Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ҚАРЖЫ ТАҒЫ ИГЕРІЛМЕДІ, НЕГЕ?

Еліміздегі бюджет тапшылығы Ұлттық қордан және сырттан алынатын қарызбен жабылып жатыр. Бұл орайда нақты экономикадан түсетін табыстың үлесі аз болып тұр. Экономиканы әртараптандырады деп жарнамасын жер жарғызып, миллиардтаған қаржы жұмсалған бағдарламалар қайда? Бес-алты жыл бұрын шенділер инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының жемісі жайлы таңдайы тақылдап айтқанда, кереметіне сенбеске амал қалмаушы еді. Сол кездегі жоспар бойынша бүгінде еліміздің әр аймағында ашылған өндірістерден түсетін салық бюджеттің бүйірін бұлтитып қою керек болатын. Екі қолға бір күрек тауып, табысы артқан халықтың да ішкені алдында, ішпегені артында болып, мамыражай күн кешу керек еді. Алайда, олардың бірі жоқ, біз әлі сыртқа алақан жайып, ұрпаққа қажет деп жинап жатқан Ұлттық қорға қол салуымызды қоймай келе жатырмыз.

Қарыз шектен асты

Қарызды алуымыз тіпті шектен шығып кеткен. Өткен аптада Парламент Мәжілісінде өткен 2020 жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есебінде республикалық Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова біраз қызықты мәліметті алға тартты. Былтырғы жылы 20,6 трлн теңгеге жеткен борыштың ЖІӨ-ге арақатынасы 29,4 пайыз болыпты. Бұл жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шектеуден 2,4 пайызға асып кеткен. Қайта өңдеу саласын жандандырып, салықтық әкімшілендіруді жетілдірумен айналысуға тиіс біздің құзырлы орын, жергілікті әкімдіктердің қай-қайсысы болмасын қарыз алуға құмар болып алған. Соның нақты айғағы, ағымдағы жылдың басында 1,1 трлн теңгені құраған жергілікті атқарушы органдар борышы бірден 5 есеге өсіп кеткен. «Әзірге бұл 1,6 трлн теңгеге бекітілген лимит аясында. Бірақ болашақта қауіп тудырады» дейді Годунова ханым.
Расында осы бетінен танбаса, қарыз алғыштардың шекті мөлшерден асатын уақыттары да алыс емес сияқты. Сонымен қатар мұндай қарыздардың тиімділігі, оның жоспарлы іске сәйкессіздігі ешқайсысын алаңдатпайтын секілді. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы жетекшілері 67 млн АҚШ доллары көлеміндегі қарызды мектеп ісін жетілдіру үшін алған екен. Алайда, осынша қаржының нақты неге жұмсалатыны жан-жақты сараланбаған. Шын мәнінде аталған шараға 50 млн доллар емес, бар болғаны 17 млн доллар жеткілікті болып шықты. Қазіргі министр Асхат Аймағанбетов болмағанда мұны білмей, аталмыш қыруар қаржының орнын сипап қалғандай екенбіз.

Ұлттық қор қайда жұмсалып жатыр?

Өкінішке орай мұндай қадам өзгелер тарапынан байқалып отырған жоқ. Керісінше көбі борышқа келген қаржыны «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп оңды-солды шашып жатқан сияқты. Әйтпесе, сонша алынып жатқан қарыздың тиімділігі халықтың өмір сүру сапасынан көрінер еді ғой. Өзекті өртейтіні, осы қарызды жабуға Ұлттық қорға түсуі тиіс қаржы кетіп жатыр. Годунова ханымның айтуынша, квазимемлекеттік секторлар Үкіметтің рұқсат бергенін пайдаланып, сыртқы және ішкі қарыздарды болашақтың несібесіне аударылуға тиіс қаржымен өтеуде. Осы мақсатпен былтыр оған түсетін түсімнің 96 пайызы жұмсалыпты. Мұның сыртында бюджет қаражатының 45 пайызы Ұлттық қор трансфертінен құралған. Бюджет кодексін бұза отырып, Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай компанияларының ақшалай қаражаты республикалық бюджетке есептеліп жатқаны тағы бар.
Тек 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ және Солтүстік Каспий серіктес компаниялары бойынша іске қосылған жобалардан 664 млрд теңге қорға кем түсіпті. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бұл жағдайға одан әрі жол бермеу қажеттігін айта келіп, қарызды орынсыз алып, талан-таражға жол берген лауазымды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін Палатада қаралып жатқан тиісті заңнамаға қарастыру маңызды деп атап өтті. Үкімет жетекшілері келісетін рай танытты.

