Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сот актілерінің орындалуы міндетті

ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодексін халыққа түсіндіруде соттар тарапынан белсенділік басым екеніне ел куә. Со5ан орай, біз де аталған Кодекстің 2-тарауына, яғни, әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттарына қысқаша тоқталып өтпекпіз.

Алдымен әкімшілік рәсімдердің міндеттеріне келсек, біріншіден, осы заң жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтары, бостандықтары мен мүдделері толық іске асырылып, жария-құқықтық қатынастарда жеке, сондай-ақ, қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізіледі. Ал, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндетіне жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, т.б. тиімді түрде қорғау мақсатында істерді әділ, бейтарап, уақтылы шешу кіреді. Кодексте заңдылық қағидаты нақтыланған. Соған сай, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті және Ата Заң, т.б. нормативтік құқықтық актілер шегінде іске асырады. Сот әкімшілік істерді қарап, шешуде барлық заң талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. Айта кетрлігі, соттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес.

Әділдік қағидаты бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ, соттар істі қарау кезінде нақтылық пен бейтараптылықты сақтай отырып, іске қатысушылардың әрқайсысының заңды құқықтарын жүзеге асырады. 9-бапқа орай, әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Мемлекеттік органдар да өз құзыреті шегінде сотқа талап қоя алады. Прокурорлар да өздеріне жүктелген міндеттер шеңберінде сотқа талап қою құқығына ие. Дауды сотқа дейін реттеу тәртібі заңмен белгіленсе, осы тәртіп сақталғаннан кейін сотқа жолданым беруге болады. Ешкімнің де өз келісімінсіз заңда көзделген соттылығын өзгертуге болмайды.

11-бапта әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері белгіленген. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және әкімшілік әрекетті жасау немесе жасамау өкілеттік мақсаттарына сәйкес келуі тиіс. Аталған заңда барлық күмән, қайшылықтардың әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндірілетіні көзделген. Бұл заңдылық 12-баппен айқындалған. Сенім құқығын қорғауда әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот ел заңдарымен теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі. Тағы бір айта кетерлігі, ӘРПК-да анықтық презумпциясы қарастырылған. Осыған сай, материалдардың, құжаттар мен мәліметтердің түпнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам оларды өздері дербес тексеруге міндетті.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде соттар белсенді рөлге ие. Яғни, сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Сонымен қатар, судья әкімшілік істің нақты заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзіміне келсек, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізуді қоса алғанда, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады. Сот актілерінің міндеттілігі де заңмен жан-жақты нақтыланған. Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ, соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және республиканың бүкіл аумағында орындалуға жатады. Сот актілерін, сол сияқты соттың талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға алып келеді. Сот актілерін сот түпкілікті дайын болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік процестің тараптарына жібереді.

Анар Толықбаева,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы

Маңғыстау облысы

Комментарий