Жаңалықтар | Новости

Коронавирусқа қарсы тағы бір отандық вакцинаның клиникалық сынағы басталды

2021 жылдың 15 маусымында COVID-19-ға қарсы QazCoVac-P отандық суббірлік вакцинасының клиникалық зерттеулері басталды. Вакцина 18-50 жас аралығындағы еріктілерге салынады. Бұл туралы мәлімет Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты сайтында жарияланды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Клиникалық зерттеулер Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында өтеді.

“Денсаулық сақтау министрлігі Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына COVID-19 алдын алу үшін жаңа вакциналық препараттың I және II фазаларына клиникалық зерттеу жүргізу үшін вакцинаны клиникалық зерттеуден өткізуге рұқсат берді. Бұл – SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде жасалған QazCoVac-P суббірлік вакцинасы.

Бұл БҚПҒЗИ-дың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен екінші вакцинасы”, – делінген хабарламада.

Молекулалық биологияның заманауи технологияларын қолдану арқылы әзірлеушілер иммундық жүйе танитын SARS-CoV-2 коронавирусының RBD- және N-ақуыздарын шығаратын бактериялардың штамдарын ала алу мүмкіндігі пайда болғаны айтылады.

“Вакцинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңі жүргізілді және сапа бақылауынан өтті. Олардың құрамында вирус жоқ. Вакцина егілген зертханалық жануарлардың денесінде екінші дозаны бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін 14-ші күні иммунитетті ынталандырады. Субуниттік вакциналар белсенді емес вакциналар сияқты патогеннің тірі компоненттерінен тұрады және өте қауіпсіз”, – дейді институт өкілдері.

ҒЗИ мәліметі бойынша, вакцинаның құрамындағы адъювант вакциналанушының денесіне теріс әсер етпей, иммундық реакцияны тиімді ынталандырады.

“Бұл вакцинаның құрамына тек қажетті антигендер кіреді және вирустың барлық басқа компоненті кірмейді, сондықтан субуниттік вакцинадан кейінгі жанама әсерлер аз болады. Вакцинаның бұл түрінің мысалдары тұмауға қарсы вакциналар, В гепатиті, пневмококк, менингококк, гемофильді инфекциялар және басқалар.

Сәтті клиникалық зерттеулер субуниттік вакцина арқылы вакциналанғандардың контингентін кеңейтуге және ел тұрғындарында коронавирусқа ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын тездетуге мүмкіндік береді”, – делінген институт хабарламасында.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы алғашқы қазақстандық препаратпен жаппай вакциналау 26 сәуірде басталған еді.

Комментарий