Жаңалықтар | Новости

Татулық – табысқа, бітімгершілік – берекеге бастайды

Еліміздің даму бағыттарының бірі азаматтардың арасындағы өзара дауларды азайтып, оларды сотқа жеткізбей шешу болып табылады. Осы бағыттағы мәселелерді жүзеге асыру мақсатында 2020 жылы қолданыстағы Азаматтық процестік кодекске толықтырулар енгізіліп, соттарға талап қоюшымен сотқа талап қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тараптарды татуластыру бойынша шаралар қолдануға құқық берілген.

Сонымен қатар, заң талаптарымен татуласқан тараптарға мемлекет есебіне төленген баж салығын толығымен қайтару көзделген. Осы шаралардың барлығы дауласушы тараптардың арасындағы дауды барынша тез және өзара шешуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен ауқымды шаралар атқарылуда. Мысалы, барлық соттарда татуластырушы судьялар белгіленіп, дауласушы тараптарды татуластыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Соттармен жүргізіліп отырылған татуластыру рәсімдері, туындаған дауды бітімгершілікпен шешу, тек ғана судьяның кәсіпкерлік біліктілігінен емес, тараптар өкілдерінің, яғни, кәсіби заңгерлердің де біліктілігінен, олардың істі сотқа дейін шешуге деген көзқарасымен байланысты болатынын көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процесті кодесінің 150-бабының талабына сай, судья талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Яғни, судья, дауларды шешу, оны болдырмау мақсатында сотқа арызданған тұлғаларға татуласудың артықшылықтарын түсіндіреді.

Талап қою арызын қабылдаған кезде судья татуластыру рәсімдерін аталған Кодекстің 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүргізеді. АПК-нің 174 бабына сай, судья тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды және заңға қайшы келмейді. Татуласу келісімін сот бекітеді.

Тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді және істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта мәлімделуі мүмкін. Тараптар кассациялық сатыдағы сотта өтінішхатпен бірге бір мезгілде дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді ұсынуға тиіс. Татуластырушы судья тарапынан атқарылған бітімгершілік келісімдердің нәтижесінде азаматтық істер бойынша іс жүргізілу АПК-нің 277-бабының 5), 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда тоқтатылады.

Талап арыз сотқа оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қабылданған болса, ал тараптар бітімгершілік келісімге келген жағдайда АПК-нің 147 бабының 5 тармағына сәйкес, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен тараптар ұсынған құжаттар бойынша тараптарды шақырмастан, осы Кодекстің 277, 279-баптарында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуы мүмкін. Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі. Халқымызда «Татулық – табысқа, бірлік – берекеге бастайды» деген тамаша тәмсіл бар. Әрқайсымыз осы тәмсілді басшылыққа алсақ, кез келген дау-жанжалдың бітімгершілікпен шешілуіне атсалысып, еліміздің одан әрі өкендеуіне үлес қосарымыз анық.

Айгерім Доғалова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий