Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сенім – жоғары сапа көрсеткіші

Қоғамның талабы, елдің үні ескерілген құжаттардың болашағы зор. Мұндай заңнамалар азаматтардың сенімін нығайтады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық сенімі – кез келген құрылымның жұмыс сапасының басты көрсеткіші екенін дәл аңғарған. Міне осындай қарапайым жұртшылықтың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғап, сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін жаңа заң санаулы уақыттан кейін тәжірибеге енгізілмек. Президент тапсырмасы бойынша дайындалған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бұған дейін қолданыста болған «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңдарының күшін жойды.

Бұл құжаттың қоғамға берері көп. Мәселен осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы әкімшілік құқықтық қатынастардан туындайтын даулар жалпы немесе арнайы экономикалық соттарда қаралғаны мәлім. Жаңа кодекс осы қалыптасқан үрдіске өзгеріс енгізбек. Соған орай Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс тәжірибеге енгізілетін 1 шілдеден бастап жария-құқықтық даулар жаңадан құрылып жатқан мамандандырылған әкімшілік соттарда қаралады. Бұл өз кезегінде қазақстандық сотта жаңа мамандандырылған соттар, жаңа салаға бейімделген судьялар шоғырының қалыптасуына жол ашпақ.

Кодекс негізінен мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мұндағы басты қағидаттар да көпшілік көңілінен шығары анық.

Мәселен, әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі бекітілді. Бұл істің әділ, сапалы қаралуына көмектеседі. Өйткені тараптардың істің мән-жайын толық ашатын дәлел, дәйектерді сұратуға, талап етуге құқықтық сауаты, мүмкіндігі болмайды. Ал дауды сырттан бақылаған судьяға әділдікке қол жеткізу үшін дәлел, айғақ, анықтама, құжаттардағы кемшін тұстары бірден көрініп тұрады. Кодекстегі құзыретін пайдаланған судья енді қатысушылардың түсініктемелерімен, мәлімдемелерімен, олар ұсынған дәлелдемелермен және істің өзге де материалдарымен шектелмей, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге мүмкіндік алды. Сонымен бірге ол өз бастамасы немесе процеске қатысушының өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен айғақ заттарды жинап, тараптардан анықтама, қосымша дәлелдер талап ете алады.

Бұдан бөлек кодексте “Формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу”, заңдылық және әділдік қағидаттары, құқықтар басымдығы, сенім құқығын қорғау қағидаттары қарастырылған. Бұл қағидаттардың әрқайсысы әкімшілік органға, лауазымды адамға әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуға, шектеуге, тоқтатуға тыйым салып, өз міндетін талапқа сай атқаруды міндеттейді. Жалпы әкімшілік әділеттің өзі мемлекеттік органдар жұмысын жандандыруға, азаматтарға сапалы қызмет алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда жоғарыдағы қағидаттар құзырлы орындар қызметін жандандыруға барынша ықпал етеді.

Сондай-ақ кодексте мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы, азаматтың кінәсіздік презумпциясы басты орынға қойылған. Яғни, енді жария-құқықтық дауларда өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу жеке азаматтарға емес, мемлекеттік органға міндеттеліп отыр. Бұрын осындай мүмкіндіктің жоқтығынан азаматтар мемлекеттік органдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданудан именетін. Ал жаңа заңнама азаматтардың өзіне, өз құқығының толық қорғаларына сенімін арттырды.

Маржан Сұранчиева,

Алматы қаласы

Әуезо аудандық №2 сотының судьясы

 

 

 

 

Комментарий