Жаңалықтар | Новости

Ененің сөзін көтере алмайтын келіндер көп – Нұрсұлтан Нұрбердиев

Әнші Нұрсұлтан Нұрбердиев ата-анасымен өмір бойы бірге тұратынын айтты. Жақында ғана отау құрып, бойдақтық өмірмен қоштасқан әнші үйдің жалғыз ұлы. Сондықтан ата-анасының күтімі өз мойнында, деп жазады stan.kz.

Бұл туралы әнші “Опмай-опмай” бағдарламасында айтты.

Нұрсұлтан Нұрбердиев ақ құсын қолына қондырып, ата-анасына келін әкелді. Жары екеуі тұңғышын күтіп жүр. Нұрсұлтан үйдің жалғыз ұлы болғандықтан өмір бойы ата-анасымен бірге тұратынын айтады.

“Мен үйдің жалғыз ұлымын. Жалғыз ұлы болмасам да, ата-анаммен бірге тұрар едім. Әйелім екеуміз бөлек шықпаймыз. Ата-енемен тұрады. Өмір бойы бағып-қаққан ата-анаңды тастап, бөлек кетіп қалсаң, қалай болады? Ол дұрыс емес. Қазір ажырасу көп. Ененің сөзін көтере алмайтын келіндер көп. Енелер жақсы болсын деп айтады.  Оны келіндер түсінбейді. Солай бөлек шығады не ажырасып тынады. Одан қалса ажырасқандары туралы кітап жазады. Біреудің күйеуден ажырасқаны, жеке өмірі ешкімге қызық емес қой. Ол туралы кітап жазудың керегі жоқ деп ойлаймын”, – деді әнші.

Нұрлан Еспанов та жалғыз ұлының өз қолында тұратынын айтып қалды.

“Менің бір ғана ұлым бар. Сондықтан қазірден айтып жатырмын. Ұлым мен келінім қолымызда тұрады деп. Менің әйелім де ұзақ уақыт енесімен тұрып келді. Сондықтан келін ата-енемен тұру керек. Ол үлкен тәжірибе”, – деді Еспанов.

Мұхтар Ханзада да келін ата-енемен тұру керек дегенді қолдайды. Соңғы кездері салмақты әндерге көшкен ол ажырасып жатқан жастарға көңілі толмайды.

“Әйелді алғанда тегіне қарау керек. Текті қызды алу керек. Әдемілігінен бөлек текті болса, ибалы болса, тәрбиесі болса. Сонда кез келген жерде тастап кетпейді, ажырасып кетпейді, ата-енемен тұра алады. Қазір қанша жас ажырасып жатыр. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Бірақ ата-ананың тікелей әсері бар деп ойлаймын. Тәрбиеге байланысты. Бұл өмірде барлық адам жұп қой. Сондықтан бәрі жартысын тапса деймін. Ата-енесінің шайын дайындап, батасын алып жүрген келін ең бақытты келін. Егер ата-енеңе қызмет етсең, ертен саған ұрпағың қызмет етеді. Сондықтан жар таңдауда қателеспеу керек”, – деді ол.

Ал Айдана Меденова жақында ата-енесінен бөлек шықты. Алайда оның мәнісін ашып айтқан жоқ. Тек алдағы уақытта қыз ұзатанынын айтып, жаңалығын бөлісті.

Комментарий