Қаржының кірген ізі ғана бар…

Қысқасы, қаржының кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Яғни, одан елдің көріп жатқан пайдасы түкке алғысыз. Қай саланы алып қарасаң да бөлінген қыруар қаржының орнын табу қиын.
Аталмыш жиында мұны депутаттар нақты фактілермен ортаға салды. Мәселен, депутат Айбек Паяевтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша белгіленген
көрсеткіштерге қол жетпеді. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік тұрғын үй салу жоспары тек қана 57 пайызға орындалған. Республикалық маңызы бар қалалардың жұмыс істейтін жастарға
арналған тұрғын үй жоспарының 34,4 пайызы ғана салынған. Ал, табысы аз отбасылар үшін қажет баспана жоспары 47 пайызға ғана қамтамасыз етілген. Сол секілді, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылға арналған бағдарламасын іске асыру үшін төрт жыл ішінде 112 млрд теңге бөлінген. Депутат Қайнар Абасовтың айтуынша, бұл қаржының да қайда кеткені белгісіз. Саланың негізін құрайтын мал шаруашылығында бүгінде асыл тұқымды қойлар басы 70 пайызға төмендеген. Сонымен қатар толыққанды жем-шөп базасы да құрылмай, ветеринарлық мамандардың тапшылығы, фермерлердің сапалы білімінің жетіспеушілігі сынды мәселелер агроөнеркәсіптік кешеннің бітпейтін бас ауруы болып тұр. Соған
қарамастан дүниежүзілік банктен 460 млн еуро қаржы тарту көзделген. Шын мәнінде валюталық қарыздар инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдар жасалған жағдайда ғана алыну керек болса, құзырлы орындардың бұл ақшаны қайтып игеретіндігі түсініксіз. Демек, тәуелсіз экономикалық сарапшылар айтып жүргендей алынатын қарыз «серіктестерінің» күйін кешіп, офшорлардағы жеке есепшоттар мен шетелдерге жекежай, яхталарға айналып кетпесе неғылсын. Осылай болжаудан өзге амал жоқ. Өйткені, қаржы мақсатқа сай қолданылса, халық басқаны айтпағанада қымбатшылықтың қамытын кимес еді.

Еуропа қайда, біз қайда?

Өсімдік шаруашылығында үлкен тәжірибесі, табиғи мүмкіндігі бар біздің елде өсімдік майының бір литрі мың теңгеге жетті. Мұны осы жиында депутат Данияр Әлімбаев айтып, құзыреттілердің назарына салған еді. Оның айтуынша, күнбағыс майы 37 пайызға, қант 32,8, жарма 28,7, картоп 16,8, жемістер 14, 9, макарон өнімдері 14, 7, жұмыртқа 10 пайызға қымбаттаған. Бұл тізімді әлі де арттыра беруге болады. Керісінше қымбаттамайтын заттар санына бір қолдың бес саусағы көптік етеді. Біздің Үкімет мүшелері үшін пандемия жағдайында бұл қалыпты жағдай. Жиында олар депутаттар тарапынан айтылған базыналардың бәріне осындай желеу айтып, әлемдік жағдайды мысалға келтірумен болды. Қазақстанды өздері жиі барып тұратын Еуропамен салыстырады. «Қарға қазға еріп аяғын үсітіптінің кері» болып жатқандай елімізде. Еуропа қайда, Қазақстан қайда? Өзінің нарыққа шығаратын өнімі жоққа тән, азық-түлігінің, көйлек-көншегінің, дәрі-дәрмегінің денін шет елдерден алып, күллі қаржысын солардың экономикасын дамытуға салып отырған, күнкөрісі долларға тәуелді елімізді дамыған қауымның тірлігімен салыстыру қандай қисынға келеді?

Ауадан алынған инфляция

Қызығы сол – қымбатшылық өршіп бара жатса да елдегі инфляция деңгейі 2020 жылы 7,5 пайызды құрады және болжамды 8-8,5 пайыз шеңберінде сақталды. Бұл көрсеткіш Әлімбаев мырза айтқандай негізгі нақты жағдайды бейнелеуі тиіс еді. Алайда, базардағы баға мен инфляцияның арасы жер мен көктей деуге болады. Құзырлы орындардың инфляция деңгейін неге сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз.

Жиында орынды қойылған осы сауалға мардымды жауап айтылмады. Олардың сөзінен түйгеніміз, біздегі шаралардың бәрі салдарымен күресу. Яғни, жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде сауда жүйелерінде бағаларды ұстау үшін 33 млрд теңге бөлініпті. Монополияға қарсы шаралар іске асырылып, шектеу бағалары енгізілуде. Тағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін көтерме тарату орталығын салу жоспарланып жатыр екен. Яғни, жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтқандай, қымбатшылыққа жеткізген
жағдайдың өзін жою, яғни, елдегі қайта өңдеу саласын жолға қойып, өнім молшылығын арттыратын нақты секторды дамытып, халықтың табысын арттыруға бағытталған жобалар қолмен қойғандай түзілген айқын жоспар жоқ. «Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл» демекші, біздің шенеуніктердің бұл кейіпіне қарасақ, сырттың беретін борышына телміргеніміз телмірген секілді. Ұлттық қордың да аз уақытта түбі көрініп қалмасына кепіл жоқ. Олай болса, Үкімет болжап отырған 2021–2025 жылдағы инфляция деңгейінің 4-6 пайызы неге
негізделіп отыр? Тағы түсініксіз.

Бар қаржы тиімсіз жұмсалуда

Наталья Николаевна да өз баяндамасында осындай қисынға келмейтін біраз деректі келтірген еді. Әдеттегідей, бізде бюджеттегі аз қаржының өзінің игерілмеу фактісі бар. Былтыр 18
млрд теңге игерілмей қалыпты. Соның ішінде әлеуметтік секторға бөлінген бюджет қаражатының 44 пайызының 33 пайызы яғни, 570 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалыпты. Бұл пандемияның салдарын жеңілдету үшін жіберіп алынған мүмкіндік. Бұған себеп болған қашанғысындай болжамдағы қателік, жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру, орындау кезінде орын алған нашар қаржылық тәртіп. Оның мысалы ретінде бас есепші жұмыспен қамтамасыз етуге және халықтың табыс деңгейін арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы қаражатты пайдалану үрдісін атаған еді. Жұмыссыздықты 4,9 пайыз деңгейінде сақтауға қол жеткізілгеніне қарамастан, бастапқыда шығындардың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын ашуға тиесілі болып, оларда жұмысқа орналастырудың орташа кезеңі 1-3 айды құрады. Қабылданған дағдарысқа қарсы жобалардың тек 14 пайызы ғана ұзақ мерзімді экономикалық активтерді және объектілерді құруға бағытталған. Қалғаны – ағымдағы жөндеу, көгалдандыру және сол сияқтылар. Мұндай шаралардың әсері қысқа мерзімді болатыны белгілі. Өңірлер
жаңа өндірістерді құру, қолданыстағы қуаттарды кеңейтуге бағытталған жобаларды мүлде ұсынбаған. Бюджеттің кіріс бөлігінің мүмкіндіктері шектеулі кезінде жағдайды жақсартудың қозғаушы күші болатын басымдықтар дұрыс белгіленуі керек еді. Өкінішке орай, талай көтеріліп жүрген бұл мәселеге бар саланы тығырыққа тіреген пандемия да әсер ете алмаған сияқты. Аяқталмаған жобалардың үлесі 8 пайызға жетсе де министрліктердің 100 пайыз нәтиже шығарғаны тағы бір түсініксіз жайт.

