп отырған. Аттиланың өркениетке қосқан негізгі үлесі – Европаны құлдықтан босатты. Егер де бiз әлемдiк өркениетке қазақтардың қосқан үлесiн тiзетiн болсақ, бұл бiр мақаламен шектелмейдi. 1999 – 2008 жылдары «Қайнар» университеті ұйымдастырған экспедиция Стамбулдан Бейжіңге дейін созылған «Ұлы Жібек жолын» басынан аяғына дейін жүріп өтті. Соның ішінде өзім де Жібектің отаны – Хайнань аралына дейін бардым. Қашқар саяхаты соның ең маңыздысы еді. Өркениеттің тірегі экономика екені белгілі, оның ішінде Жібек жолының алатын орны ерекше. Бұл енді бөлек тақырып…
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий