Жаңалықтар | НовостиЭкономика

САУДАДА НАРЫҚТАН ГӨРІ САЯСАТТЫҢ ҮСТЕМДІГІ БАСЫМ

Нарықтық қоғамдағы тауар мен қызметте сапа мен баға басты өлшем болуы тиіс. Алайда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде соңғы жылдары бәрі керісінше боп тұр. Олардың өзге тұрмақ, оз одақтастарының кейбір өніміне түрлі шектеулер енгізіп, белгілі бір уақыттан кейін ғана оны қайта қалпына келтіру бүгінде үйреншікті жайтқа айналды. Тіпті, кей кезде тыйымның негізсіз екені дәлелденсе де, бұл үшін ешкім ешқандай жауапкершілікті мойнына алған емес. Шектеу салдарынан өз өнімін екінші тараппен тиісті келісімшарты бола тұрып сата алмаған өндіруші де, тұтынушы да белгілі бір деңгейде зардап шегіп жүр.

Алайда оның таңдау құқығы бұзылғанын ешкім, ешқашан назарға алмайды. Мәселен, соңғы 1 айдың көлемінде Алматы іргесіндегі «Алтын Орда» базарында Түрікменстаннан әкелінген қызанақтар жақсы саудалана бастаған еді. Бұл бұған дейін 500-800 теңге аралығында сатылып келген қызанақ бағасының 350-500 теңгеге дейін түсуіне өз септігін тигізген. Енді ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті дүйсенбіден бастап Түрікменстаннан қызанақ пен бұрыш өнімдерін әкелуге тыйым салатынын жариялады. Олардың таратқан хабарламасына қарағанда Түрікменстаннан
жеткізілетін қызанақтарға карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде «қоңыр әжім» вирусының 19 дерегі анықталған. «Сәйкессіздік және шұғыл әрекет ету туралы нотификациялау нұсқаулығы» фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттың ережесіне сәйкес Түрікменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің атына карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификация жіберген. Министрлік сайтындағы бұл мәліметке қарағанда өсімдіктер карантині саласында жыл басынан бері Қазақстанда 1300-ден астам заң бұзушылық анықталған. Экспорттаушы елдерге кері қайтарылған 8 мың тоннадан астам өнімнің 6022,2 тоннасы Қытай, 1136,2 тоннасы Ресей, 439,2 тоннасы Өзбекстан, 307,4 тоннасы Қырғызстан, 303,6 тоннасы Әзірбайжан, 243 тоннасы Иран, 212,5 тоннасы Түрікменстаннан. Оның басым бөлігі қызанақ, бұрыш және арпа өнімдері. Онда қызанақ жемістерінің қоңыр әжім вирусы, арамсояу, батыс гүл трипсі, Комсток құрты және тағы басқа карантиндік объектілер анықталған көрінеді. Бұл бір қарағанды қауіпсіздік үшін жасалғандай көрінуі күмәнсіз. Алайда, біздің зерттеуімізше өсімдіктер карантині бойынша ПТР жасайтын зертхана қазіргі таңда тек Алматыда ғана бар. Өзге өңірлер карантиндік өнімнің зертханалық қорытындысын алу үшін оның үлгісін Алматыға жіберіп жүр. Бұл қорытынды шыққанша өнімдер кеденде қаңтарылып тұрады. Ғылым мен техника қарыштап дамып жатқан уақытта Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің өзіне қарасты ұйымдарды қажетті зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете алмай отырғаны көңілге кірбің түсіретін-ақ нәрсе. Мұндай жағдайдан кейін азықтүлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы толық сеніммен айтудың өзі оңай емес. Мысалы, Агроөнеркәсіп кешеніндегі
мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бөлім басшысы міндетін атқарушы Лаура Телеуованың айтуынша, биыл 5 айда олардың фитосанитариялық бақылау бекеттері арқылы Түркиядан 133,8 тонна тәтті бұрыш, Ресейден 2,6
тонна тәтті бұрыш, Түрікменстаннан 18 тонна қызанақ импортталған. Ал Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі сауда орны болғанына қарамастан «Алтын Орда» базары қаланың емес, облыстың аумағында тұрғандықтан, онда саудаланып келген Түрікменстанның қызанағын Алматы қаласының аумақтық инспекциясы бақылай алмайды. Оның карантиндік тексеруден қалай өткенін Қарасай ауданының аумақтық инспекциясы ғана айта алады. Айтпақшы Алматы қаласы арқылы соңғы 5 айда Ресейге 475,1 тонна қызанақ, БАӘ-не 0,9 тонна қызанақ экспортталған. Импортқа қайта айналып келер болсақ, ақпан айында Алматы қаласына Түркиядан 1 автокөлікпен жеткізілген өсімдіктер карантиніне жатқызылған 15025 кг қызанақтан қоңыр қатпарлы қызанақ вирусы табылып, залалданған өнімді кері қайтару туралы нұсқама берілген еді. Алайда. қайту жолында автокөліктің бұзылуына байланысты жүк иесі көлікті кері қайтарып, 4 наурыз күні залалданған өнім комиссияның қатысуымен Қазақстан аумағында жойылған. Жалпы, қоңыр қатпарлы қызанақ вирусы қызанақты, тәтті бұрышты, баклажанды және басқа алқа тұқымдас өсімдіктерді зақымдайды. Ал әлі күнге дейін өзге елдердің мұндай залалды өнімдерінің келген жеріне толық кері қайтарылмай, біздің елімізде жойыуының өзі біздің отандық заңнамада әлі де түйткілді тұстардың жеткілікті екенін аңғартады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий