Жаңалықтар | Новости

ТУЫНДЫНЫ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРАТЫНДАР АЗ

Авторлық құқық саласындағы жетекші сарапшы, заңгер Темірлан Төлегенов шығармашылық адамдарының құқықтық сауатын ашу, жетілдіру бағытында біршама іс атқарып жүр. Өткен аптада ол Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Алматыдағы кеңсесінде дәріс оқыды.

– Кез келген шығармашылық процесс екі кезеңнен – зияткерлік меншік өнімін өндіру және оны пайдалану кезеңдерінен тұрады, – деді ол әңгімесінің басында. – Біздің елде неге нағыз шоубизнес пен мәдениет индустриясы дамымай жатыр? Өйткені, білікті мәдениет және өнер қайраткерлері көп болғанымен, бізде олардың дүниеге әкелген шығармашылық өнімдерін ақшаға айналдыра білетін менеджерлер жүйесі жоқ. Өнер адамдары шығарма тудыра алады, бірақ оны тура мағынасында бағалап, пайдалану және пайда табу жөнінен жасалып жатқан жұмыс аз. Біздегі мәдениет қайраткерлері «Авторлық құқық пен сабақтас құқықтар туралы» заңды мұқият оқып, зерттеп, өз құқықтарын қорғай білуі қажет.
– Мәселен, сіз фильміңізде бір композитордың туындысын пайдаланбақсыз. Ол композитор дүниеден өтіп кеткен. Марқұмның шығармасын емін-еркін пайдалана аласыз ба? Жоқ. Біріншіден, авторлық құқық автор қайтыс болғаннан кейін тағы 70 жыл бойы сақталады, яғни оны рұқсатсыз, ақысыз пайдалансаңыз – автордың ұрпақтары немесе мирасқоры сізден қаламақы талап ете алады. Екіншіден, автор көз жұмғаннан бері тіпті жүз жыл өтіп кетсін дейік, бәрібір оның шығармасын орындаушылар бар емес пе? Мысалы, оркестр. Олардың құқығы (сабақтас құқық) қайда қалады? Міне, осының бәрін ескеру керек,– дейді Т.Төлегенов.
Кино саласындағы құқықтық қатынастардың реттелуі – ең қиын процесс. Өйткені, аудиовизуалдық туындыны жасау мен оны әрі қарай пайдалану барысында авторлық құқық пен сабақтас құқықтың бірнеше субъектісінің қатысуы талап етіледі.Аудиовизуалды туындыны өндіруші деп әдетте сол туындыны жасау туралы бастама көтеріп, мойнына жауапкершілік жүктеген продюсерді атаймыз. Оның өндіруші екенінің дәлелі табылмаған жағдайда аудиовизуалды туындыны өндіруші деп сол туындыда есімі немесе атауы көрсетілген тұлға саналады («Авторлық құқық пен сабақтас құқықтар туралы» заңның 2-бабының 11-тармағы). Бұл орайда фильм өндірудің негізгі мақсатының бірі ретінде сол фильмді пайдаланудың авторлық және сабақтас құқықтарының айрықша құқығын иеленуші тұлға бола алатын «құқық иесі» мәртебесін иеленуді атап өткен жөн. Енді фильмнің авторлық және сабақтас құқықтары кімге тиесілі болуы мүмкін деген сауалға келейік. Жоғарыда аталған заңның 13-бабының 1-тармағына сәйкес:
1) сценарий авторы;
2) осы аудиовизуалды туынды үшін арнайы әзірленген музыкалық туындының (мәтінімен немесе мәтінсіз) авторы (композитор);
3) қоюшы-режиссер;
4) қоюшы-оператор;
5) қоюшы-суретші фильмнің авторлары саналады. Сабақтас құқықтарға осы фильмде ойнаған актерлер ие болады. Бұл жерде басты, екінші дәрежелі және эпизодтық рөлдерді орындаушылар туралы сөз болып отыр. Ал көпшілік көріністерге түсетін адамдар актер саналмайды, өйткені олар фильмнің мазмұнына тікелей қатысты образ бейнелеуге қатыспайды, демек, олармен сабақтас құқыққа ие болу туралы келісімшарт жасалмайды. Яғни, «құқық иесі» мәртебесін иелену үшін фильмнің продюсері туынды авторларының (жоғарыда көрсетілген бестік) және рөлдерді сомдаушылардың келісімін алуы керек. Әдетте түсіру жұмыстары аяқталған соң, таспаланған материалды монтаждау кезеңі басталады, фильмдегі құқықтар мәселесін реттеу де, міне, осы кезде қызады. Ең алдымен, заңгерлер фильмде қолданылған музыкалық туындының иелерінен лицензия/рұқсат алады. Көп жағдайда режиссер өзінің түпкі ойына сәйкес келетін, оны мейлінше аша түсетін музыкалық материалды пайдаланады. Ал ол музыканың да өз құқық иесі бар екені мәлім. Дыбыс режиссері фильмде қолданылатын фондық музыканы да (аспапта орындалатыны болсын, радиостансадан берілетіні болсын) мұқият қадағалауы қажет. Әйтпесе, фильм авторларын «құқық иесінің рұқсатынсыз пайдаланды» деп айыптауы мүмкін. Музыкаға мүліктік құқықты коммерциялық тұрғыдан басқаруды, әдетте, музыкалық баспалар (паблишингтер) және музыкалық лейблдер жүзеге асырады. Егер фильмге шетелдік музыканы пайдаланбақ болсаңыз, сол туындыға ие тиісті компанияны анықтап, оның сайтына кіріп, өтінім парағын толтырсаңыз жеткілікті – олар бұл музыканы фильміңізде пайдалану құны қанша екенін есептеп, жазып жібереді. Ал Қазақстан музыкасына келсек, жағдай сәл қиындау және арзандау. Себебі, отандық музыка саласында ондай коммерциялық компаниялар жоқтың қасы, бар болса да, мұндай қызметтің мәнісін ұғыну деңгейі тым төмен. Арзан болатыны – біздің музыканттармен тікелей келісімге келу қиын емес және ол аса қымбатқа түспейді. Мұндай рұқсатты «авторлар қоғамы» деп аталатын мекемелер бере алмайды, өйткені, олардың коммерциялық қызметпен айналысуына заң бойынша тыйым салынған. Енді визуалды контент жағына келсек, әсіресе, кинокадрға мекемелердің, компаниялардың және т.б. брендтердің жарнамалық маңдайша жазуларының ілініп қалмауын қадағалаған жөн, не ондай атауларға мүлде жоламаған дұрыс, не алдын ала рұқсат алған абзал. Әрине, сауда брендіне ие компанияның өзі «фильм кадрында көрінсе екен»деген өтінішпен ақша төлемек болып, продакт-плейсмент шартына қол қойып жатса, онда сөз басқа…
Бір қазақстандық белгілі композитор өзінің музыкалық туындысын көрмелерде, спорттық іс шараларда, театрландырылған қойылымдарда пайдаланудың айрықша құқығын ірі кинокомпанияға беру туралы келісімшартқа қол қоя салыпты. Енді сол музыканың әр орындалуынан өндірілетін табыс автордың емес, кинокомпанияның қалтасына түсіп жатыр. Бұл аз болғандай, келісімшартта фильмнің прокаттан табатын табысынан композиторға бір тиын да пайыз түспейтіні көрсетілген екен. Яғни, ол келісімшартты дұрыстап оқымаған, қарамаған. Заңдық жағын өзі түсінбейтін болған соң, маманға жүгінуі қажет еді, бірақ ол да ойына келмеген. Енді өзінен басқа ешкімді де айыптай алмайды. Еліміздегі өнер мен мәдениет нарығын дамытуға үлес қосатын саланың бірі ғана емес, бірегейі – осы авторлық құқық саласы. Бұл мәселеге қатысты кілтипанның бәрі жақында жарық көретін «Всё об авторском праве в Казахстане!» атты кітапта толық қамтылмақ.
Жазып алған
Сәкен СЫБАНБАЙ

Комментарий