Бағдарламалардағы дәйексіздік

Бағдарламаларды жиі түзету немесе оларға қойылған міндеттеріне қол жеткізу деңгейін бағаламай күшін жою да сұрақ тудыратын мәселелердің бірі. Мәселен, соңғы он жыл ішінде тұрғын үй құрылысы саласындағы үш бағдарлама мерзімінен бұрын тоқтатылыпты. 2020 жылдан бастап қолданылатын «Нұрлы жер» бағдарламасына қазірдің өзінде 4 рет түзету енгізілген. Иә, өмір бір орында тоқтап тұрмайды. Дегенмен, өзгерістердің жиі орын алуы осы саланың дамуында дәйектілік жоқ екендігін айғақтайды. Жекелеген жағдайларда аса маңызды салаларды дамытудың стратегиялық пайымдары әлі күнге дейін жоқ. Годунова ханымның айтуынша, мысалы бізде жер ресурстарын дамыту стратегиясы ғана емес, тіпті тұжырымдамасы да жасалмаған. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген жекелеген индикаторлар мен көрсеткіштер жер балансын санаттар бойынша бағалап, даму көкжиегін айқындауға мүмкіндік бермейді. Геодезияда осы күнге дейін 1942 жылғы координаттар жүйесі басшылыққа алынуда. Үкімет қаулысы шықпаса да өңірлердің бірқатарында жер учаскелерін иеліктен шығару аудан әкімдіктерінің өз білермендігімен жүргізілуде. Ал бұл сыбайлас жемқорлық үшін алғышарт.

Заңсыздық квазимемлекеттік секторда көп

Квазимемлекеттік сектордағы нысандар ерке балаға айналып отыр. Былтыр «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы», «СамұрықЭнерго», «Қазақтелеком», «Ақтау
халықаралық теңіз сауда порты», «Тау-Кен Самұрық», «Samruk-Kazyna Construction», «Біріккен химиялық компания», «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Қазатомөнеркәсіп» және басқаларында қаржылық бұзушылықтар 41 млрд теңге, активтерді тиімсіз басқару 340 млрд теңгеге жуықтапты. Олардың рөлінің түйінді факторы – ел дамуының стратегиялық жоспарында айқындалған ұлттық экономиканы жаңғырту болса, оның әлі ауылы алыс болып тұр. Солай бола тұра, бұл ұйымдар бюджеттен жыл сайын 817 млрд теңгені еншілейді екен.
Былтыр шамамен оның 20 млрд теңгесі игерілмепті. Бұрын жинақталған қалдықтарды қосқанда орны табылмаған қаржының көлемі 56 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл 2018 жылғы деңгейден 3 есеге көп. Мұндай қаржыға мемлекет қосымша 1200 орынға арналған 18 мектеп салар еді. Бас есепші сонымен қатар трансферттердің де тиімсіз жұмсалғанына
назар аудартқан болатын. Годунова ханымының айтуынша, трансферттер мен бөлінген қаржыны кері қайтарып алудың негізгі мақсаты – бюджетті теңестіру дұрыс айқындалмаған. Субвенциялар мен алып қоюларды айқындау кезінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның бүгінгі жай-күйі ескерілмейді. Мысалы, кейбір жерлерде асар әдісімен салынған немесе тіпті апаттық жағдайдағы мектептер бар, ал бір жерлерде жағдай өте жақсы. Мысалы, Атырау облысы үшін алып қоюлар бюджет шығыстары бір тұрғынға есептегенде Қарағанды облысының шығыстарынан 2,5 есе асып түсетіндей болып белгіленеді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Тоқетерін айтқанда, бюджеттің атқарылуындағы көптеген кемшіліктер жүйелі сипатқа ие. Ол туралы депутаттар да аз айтпайды. Есеп комитетінің беретін ұсынымдары, тіпті тапсырмалары жеткілікті. Алайда, баяғы жартас, бір жартас. Сондықтан бұл ұйымның Мемлекет басшысына жасаған әр жылдың соңында бюджет қаражатын тиімді жоспарлап, игеру нәтижесі қаралатын кеңес өткізу туралы ұсынысынан пайда болар ма екен? Егер айтудан, ескертуден мәселе шешілетін болса, Қазақстан ендігі бәсекеге қабілетті отыз елдің басында жүрер еді. Бұл жерде үкіметті талантты, білікті, іскер, елге жанашыр, озық ойлы кадрлармен жасақтаудан өзге жол жоқ деп есептейді қоғам. Расында ел арасында «қосылғыштар» аталып кеткен қазіргі шенеуніктердің орнын алмастыра
беруден пайда әзірге көрінер емес…

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий