Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Тілектес БӘРПІБАЕВ, Астана қалалық сотының төрағасы:«Лайықты тәрбие алмаған адамның жемқорлыққа қарсы иммунитеті төмен»

– Жаңғырудан, жаңа реформа енгізуден кенде болмай келе жатқан саланың бірі – сот құрылымы. Президенттік қызметке кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев та инаугурация кезіндегі алғашқы сөзінде сот саласына реформа керектігін қадап айтты. Осы саланың белді өкілі ретінде үшінші биліктегі өзгерісті неден бастау керек деп ойлайсыз?
– Өмір тоқтаған кезде ғана реформа тоқтайды. Ал, Қазақстан секілді жас мемлекетте өзгерістің, жаңашылдықтың болуы қалыпты жағдай. Әрі бұл өзгеріс халық пен билікті жақындатуға, мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге, елдегі әділдік пен төреліктің туралығына бағытталған болса, оған бәріміз үлес қосуға, бастамалардың аяқсыз қалмауына мүдделік танытуға міндеттіміз. Белгілі саясаткер Махатма Ганди «Болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір жаса» деген ғой. Сол айтпақшы, қателіктен қорқып, таптаурын сүрлеуге түскеннен, халықтың тілегін ескере отырып жұмысқа жаңа леп, жаңа серпін әкелген әлдеқайда пайдалы. Жалпы, жаңашылдықтан қорқудың керегі жоқ. Өйткені, алға тартқан озады, кейін кеткен тозады. Ең бастысы, жұмысты жүйелеуге бағытталған жоспардың сауатты, сындарлы құрылуына мән берген дұрыс. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың көпшілікке үндеу тастап, сот саласына қатысты судьялардан ғана емес, қоғамнан пікір, ұсыныс күтуінде осындай терең астар жатыр. Рас, бар қызметіміз халықтың көз алдында атқарылған соң сот құрылымдарына айтылатын сын азайған емес. Судьялардың әдебіне, біліміне қатысты азаматтардың білдірген жылы лебізі көбінесе осындай сынның тасасында елеусіз қалады. Өйткені, қоғамның өзі жағымды дүниеден гөрі, кемшілікті көрсетуге, қателікті жария етуге құштар. Ал, елдің мүддесіне қызмет ететіндер сол сыннан сабақ алып, кемшілікті түзеуі, саланы жандандыруы маңызды. Реформаның да мақсаты осы. Мао Цзэдун «Өзгерістер желін сезген адам, желден қорғаныс емес, диірмен салуы керек» деген екен. Біз де өзгерісті үшінші биліктің өрісін кеңейтуге бағыттай білгеніміз дұрыс. Мысалы осы күнге дейін сот сатылары оңтайландырылып, бес сатылы соттан үш сатылы сотқа көштік. Бір істің соңынан жүремін деп күнін емес, жылын жоғалтатын азаматтар үшін бұл жаңалықтың пайдасы ұшан-теңіз. Соттар электрондық қызметтің мүмкіндігін пайдаланып, көп жұмыстарын жедел атқаруға, адами қатынасқа тосқауыл қоюға қол жеткізді. Медиацияны дамытуға қатысты атқарылып жатқан шаралар да ауыз толтырып айтарлық. Сонымен бірге, осы істердің басында тұрған судьяларға ғана емес, судьялықтан кандидаттарға қойылатын талап та күшейтіліп келеді.
– Судьялыққа үміткерлерге қойылатын талап жылдан жылға күшейтіліп жатыр. Сынақтарды да жеңіл дей алмаймыз. Соған қарамастан судьяларға қатысты айтылатын сын азаймай отыр. Одан бөлек судьялардың парамен ұсталуы да қалыпты көрініске айналғандай. Мұны немен түсіндіруге болады? Соншама тексеруден өтіп, көп үміткердің ішінен іріктелген үздіктердің мәртебелі лауазымның қадірін білмеуіне не себеп?
– Судья деген әділдіктің жаршысы. Қазының қызметі қаншалықты биік, мәртебелі болса, жауаптылығы да содан бір мысқал кем емес. Судья болдың ба, сен мемлекеттегі тазалықтың, әділдіктің кепілі екеніңді терең сезінуге тиіссің. Судья болам деген адам осының бәрін екшеп, қызметтің қиындығына тәуекел етіп келуі керек. Үміткерлерді іріктеудің жыл сайын күшейтілуі де сондықтан. Қазір үміткерлердің заңгерлік білімінің барына ғана мән бермей, мінез-құлқына, ойын толық жеткізе алатынына, тараптармен тілдесу шеберлігіне, сауатына, парасат-пайымына қарап соңғы шешім қабылданады. Бұл сыннан екінің бірі өте алмасы тағы белгілі. Бірақ, сондай көп сынақтан өтіп, тәжірибеде өзін жақсы жағынан көрсеткен судьялардың арасында да «сүрініп» жатқандар бар. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, парақорлық алды-артына қаратпай, абыройды ұмыттырып жіберетінін содан-ақ біле беріңіз. Әйтпесе, судьялар мемлекеттегі ең жоғары жалақы алатын, тәуелсіздігіне кепілдік берілген лауазым иесі. Соны біліп, түсіне тұрып судьялар неге ардан аттайды? Соншама жылғы арманын неге тәрк етеді? Шындығына келгенде мұның артында тәрбиедегі олқылық жатыр. Бәріміз ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырмыз. Сол балалар білім алам, жұмыс істеймін десе бетінен қақпайтынымыз тағы анық. Алайда, оқыдым деп жүрген студент қызы үйге үлде мен бүлдеге оранып келсе, жаңадан жұмысқа тұрдым деген ұлы жыл өтпей жатып қымбат көлік мініп жатса ата-ананың көңіліне сезік кіруі керек қой. «Бұл не деген батпан құйрық?» деген сауал қойылуы тиіс емес пе? Бірақ, табыстың түбі шикі екенін жүректері сезсе де ата-аналар мұны қалыпты жағдайдай көреді. Ас та төк дүниенің артын қазбалап жатқан ешкім жоқ. Оның соңы неге апаратынын олар білмейді дейсіз бе? Тіпті, сол үшін ертең ұсталып, сотталып кетуі мүмкін екенін де түсінеді. Бірақ, баласын жаман әдеттен тыймайды. «Қолда барда қонышынан бассын» деп ойлайды. Ең жақын, ең жанашыр деген ата-анасынан тыйым көрмеген баланың осыдан кейін пара алуды қылмыс емес деп ұғынуы заңды шығар.Ал, бұрын қалай еді? Біздің кезімізде отбасы – ұлттық құндылықты үйретудің, адалдықты бойға сіңірудің, тағылымды тәрбиенің ошағы болатын. Әкенің қабағынан сескеніп, ананың мейіріміне шомылып ержеткен балалар кісі ақысын жеуге болмайтынын саналарына сіңіріп өсетін. «Ала жіпті аттама!» деген сөз біздің жадымызда жатталып қалған. Бала болып біреудің жылтыраған затын
қызығып алғанның өзінде оның сұраусыз қалмайтынын ұғынатын едік. Үйінде осындай тәлім-тәрбие алған бала ешқашан жеңіл табысқа үйір болмайды. Біз қазір үміткерлерге қойылатын талапты күшейту арқылы сот корпусын қолы таза, жүрегінде иманы бар, лас тірліктен өзін алыс ұстайтын, білікті мамандармен толықтыруды мақсат етіп отырмыз. Дегенмен, жасынан ата-ананың тәрбиесін бойына сіңірмеген адамның жеңіл табысқа елітуі оңай. Лайықты тәрбие алмаған адамның жемқорлыққа қарсы иммунитеті төмен. Өйткені, отбасылық тәрбиенің орнын ешқандай білім де, сынақ та, жаза да толтыра алмайды. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дегенді бекер айтпаған болар.
– Тәрбие демекші, қазіргі сот жүктемесінің көбеюіне де тәрбиенің әлсіреуі өз әсерін тигізіп жатқан секілді. Айталық бұрын әке мен баланың, аға мен інінің араздасқанын көрмейтін едік. Бүгінде туыс-туған екеніне қарамай екінің бірі соттасып жүр. Осындай кезде тараптарды татулыққа, бітімге шақырудан нәтиже бола ма?
– «Әркім өз бойына қарап тон пішеді» дейді қазақ мұндайда. Сол айтпақшы, медиацияны дауды шешудің балама әдісі ретінде енгізуде үлкен мән жатыр. Өйткені, медиация қазаққа жат емес, бітімгершілік біздің қанымызда бар. Тек дала заңынан тамыр алған сол әдемі үрдісті бүгінгі сипатқа сәйкестендіріп, қоғамның қажетіне жарата білсек болғаны. Дана бабаларымыз тағы да «Көлеңкеге қарап көйлек пішпес болар» дейді. Бұл заң да сыртқы болжамға орайластырып емес, қазақтың құқықтық дәстүрін дәріптеу, елдегі даукестікті төмендету мақсатында қолданылып отыр. Қазір азаматтар өз мүддесін тек сот арқылы қорғауға тырысады. Бірақ, ұсақ-түйек даулардың бәріне төрелік жасау мүмкін емес. Жүктемеден көз ашпаған судьялар осыдан кейін үлкен істерге лайықты көңіл бөле алмай жатады. Медиация – сол көп түйткілдің шешімі болар деп күтілген еді. Қазір медиаторлардың, ауыл ақсақалдарының судья-медиаторлардың көмегімен татуласып жатқан тараптар саны көбейді. Сөз түсінетін, бір ауыз сөзге тоқтайтын қазақпыз ғой. Медиацияның уақыт, қаржы жағынан тиімді екенін, дауласудың соңы сыйластыққа сызат түсіретінін түсінген жұртшылық ортақ келісімге келуді құп көруде. Оң нәтиже деген сол болса керек. Бұған қоса, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы 2019 жылдың 3 ақпанында күшіне енді. Осы заңға орай сот орындаушыларының қаулыларын санкциялау сот құзырынан алынды. Енді қараңыз, осы жылдың 5 айы ішінде сот орындаушыларының қаулыларын санкциялау туралы 281 991 материал келіп түскен. Ал, заң күшіне енген кезден бастап соттарда санкциялау бойынша жүктеме төмендеді. Мәселен, 24 сәуір мен 30 мамырға дейінгі аралықта сот орындаушылардан тек 8 617 материал түскен. Былтыр дәл осы мерзімде 40 659 материалды қараған едік. Айырмашылық жер мен көктей. Міне, осындай жағымды бетбұрыстардың нәтижесінде соттағы кемшіліктер біртіндеп шешімін тауып келеді.
– Ақтау үкімдері көбейді. Бұл ненің белгісі?
– Мен судьялыққа дейін 7 жыл тергеуші болдым. Сондықтан, тергеуші жұмысының қыр-сыры маған жақсы таныс. Қазір тергеушілердің сотқа әкелген ісіне қарап таңғалам. Көпшілігі шикі. Айыптау қорытындыларын адам түсінбейді. Кейбірі тіпті өз ойын толық жеткізбек түгілі, сауатты жаза алмайды. Мысалы куәгерді сөйлетті дейік. Өз жұмысын білетін тергеуші іске қатысты куәгердің негізгі ойын қалқып алмай ма? Ал бізде «Қобыланды келеді сайменен» дегендей, куәгердің үйінен шыққаннан бастап, оқиғаға дейінгі қимыл-әрекеті түгел баяндалады. Басты мәселеге келгенше шаршап қаласың. Көбік сөз. Ішінде іліп алар бір дәлел жоқ. Ал, құр сөзді дәлел етіп қолдана алмайсың. Мұндай шала, сауатсыз сараланған істер бұрын сотқа жетпейтін. Істердің кері қайтуынан тергеушілер де қатты қорқатын. Өйткені, бір ісі қайтарылған тергеушіге сөгіс берілетін. Екінші рет мұндай жағдай қайталанса кезекті шеніңді дер кезінде ала алмайтынсың, не жұмыстан қуылатынсың. Ең сорақысы, тергеушілердің осындай біліксіз жазылған айыптау қорытындыларын судьялар өз үкімінде айнытпай қайта жазып жатады. Ақтау үкімдерінің көбеюіне негізгі себеп осы. Және ақтау үкімдерінің шығарылғанынан астар іздеудің керегі жоқ.
Дегенмен, Жоғарғы Соттағы ақтау үкімдерінің көбеюі төменгі сатылардағы судьялардың қателігін көрсетпей ме? Жалпы, үкімі бұзылған, өзгертілген судьяларға қандай да бір жауаптылық бола ма?
– Судьяның қателесуге ешқандай қақысы жоқ. Қазының үстірт жұмысы бірнеше тағдырдың бүлінуіне әкелуі мүмкін. Ал, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам деп бағаланатын біздің еліміз үшін бұл үлкен кемшілік. Сондықтан, әрбір судья істі жүрегінен өткізіп, заң мен арды басшылыққа ала отырып шешім қабылдауға күш салғаны жөн. Бұрын біреуге ақтау үкімін шығару деген ерлікпен пара-пар еді. Бұл енді түптеп келгенде жоғары сатыға дейінгі жұмысты жарамсыз ету деген сөз ғой. Сондықтан, ақтау үкімі мыңның бірінде ғана кездесетін. Оның өзінде, істегі әрбір деталь лупамен қаралғандай жіті тексерілетін. Ал, қазір өзінің дұрыстығына сенген судьялар ақтау үкімін батыл шығарады. Әрине, судья шешімінің, үкімінің ішінара өзгеруі, бұзылуы орын алмай тұрмайды. Егер жаңа мән-жайлар ашылып, заңнамаға енгізілген жаңашылдықтардың ықпалынан шешім өзгерсе әңгіме басқа. Судьяның сауатсыздығынан істі дұрыс таразыламауынан, заңды дұрыс қолданбауынан қате кетсе, мұндай судья жауаптылыққа тартылуы керек. Тартылып та жатыр. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» заңының 2-тарауында судьялардың тәртіптік жауапкершілігі көрсетілген. 39-бапқа сүйенсек, «сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн» ғана судьялар тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы керек. Үкімнің бұзылуынан артық өрескел заңсыздық бола ма? Енді осы өрескел заңсыздыққа барған судьяның тәртібін жаңа өзгеріс бойынша төралқада қараймыз. Оған әріптестері жасырын дауыс береді. Бірге қызмет етіп, бірге ас ішіп жүрген әріптестер жанындағы судьяны жұмы стан кетсін деп дауыс бермейтіні белгілі ғой. Олар қолдамаған соң іс орта жолда қалады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер сараланған кеңесте «қол астындағы қызметкердің жемқорлыққа қатысы болса, бірінші басшының тікелей жауап беретінін» айтты. Төраға ретінде қарауыңыздағы қызметкерлердің заңсыздығы үшін қызметтен кетуге дайынсыз ба?
– Сыбайлас жемқорлықтың кеселі тимейтін, зардабын тартпайтын сала жоқ. Жемқорлықтың дендеуі мемлекеттің болашағына балта шабады. Өзекке түскен құрт сау ағаштың өзін құлатпай тынбайды емес пе? Үңгіп, үңгіп діттегеніне жетеді ғой. Жемқорлық та сондай. Көзге көрінбегенмен, сыбайластыққа тосқауыл қоймаса мемлекеттің дамуына тежеу болады. Міне, сондықтан да жаңа Президентіміз арнайы кеңес өткізіп, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудің жеті бағыттан тұратын жоспарын белгілеп берді. Соған сай бүгінде әр мемлекеттік құрылым сыбайластыққа бағытталған іс-қимылдарын үйлестіруде.
Ал, сот саласы мұндай жағдайда  қандай әрекетке барғаны жөн? Үшінші биліктегі парақорлыққа қалай шектеу қоямыз?

– Әрине, бұған дейін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қолға алынды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, арнайы бағдарламалар, тұңғыш Президент Жолдауларында айтылған тапсырмалар бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Сырқаттың салдарымен емес, себебімен күрескен тиімді болғандықтан, жемқорлыққа жол ашатын тетіктердің барлығы назарға алынды. Сот жұмысы барынша ашық жүргізіліп, сот мамандары мен судьялардың тараптармен бетпе-бет жұмыс істеуіне тосқауыл қойылды. Сот ғимараттары толықтай дыбыс-бейнежазу құрылғыларымен қамтамасыз етіліп, бақылау күшейді. Ендігі жерде осы қолға алынған істерді әрі қарай күшейтіп, бірінші басшыларға жауаптылықтың берілгені дұрыс. Дегенмен, судьялардың заңсыздығы үшін төрағаның жауап беруі қаншалықты орынды? Бұл сөзді мен өзімнің лауазымымнан айырылып қалам ба деп қорыққаннан, қауіп қылғаннан айтып отырған жоқпын. Егер мен судьяны өзім тексеруден өткізіп, қабілеті мен тәлім-тәрбиесіне, білімі мен білігіне көз жеткізіп жұмысқа алсам әңгіме басқа. Немесе, төрағаның дұрыс кеңес бермеуінен, оң бағыт көрсетпеуінен судья қателікке ұрынса да жауаптылық артылғаны жөн. Ал, 2015 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстанның Жоғары Сот Кеңесі туралы заңы қабылданып, қазірге дейін жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Бұл органды құрудағы негізгі мақсаттың бірі жергілікті судьяларды жауапкершілікке тарту мәселесін облыстық сот төрағаларының қарауына бермеумен байланысты болатын. Осылайша жергілікті судьяларды ведомоствоішілік қысымнан қорғауға, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қадам жасалды. Нәтижесінде барлық сатыдағы сот судьяларының, төрағаларының бос ауазымына кандидаттарды іріктеу, оларды тағайындау үшін Президентке ұсыным жасау Жоғары Сот Кеңесінің құзырына берілді. Осы жаңашылдықтың арқасында біз қарауымызға жұмыс істеуге келетін төраға, судьяларды тек Президент Жарлығымен тағайындалғанда ғана білеміз. Осы жерде «судьялыққа үміткерлер облыстық соттардың жалпы отырысының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана қаралады емес пе деген сұрақтың қойылатыны заңды. Солай екені рас. Бірақ, бұл жерде үміткерге бүкіл ұжым қолдап дауыс беріп отыр. Ендеше, судья заңсыздыққа жол берсе, оған жалпы отырысқа қатысып қолдау білдірген судьяның бәрі жауап бергені жөн бе, жоқ төраға жауап беруі тиіс пе? Егер жергілікті соттың басшысы – төраға өзінің қол астындағы сот төрелігін атқаратын төрағаны, судьяны таңдап алуға, тағайындауға еш қатысы болмаса, керек десеңіз, оны жауапкершілікке тартуға өкілеттігі жоқ болса, не үшін кадр мәселесіне жауап беруі тиіс? Осыдан шығатын қорытынды, егер судья сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттер жасаса, сол судья қызмет атқаратын сот төрағасының жауапкершілікке тартылуы, отставкаға кетуі қаншалықты әділ?
–Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет.
Айнұр СЕМБАЕВА,
«Заң газеті»

Комментарий