Жаңалықтар | Новости

Дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат заңбұзушылықтары анықталды

Есеп комитеті Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген ақшаны пайдалану аудитінің қорытындысына сәйкес, 355 миллиард теңге бойынша заң бұзу деректерін анықтады. Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова мәлім етті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаражатты пайдалану бойынша да мәселелер бар. 6,9 триллион теңгенің 4,5 триллион теңгесі тексерілді, оның 2 триллион теңгесі бойынша аудит жүргізілді. 355 миллиард теңге бойынша заң бұзу деректері анықталды. Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында тағы 243 миллиард теңге қайта бөлінді”, – деді Наталья Годунова Сенат отырысында.

Оның айтуынша, елде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде сақталғанына қарамастан, жұмыспен қамтуды қолдау шығындарының едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға бағытталған. Жұмыспен қамтудың орташа кезеңі – 1-3 ай.

Годунованың айтуынша, үкімет қажетті шаралар қабылдаған және “қазіргі уақытта мемлекеттік ресурстарды босқа ысырап етпеуге мүмкіндік беретін” талаптар бекітілген.

Бұған дейін Қаржы министрлігі дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген ақшаның жұмсалуына аудиторлық тексерулерден кейін бес қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

Комментарий